• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Қаңтар, 2024

Аялдама аялауға зәру

96 рет
көрсетілді

Айналдырған 14 жылы аялдаманы аялап ұстау қарағандылықтарға қиынға түсіп тұр. Жылы аялдаманың көбінде жылу жоқ. Арқаның сарышұнақ аязы ай басынан бері қарағандылықтарды әлекке салды.

Жолаушылар автобус­ты жылынып емес, тоңып  тосып жүр. Бұған дейін бірнеше рет қадағалау жоқтығынан әйнектері де шағылған, есіктері де қираған. Мұнымен қоса, жолаушылар тазалығына наразы.

«Қарағандының қысы қатты. Сол себепті жылы аялдама салынғанда қуанған едік. Алайда қаламыздағы аялдамалар суық. Онымен қоса жағымсыз иіс бар. Үйсіз-күйсіз жүргендер түнеп шығады. Ол жерге кіріп алып, тұншығып тұрғанша, далада тұрғанымыз жақсы. Қадағалайтын жауапты мекеме жоқ па? Таңымыз бар. Бар нәрсені дұрыс кәдеге жарата алмай отырмыз», дейді қала тұрғыны Елдос Болатұлы.

Қазыбек би ауданының тіршілікті қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Дінмұхамед Райымбеков апта сайын аялдамалар тазаланады дейді. Яғни бір рет сумен жуылса, екі рет химиялық тазалау жүргізіледі. Жылы аялдамалардың суық болуы жабдықтардың істен шығуынан дейді. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң бәрі қалпына келеді деп сендіреді.

Былтырғы қыста Кеншілер мә­дениет сарайының алдындағы аял­даманың жылытқыш пеші ұрланған еді.

Ұрылар ізін әбден жасырса керек, күдіктілерді қолға түсіре алмай поли­цей­лер әлек болған. Тіпті терезесін шақ­қан бұзақылар да ұстал­маған. Біздің құқық қорғау органы қызметкерлері құлық танытпай отыр ма, әлде? Бұлай жалғаса берсе, аялдаманың өзінен айырылып, жер сипап қалуымыз да мүмкін ғой. Бейнебақылау камераларын орнатуды бұл оқиғалар қаперімізге салып-ақ тұрса да, әлі салғырттық танытып отырмыз…

Қала тұрғындарының реніш біл­діретін жөні бар. Аялдамамыз түнде қаңғыбастардың қара қосына айналып тұрғаны рас-ты. Біздің де көзбен көріп жүргеніміз – сол көрініс… Иә, жеделдетіп жауаптылар бұл мәселені назарға алмаса, жылы аял­дамалардың «жыры» көбейіп тұр­ғаны тұрған…

Айта кетейік, биыл тағы дәп осындай 11 аялдама салынады. Алдымен, аялап ұстауды үйренсек екен...

 

Қарағанды облысы