• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Қаңтар, 2024

Қалада жылу қалыпты

143 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бас басылымымызға берген сұхбатында жылу желілерінің үздіксіз берілуін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Үкіметтің де күн тәртібінде тұрған мәселесі – бұл. Жылыту маусымына дайындық жұмыстары, әсіресе Балқаш қаласында биыл қызу жүргенін атап өткеніміз жөн.

Биыл қала бойынша 6,3 шақырым жылу желісі ауыстырылды. Мұхамеджанов көше­сіндегі – 580 метр, Сәбитова көшесіндегі – 460 метр, Қараменде Би көшесіндегі 470 метр жылу құбырлары жөндеуден өткен. Әсі­ресе, Балқаштың Абуғалиев көшесіндегі магистралдық жылу желісі әбден тозған­дық­тан, апат жиі орын алатын. Енді мұндай апат ­болмайды. Себебі бұл учаскедегі құбыр толықтай ауыстырылды.

Жылу Балқашта 3 қазаннан бастап, Саяқ кентінде 13 қазаннан бастап берілген. Қа­­ла­дағы №6, 7, 8, 9 жылыту қазандықтары қа­­лып­ты жұмыс істеп тұр. Көмір қоры да жет­­кілікті екен. Қаладағы 9 білім беру нысаны, 11 ден­саулық сақтау саласындағы мекеме мен 593 тұрғын үй толығымен жылумен қам­ты­лып отыр.

Саяқ кентінің жылумен жабдықтау жүйесін реконструкциялау үшін рес­пуб­ли­калық бюджеттен 500 млн теңге бөлінген. Қазандықтарға 9 жылу алмастырғыш аппараты алынып, орнатылған. Тозығы жеткен 300 метр жылу желілері жөнделген. «Көмір-Krg» ЖШС-мен 86 млн 86 мың теңгеге 6 020 тонна көмір жеткізуге келісімшарт жасасқан.

Жылыту маусымының тұрақты өтуі үшін Балқаш қаласы мен Саяқ кентінде 138 млн 250 мың теңге бөлінді. Жөндеуге қосымша материалдар және апаттық қорға материалдар сатып алынды.

«Әлеуметтік желілерде жылумен жаб­дықтау сапасы бойынша көптеген сұрақ бар. Барлық сауал – менің жеке бақылауым­да. Тұр­ғын үй қатынастары бөлімі тәулік бойы жұмыс істейтінін және келіп түскен өтінімдер мен өтініштерді пысықтайтынын атап өткім келеді. Жылу көзі – Балқаш ЖЭО жұмысында 4 қазандық агрегаты және 4 турбогенератор бар. Отын қоры мол. «Балқаш Жылу» ЖШС ТНС қала бойынша штаттық режімде жұмыс істейді, қысым мен температура режімі жос­парлы көрсеткіштерге сәйкес келеді. Жылыту маусымының тұрақты өту мәселесі күнделікті бақылауда», дейді қала әкімі Сапар Сатаев.

Былтыр жазда Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Балқаш қаласына арнайы жұмыс сапарымен ке­ліп, жылу электр орталығының жұмыс сапасымен танысып кеткен еді. Жаңа бе­сінші қазандықтың құрылысын көріп кет­кен-тін. Қазір жылу магистралінде №5 қа­зандықтың жекелеген шағын тораптарын монтаждау аяқталуға жақын, жабдық гид­равликалық сынақтан және газ-ауа жолының тығыздығын тексеруден өтеді. Болашақта қазандықты орнату «Kazakhmys Energy» ЖШС БЖЭО жұмысын жақсар­тып қана қоймай, ­ластаушы заттардың шығарындыларын азайтуға тиіс. Бұл енді алдағы уақыттың еншісінде. Бастысы, қазір қаладағы жылу қалыпты беріліп отыр.

 

Қарағанды облысы,

Балқаш қаласы