Бизнесте, қоғамдық өмірде болсын бір мүдде төңірегінде тоғысып, жақтастарды көздеген мақсатқа жетелеу – маңызды мақсат. Қазір мұны жаһандық тілмен айтқанда «комьюнити» деп те атайды. Ендеше, комьюнитиді қалай дамытуға болады? Халықаралық маркетологтер гильдиясы, «Marcom club Central Asia» сынды бірқатар халықаралық қауымдастықтың резиденті, Лондон Бизнес және қаржы мектебінің «диджитал маркетинг» бағытындағы магистрі, маркетолог-стратег Әсел АЛДАБЕРГЕНОВА 2024 жылға арналған ел нарығындағы сауда мен PR-ға қатысты кәсіби пікірімен бөліседі. Әселдің жас та болса ірі халықаралық компаниялармен, отандық брендтермен жұмыс істеуде айтарлықтай тәжірибесі бар. Ол «DigitalArt» медиаагенттігімен бірге Алматыдағы әйел-кәсіпкерлер қауымдастығының негізін қалап отыр.
– Әсел, бүгінде қауымдастық құру мен басқару экономикалық, тіпті әлеуметтік тұрғыда болсын, маңызды трендке айналып тұр. Бұл туралы не дейсіз?
– Қауымдастықпен жұмыс істеу 2023 жылы бизнестегі бүкіләлемдік трендке айналды және 2024 жылдың да ірі тренді болып қалады. Өткен жылдар ішінде әлемдік компаниялар бұрынғыдан да белсендірек бренд ішіндегі қауымдастықтарын дамытуға назарын аударып, қаржы бөле бастады. Егер бос жұмыс орындары сайты мен мансаптық порталдарды ашсақ, міндеттемелері айқын көрсетілген комьюнити-менеджерлеріне деген сұраныс пайда болғанын көреміз. Неге? Себебі компаниялардың топ-менеджерлері қауымдастық құрудың құндылығын түсінді және бұған саналы түрде қаржы бөледі. Бұл трендтің халықаралық нарықта ғана емес, елімізде де танымалдығы артып келеді. Бұған әлеуметтік желілердің дамуы, цифрландыру да ықпал етіп отыр. Егер бүгінде кез келген саладағы сарапшыға әріптестерінің қолдауы маңызды болса, енді оны қауымдастық береді. Сарапшылар мен фрилансерлер де бәсекеге қабілеттігін көтеріп, кәсіби ортада болу үшін қауымдастықтың бір бөлшегі болуға ұмтылады.
– Демек, бұл қауымдастықпен белсене араласу мамандардың деңгейін көтеруде арнайы білімді қажет етпейді деген сөз бе?
– Солай. Қауымдастықпен қарым-қатынас өзара мамандандырылған тәжірибе, білім, әзірлемелер мен трендттер алмасу негізінде өзіңді жетілдірудің қолжетімді тәсілі. Қауымдастық мүшелігі әріптестермен байланысты жақсартуға, әлеуетті клиенттер, серіктестер табуға, бизнесті дамытуды жеделдетіп, тіпті құлшыныс береді. Қауымдастық резиденттері тәжірибелі әріптестерінің немесе сарапшылардың кеңесіне жүгіне отырып, бір-біріне мәселені жылдам әрі тиімдірек шешуге көмектесе алады.
– Бұл сала саған неліктен кәсіби тұрғыда қызықты болды?
– Қазір қауымдастық-менеджментіне сарапшы ретінде қараймын. Бұл жерде көпжылдық тәжірибенің әсері бар. 15 жылдан астам ірі компанияларда жұмыс істеп, PR-мен айналысып жүргенде, маркетинг-стратегия мен брендтің байланыс арналары арқылы өзіңді сол компанияның бөлшегі ретінде сезінетінімді түсіндім. Тауарлар мен қызметтерді сатып алып қана қоймай, брендке адалдық танытып, мұның тиімділігін күшейте беруге болады. Белгілі бір шарттарды орындаған жағдайда қабылдайтын жабық қауымдастық болса, олар резиденттерге бонустар мен жеңілдіктер береді. Егер әлеуметтік дәлел керек болса, жұрт қауымдастық мүшелерінің өнім немесе қызметке қатысты оң пікірлеріне құлақ түреді, ал бұл тауардың сапасын білдіреді. Бұл нарықты жаулауға шыққан өнімдер үшін аса өзекті. Қауымдастық арқылы брендке амбассадорлар мен инфлюенсерлер табу да оңайырақ. Оған қоса қауымдастық әлеуметтік желілер мен бренд сайтын қызықты тұтынушылық контентпен қамтамасыз етсе, бұл аудиторияны, сатылымды көбейте алады. Сіз оларға табыс табуға мүмкіндік бересіз, ал олар сізге компанияны насихаттауға көмектеседі. Осы аралықта қауымдастыққа басқа қырынан да қарап үлгердім.
Әріптестерімізбен Филипп Котлер, Жак Ламбен сынды басқа да бүкіл әлемге танымал маркетолог, маркетинг-профессорларымен бірге тең дәрежеде қауымдастық мүшесіміз. Қауымдастық мүшелеріне арналған жабық telegram-чаттарда әрқашан сауалдар қойып, пайдалы кеңес пен қолдауға жүгініп, нарық трендтерін талқылап, кейстер мен талдаулар алмасамыз. Әрбір резидент кәсіби тұрғыда өсуді жеделдету мақсатында біліктілігін көтере алады. Оған қоса халықаралық нарықтағы өзгерістерден де хабардар болып отырасың. Индустрияны толайым дамытып жатқан да осы ынтымақтастық.
«Маркетологтер гильдиясы» сияқты қауымдастықтың халықаралық конкурстарға қатысу, қазылар алқасына қосылу сынды көптеген пайдасы бар. Басқа да алаңдарда көрініп, кәсіби ортада мәртебең артып, іс-шараларыңды ұйымдастыра аласың. Мысалы, мен үшін «MarCom» мүшелігі – көрнекті көрсеткіш. Үлкен нарықтарды біріктіріп отырған алаңда маркетинг жөніндегі директор басқа әлеуметтік медианы оңтайландыру қызметшісімен бір клубта екендігін анықтаса, жобаға байланысты кездесуде мүдделестік танытады. Жанама және ортақ байланыстар, чек-пойнттар бірден байқалып, жұмыс өнімді жүреді. Қарым-қатынаста да бейресмилік көбейеді. Кәсіби тұрғыда да қауымдастарға мүшелік беделіңді көтереді. Қауымдастық мойындаған тәжірибең мансап жолында да пісіп-жетілгеніңді көрсетеді. Әріптестерің сенімен ынтымақтасып, біріккен жобаларды бастай алатынына көздері жетеді. Себебі ірі кәсіби қоғамдастықта мүше болу үшін өз салаң бойынша нақты жетістіктерің мен кәсіби машығың болуы қажет.
– Мүдделестік тұрғысындағы қауымдастық құрудағы тәжірибеңнің біздің оқырмандарға қандай пайдасы тиюі мүмкін?
– Осы саланың ұңғыл-шұңғылын шарлап, қауымдастық беретін барлық артықшылықты түсіне келе, өз айналамдағы бір жайтты, оның ішінде әйел кәсіпкерлерге байланысты жағдайды ұғындым. Бүгінде еліміздегі шағын және орта бизнестің жартысын әйелдер басқарып отыр, олардың ішкі жалпы өнімдегі үлесі 40 пайыздан кем емес. Түрлі саладағы іскер әйелдермен күнделікті ынтымақтасып, жобаларының ауқымын кеңейтіп, бірқатар міндеттеме мен мәселені шешу барысында оларға қолдау жетіспейтінін байқадым. Осыған орай жақтастарыммен бірге «We-empower» бизнес-қауымдастығын дамытуға бел байладық. Қазір бұл жеке бизнесін дамытып, нетворкингпен айналысып жүрген немесе нарықта өз саласында сарапшы ретінде дамуға ұмтылатын іскер әйелдер үшін өзекті. Бүгінде әйелдер қауымдастығы Instagram аккаунттары айналасында ілгерілеп отыр. Қазірдің өзінде «ауызша радио» арқылы жылдамырақ дами бастады, қала шеңберінен шығып, тіпті шекара асып, көрші елдерден серіктестер тауып отырмыз. Бұл қауымдастық өздері және өнімдері туралы ақпаратпен бөлісуге мүмкіндік беретін платформаға айналып келеді. Бизнесті дамыту жолында біріккен жобаларды қолға алып, қажет болған жағдайда кеңес беріп, қолдау танытамыз. Бұл – әрбір кәсіпкер әйел өзі қауіпсіз сезінетін, ең нәзік және жеке мәселелерді де ортаға сала алатын орын. Өйткені біз бір-бірімізді өте жақсы түсінеміз. Күшіміз – бірлікте. Біз бір-бірімізді ғана емес, нарықты да өзгертіп жатырмыз. Мысалы, жалғыз адамның әлі келмейтін жерде жаңа тренд немесе сату құралын енгізуде әріптестеріңізбен, жақтастарыңызбен бірге болу күш береді. Тіпті шабыттандырады.
– Қазіргі таңда қауымдастықтар тек бизнесті дамытуда ғана маңызды ма?
– Жоқ, оны дамытудың әлеуметтік мәні бар, психологиялық тұрғыда да өзекті. Қауымдастықты құру мен оған мүше болудың өзге де себептері бар. Қауымдастық мүшелері ортақ құндылықтары, белгілі бір ұқсас өмір салты мен ұмтылыстары болған жағдайда қауымдастық тиімді әрі тез дамиды. Бұл жерде әңгіме рухани туыстық пен құндылықтар туралы. Пайда мен табыс – келіп-кететін дүние. Қауымдастықтың басты бонусы – өзіңді түсінетін ортаның болуы, жағымды көңіл-күй мен сенім сыйлауы. Өзіңізді қолдайтын жерде даму да, дағдарыспен күресу де оңайырақ. Қазір отбасындағы зорлық-зомбылық көрген әйелдер қауымдастығы, психологиялық мәселелері бар адамдар, бизнес-акселаторлар мен коворкинг төңірегінде құрылған қауымдастықтар мен тіпті релоканттардың жабық каналдары бар. Бұл – қауымдастықтардың өзіндік өлшемдері, ортақ мүдделері мен ерекшеліктері. Сондықтан да қауымдастық-менеджментіне көңіл бөлу керек. Бұл іскерлерге, менеджерлерге, маркетологтерге, PR-мамандарына, кәсіптік бағдардан өтіп жатқан студенттерге, HR-менеджерлерге, саясаткерлерге, суретшілерге, қысқасы баршаға қажет.
Әңгімелескен –
Айнаш ЕСАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ