Кейінгі он шақты жылдың бедерінде шығармашылыққа мықтап ден қойған Хайролла Исмағұлов ағамыз қолы қалт еткенде «Орал өңірі» газетінің редакциясына жиі келеді. Осы кезге дейін Хайрекең проза мен поэзиядан тұратын үш кітаптың авторы атанып үлгерген. Бұрын ауыл шаруашылығы, кооперация салаларында қызмет атқарған Хайрекең сол төңіректен әңгіме қозғасаңыз таңды-таңға ұрып әңгімелеуге бар. Бір келісінде әңгімеміз малдың терісі мен жүнінің жайына ойысқанда маған: «Келесі келгенімде мен саған «Социалистік Қазақстанда» (қазіргі «Egemen Qazaqstаn») шыққан осы мәселе жөнінде жазылған мақаланы алып келейін», деді.
Ағамыз сөзінде тұрып, арада бір аптадай уақыт өткенде айтқан мақаласын алып келді. Мақаланың авторы, республикалық газеттің біздің облыстағы меншікті тілшісі, кезінде өзіміз көре қалған,талай рет қасынан табылып, інілік ілтипатымызды іркіп қалмаған Боранғали Ырзабаев ағамыз екен. «Тозықтан – торқа, қалдықтан – қамқа» деп аталыпты мақала. Хайрақаң әлгі материалды осы күнге дейін сары майдай сақтап, бізге көрсетемін деуінде гәп бар екен. Өйткені жазылған дүние өзі туралы. Ағамыздың аңқаулау «қулығына» іштей мәз болып, сонау 1983 жылы 27 желтоқсанда «Социалистік Қазақстанда» жарияланған мақалаға төндік. Ол кезде Хайрекеңнің отыздан асып, кемеліне келіп, кер торыға мініп жүрген шағы екен. Облыстық шикізат базасының директоры. Мақаланы оқиық: «Қазір база бойынша жылына бір мың центнерге тарта шикізат айналымға түседі», дейді база директоры, жоғары білімді жас маман Хайролла Исмағұлов. «Техникалық өңдеуден өткізілген мүйіз, тұяқ, сондай-ақ полиэтилен жұрнақтары экспортқа шығарылып, оның бір сомынан он сом пайда келтіріліп жатыр. Өткен жылы бір миллион сомның шикізаты экспортқа шығарылып, он екі миллион сомның тауар айналымы жасалды. Ал биыл шетке сатылатын шикізаттың көлемі екі есе артып, соның есебінен қайтарым да осыншама көбеймек. Оған өндірістік базамызды кеңейтіп, технологиялық қуаттарды, барлық ресурстарды мол қайтарыммен пайдаланудың негізінде қол жетпекші.
Директордың бұл сөзі де орынды. Өйткені әсіресе кейінгі екі жылда базаның өндірістік қуаты айтарлықтай нығайды. Тігін және тері өңдеу цехтарының технологиясы жетілдірілді, көкөніс, картоп дайындау фабрикаларының өнімділігі артты».
Боранғали ағамыздың майын тамызып жазған мақаласын оқып болып, Хайрақаңа қарадық.
– Бүгінде жарамсыз бүлінген тері мен шіріген жүнді пайдаға асырмақ түгілі, сапалы жүннің өзін (күзем, жабағы) тонналап жер астына көміп немесе өртеп жатырған жоқпыз ба? Бұрын жидіген мал терілерін дайындаушылар жинап алып, өздерінде технологиялық өңдеуден өткізіп, тіпті өзіміздің ел өз алдына шетелге де экспортқа шығарған ғой, – дейді Хайрекең. – Ал бүгінде сол байлықты қор қылдық... Осылай деп үнсіз қалған ағамыз сәлден кейін әңгімесін әрі қарай жалғады: «Қазақ қазақ болғалы, малдың терісі мен жүнін, мүйіз-тұяғын, еш нәрсесін далаға тастамаған, бәрін де кәдеге жаратқан. Терісінен құлпырма тон, жүнінен жібек, мүйіз-тұяғынан тарақ сияқты дүниелер жасаған ғой. Сүйегін қайнатып, майын алған. Мен өзім көрген, білген, қолыммен істеген жұмыстарымнан айтайын. Баяғыда өлі жүн, балақ жүн, бауыр жүн дегендерді онша менсінбей, далаға тастайтын әдет болды. Мен сонау сексенінші жылдары соларды жинатып алып, қазақтың ежелгі әдісімен өңдеп, шетелге экспортқа шығарттырғаным бар. Әлгі өңделген жүндерді Жапония елі қуана-қуана алды. Олардан біз сол кезде елімізге әлі дендеп келе қоймаған, сұранысы сұмдық жапон телевизоры мен магнитофонын, тағы да басқасын біздегі қат дүниелерге айырбастап ала бастадық.
– Сонда анау жүндерді қалай өңдеп жүрсіздер? – деп сұрадық осы арада біз.
– Ата-бабамыз балақ жүн мен өлі жүнді, теріні сүт пен айранның қалдығымен (көк суымен) өңдепті. Көк суын қайнатып, жүннің бетіне шашқанда анау шіріп жатқан қалдық жүндер мен терілер әуелі микробтардан арылады. Айран мен сүттің көк суы оларға у сияқты әсер етеді. Сосын жұмсарып, ширайды. Кептіріп, әрі қарай өңдегенде құлпырып шыға келеді. Жарамсыз деп далаға тастаған тері мен жүнді біздің дайындаушыларымыз ел аралап жүріп жинайтын. Базамызда арнайы тор тартылған қондырғы бар. Соған жүнді жеті сантиметр қалыңдықта жайып, теріні де солай жайып, жоғарыда айтқан сүт пен айранның қалдығын үстінен арнайы аппаратпен шашып белгілі бір уақыт ұстайды. Тордың астында жел үрлейтін қуатты желдеткіш бар, жүн мен тері сонымен кептіріледі. Ал сүт пен айранның қалдығын сүт комбинатынан қанша аламын десек те қолымызды ешкім қақпайтын. Ол жылдарда джинси шалбарлар мен күртешелердің қаны жерге тамбайды, таптырмайды. Дефицит. Біз жүн мен теріні өңдеп алғашқы партиясын Швейцарияға жөнелтіп, ол жақтан толып жатқан джинси киімдер алғанымыз есімде. Жылқының, сиырдың, түйенің, қойдың терісін атам қазақ осылай өңдеп, аяқкиімнен бастап, үстіне киетін небір құлпырма тондар мен бешпеттерді солардан тіккен ғой. Бүгінде өңдейтін орын жоқ, ешкім онымен айналысқысы келмейді. Есіл байлық қор болды ғой, несін айтасың...
Осылай деп бұрынғы шикізат базасының директоры, кезінде Жапония мен Швейцарияға жарамсыз жүн мен терінің өзін құлпыртып экспортқа шығаруға мұрындық болған Хайролла Исмағұлов әңгімесін аяқтады. Шіркін, барымызды базарлап, жарқыратып шетке шығаратын күндер енді қайтып келер ме екен?
Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ,
журналист
ОРАЛ