• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Отбасы 12 Қаңтар, 2024

Отбасының өзекті мәселесі

130 рет
көрсетілді

Ішкі істер органдары құқық бұзушылықтарға, оның ішінде тұрмыстық зор­лық-зомбылыққа төзбеушілік қағидатын қамтамасыз ету жөнін­де шара қабылдап жатыр. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінде «Тұр­мыстық зомбылыққа – нөлдік төзімділік» тақырыбында өткен онлайн брифингте айтылды.

Президент тапсырмасына­ сәйкес тұрмыстық зорлық-зом­бы­лық жасау фактісі үшін жауап­кер­шілік күшейтіліп, қылмыстық және әкімшілік кодекстерге түзетулер енгізілді. Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зұлқайыровтың айтуынша, былтыр 1 шілдеден бас­тап полиция тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеуді өтініш беру сипатынан анықтау сипатына көшірді. Әрбір факті бойынша әкімшілік іс қозғалады. Ал соңғы құқықтық бағалауды сот береді. Бұл ретте құқық бұзушының сотта бір рет қана татуласуға құқығы бар.

Жаңа заңнама аясында былтыр екінші жартыжылдықта ғана тұр­мыс­тық жанжалдар туралы 50 мың өтініш қаралса, 64 па­йыз материал бойынша әкімшілік іс жүргізу қоз­ғал­ды. Әкімшілік қамауға алынған адам­дар­дың саны 2 есеге артқан. Сотта 27 мың­нан астам отбасы татуласыпты. Соны­мен қатар министр­лік зорлық-зом­былыққа ұшыраған отбасылармен профилактикалық жұмысты жан­дандыруға ден қойып отыр. Жәбір­ленушілердің қауіп­сіздігін қам­та­масыз ету мақ­са­­тында былтыр 87 мың қорғау нұсқамасы шығарылып, құ­қық бұзушының мінез-құлқына 15 мың ерекше талап­тар белгіленді. Бү­гін­гі күні оларға полицияның күшей­тіл­ген бақылауы жүзеге асырылады. Ал шектеулерді бұзған 12 мың факті­нің­ жолы кесілген.

«Қоғамда құқық бұзу­шылық­тар­ға төзбеушілік қағидаты қалып­та­сып ке­леді. Осы саладағы құқық бұзу­шы­­лықтар туралы хабарламаларды тір­кеу 14 пайызға, оның ішінде тұр­мыс­тық­ қылмыстардың төмендеу үрдісі ба­й­қалады. Кейбір полицияның реп­ре­­ссивтік шаралары тұрмыстық зор­лық-зомбылық мәселесін шеше ал­май­ды. Осыған байланысты Үкімет тұр­­мыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша, яғни осы саладағы сая­сатты қайта қарау жөніндегі жол кар­та­сын іске асырып жатыр», дейді Р.Зұлқайыров.

Өңірлерде өмірлік қиын жағ­дайға тап болған отбасыларды анықтау бо­йын­ша мобильді топтар құрылған. Учас­­келік инс­пек­торлар 150 мың отба­сын аралап, мемлекеттің көме­гі­не мұқтаж 500-ден астам отбасы анықталған. Әкімшілік полиция­ комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақмарал Серікбаеваның сөзінше, қазір тәулік бойы «111» және «150» жедел желісінің телефондары жұмыс істеп тұр. Әрбір қоңырау соққан жәбірленуші дер кезінде тиісті кеңес немесе қолдау ала алады. Сондай-ақ­ былтыр әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, отбасылық құндылықтарды ілге­рілету жөніндегі шараларды күшейту жөнінде заңна­ма­лық түзетулер әзірленген. Бұл бойын­ша денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіруді және ұрып-соғуды қылмыстық жауапкершілікке тарту жоспарланып отыр. «Ендігі жерде құқық бұзушының мінез-құлқына байланысты талап сотқа жіберіліп, агрессорды тұрғын үйден уақытша шығару мәселесі қаралады. Соны­мен қатар оған әлеуметтік бейім­делу орталықтарында өз іс-әре­кеттерін уақытша қарас­ты­ру­ ұсынылады. Сондай-ақ сот агрессордың денсаулық сақ­тау ұйымдарында міндетті пси­хо­кор­рекциялық курстардан өтуін тағайын­дауға құқығы бар. Дәл осындай ерекше талаптар Қыл­мыс­тық кодекс шеңберінде де бел­гі­ле­не­ді», дейді А.Серікбаева.

Айналада болып жатқан заң бұзу­шы­лықтарға көз жұма қа­ра­­мауға ша­қырған ІІМ өкілі тәр­тіптің басы тәр­биеден бас­тала­тынын түсінген қо­ғам­да қылмысқа төзбеушілік қағидаты қа­таң сақ­талатынын жеткізді. «Ал поли­ция елдегі отбасындағы әрбір адам­ның құқығы аяққа тапталма­­­уын қадағалап, кез келген зорлық-зом­бы­лықтан қорғауға әрқашан ­да­йын», деді спикер.