Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел газеті – «Egemen Qazaqstan» газетіне жарияланған сұхбатында әділетті Қазақстанды орнатудың маңызы жан-жақты айтылып, елдің сыртқы және ішкі саясаты, іске асырылып жатқан саяси-экономикалық реформалардың барысы байыпталады.
Елдің рухани-мәдени үдерістері, сондай-ақ заң үстемдігін орнату, кадрлық саясатты тиімді жүргізу сынды маңызды іс-қимылдардан хабардар болдық. Халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға Қаңтар дағдарысы, ел тұрғындарының қарызға батуы мен қымбатшылықтың себеп-салдарына да жауап табамыз.
Президенттің сөзінше, елде ұзақ жыл бойы қордаланған әлеуметтік-экономикалық проблеманы шешу үшін саяси-экономикалық бағдарламаларды іске асыруды қолға алғанымен, ықпалды лоббистер ашық қарсылық білдіріп, өздерінің «ерекше мәртебесін» қорғауға кіріскен.
«Жау жағадан алғанда, бөрі –етектен» дегеннің керін келтіріп, кісі өліміне, тонау-арбауға апарған жағдай жадымыздан, сірә, шыға қоймас. Қазақ небір тар жол, тайғақ кешуді бастан өткерді, бірақ бассыздыққа бармаған, тектілігін сақтаған еді.
Ұлт мүддесін, тілін, дінін қорғауда енді ешкім тақымымыздан тайдыра алмайды, өйткені біздің айқын бағытымыз бар. Ендігі жерде халық болып мемлекетке қолдау көрсетуіміз керек, бұл – әрбір азаматқа парыз Отанға деген адалдық деп білемін.
Сұхбатта халық арасында жиі айтылатын қос билік, қосарланған жүйе туралы да тұшымды жауап табуға болады.
Мемлекет басшысының жауабынан аңғарғанымыз, елдің ішкі саяси дағдарысына ескі жүйеде тамырын терең жайған лоббистер әсер еткенін, тіпті өздерінің мүддесін қорғау үшін елдің іргесін шайқатып жіберуге дайын болғанын, сатқындыққа, опасыздыққа барған адамдарға кешірім жоқтығын білдік.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өтпелі кезеңдегі саяси-экономикалық дағдарыстардың себебін талдап, салдарын саралаумен қатар, алдымызға нақты міндеттер қойды. Ауқымды бастамалар қоғамдағы әділеттілік қағидаттарымен жүзеге асса, халықтың әлеуметтік жағдайы да жақсаратынын айтты. Яғни біздің алдымызда тұрған маңызды міндеттің бірі – заңның мүлтіксіз орындалуын, тәртіптің қатаң сақталуын қамтамасыз ету.
Екіншіден, ел азаматтарының тұрмыс сапасын іс жүзінде жақсарту маңызды. Үшіншіден, инвестиция болса, экономика қарқыны үдей түседі және жаңа мүмкіндіктер пайда болады. Төртіншіден, «қазына қаражатына» деген көзқарасымызды өзгертіп, оны тиімді, жөнімен әрі үнемдеп жұмсауға тиіспіз. Бесіншіден, ұлт үшін аса маңызды шешімдер референдум арқылы ғана қабылданады.
Конституциялық реформаларға сай саяси реформалар кезең-кезеңімен іске аса бастады. Мұның көрінісін көппартиялы Парламент жасақталғанынан көруге болады. Сондай-ақ Үкіметтің өкілеттілігі кеңейе түсті. Енді Президент Әкімшілігі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты стратегиялық бағыттарға жауап бермейді, саяси штаб ретінде жұмыс істейді. Яғни түрлі салаға қатысты шешімдерді қабылдау құқығы Үкіметке өтті. Аймақтардың бюджетке қатысты дербестігі арта түсті. Мұның бәрі атқарушы биліктің жауапкершілігін арттырып, сайлаушылар сенім білдірген өкілді орган «бақылаушы қызметін» іске асыратын саяси құрылым ретінде ілгерілеп, қоғамды демократияландыруда шешуші рөл атқарады.
Сұхбаттан идеологиялық сұрақтарға да жауап алдық. Жошы ұлысының 800 жылдығын дәйектеп, мыңжылдықтармен сабақтасқан тарихымызды тереңдетуді нұсқады. Еуразия құрлығында империя деңгейіндегі қағанатты төл тарихымыздың бір бөлшегі ретінде дәріптеп, тарихи сананы дәйектеп мемлекетшілдікті арттыру маңызды деп білеміз. Тіпті Ұлы далада салтанат құрған сақ, ғұн қағанаттарының ұлы мақсатында жастарға ұғындыру күн тәртібінде тұр. Отандық 200-ден астам, шетелдік 60-қа жуық ғалым жұмылдырылып, тыңғылықты жазылып жатқан Қазақстан тарихының көптомдығы – сондай жүйелі жұмыстың бірі. Президенттің түпкі ойы осыған саяды.
Парасаты айқын, ойы кемел, сөзі жүйелі сұхбатты ыждағатпен оқып, алдағы бағыт-бағдарымызды межеледік. Президенттің сұхбаттағы тұжырымдамалары ұлттық идеологиямыздың ұстыны мен ұстанымына айналуға тиіс.
Руслан РҮСТЕМОВ,
Сенат депутаты