• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Кәсіпкер 12 Қаңтар, 2024

Жоба – кәсіпкерден, қолдау – әкімнен

122 рет
көрсетілді

Қазір шағын бизнес ашамын дегендерге Үкімет­тің тигізетін шарапаты көп. Әсіресе, әкім гранты – жастарға әжептәуір қолдау. Бұл жолы Нұра ауданы әкімінің грантын 9 жас кәсіпкер жеңіп алды.

Солардың қатарында Ахмет ауылының тұрғыны Нұржан Кәкібаев бар. Ол сүт өнімдерін шығаратын цех ашуды жоспарлап отыр. Кәсіпкер үш жылдан бері мал шаруашылығымен айналысады. Енді кәсібін әрмен қарай жетілдіріп, сүт өнімдерін шығар­мақшы. Негізгі бағыты –  ірімшік.

– Ірімшік жасауды әкемнен үйрендім. Табиғи өнім әрқашан сұранысқа ие. Бұрын біз тек өзімізге әзірлейтінбіз. Содан ой келді. Қолымыздан келіп тұр. Басты тауарды қорадағы малымыз беріп тұр. Міне, аудан әкімінің грантымен ірім­шік және басқа да сүт өнімдерін әзірлеп, сататын боламыз. Грант қаражатына қажетті жаб­­дықтар сатып алуды және үйдің жанына шағын контейнер орнатуды жоспарлап отырмын. Астанаға сатуды да ой­ластырып жатырмыз. Ауы­лы­мыз Елордадан небәрі 60 шақы­рым жерде орналасқан, –дей­ді Нұржан Кәкібаев.

Баршын округіне қарасты Қарақасқа ауылының 25 жастағы тұрғыны Сымбат Сә­лімбекова Нұра ауданы әкі­мінің грантын ұтып алды. Өт­кен жылы «Бастау Биз­нес» бағ­дарламасы аясында кәсіп­керлік негіздері бойынша оқуын тәмамдаған. Жас кәсіп­кер ешкі сүтін өндірмек.

«Менде үшінші топтағы мү­гедектік бар. Ұлымды дү­ниеге әкелген кезде өзім емізе алмадым. Қазір екіге толды. Оның да мүгедектігі бар. Сондық­тан балама мұқият күтім керек. Бір жылға дейін көптеген қоспаларды қолданып көрдік. Баламда аллергия болды. Гипо­аллергенді тағамдар да бізге сәйкес келмеді. Ұлым үшін бас­қа ауылға көштік. Өйткені ол жерде ешкі сүті сатылады. Ба­ла­ма жақты, ұлым тез салмақ жи­нады. Осыдан кейін менің ойыма ешкі өсіріп, сүтін өндіру келді. Бизнес-жоспарымды құрып, міне, грант алдым. Осы қаражатқа сауатын аппарат пен 10 ешкі сатып аламын», дейді Сымбат Сәлімбекова.

Мұнымен қоса, Нұра ауданы әкімінің гранттарын биогумус, түйіршіктелген құрама жем өндіру, шаштараз ашу, жиһазды химиялық тазалау, автокөлік жуу, нан-тоқаш өнімдерін өндіру бойынша цехты кеңейту, дезинфекция, дезинсекция және дератизация қызметтерін көрсету бойынша бизнес-жобалар алды.

Биылғы әкім грантына 10 миллион теңге бөлінді. Мем­лекет қаражаты бірнеше жобаға жол ашпақшы. Өз кезегінде жас кәсіпкерлер әкімдікке алғысын жаудырып, алдағы уақытта нә­тиже шығарып, шағын бизнес­тері арқылы ауданның әлеуетін арттырамыз деген уәде берді.

 

Қарағанды облысы,

Нұра ауданы