Қарағандыда қалаған жеріне құрылыс салатындар қайдан шықты? Заңсыз салынған бірнеше дайын үй дауға қалып отыр. Өткен жылы тұрғын үй салудан көш басындамыз деп, бөркімізді аспанға атқан едік. Алайда құжаты жоқ әлгі үйлерге ақша салып қойған ағайынның көңілі алаң.
Айдың-күннің аманында 298 пәтер иесі әне-міне далада қалайын деп тұр. Тұрғын үйлері облыстың мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен рұқсат етілмеген құрылыс ретінде танылды. Енді қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігіндегі «Хан» және «Al-Farabi» тұрғын үй кешендерін құрылыс салушы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап, 30 жұмыс күнінде өз қаражаты есебінен сүруге тиіс.
Бұл күні кеше басталған әңгіме емес еді. Бұған дейін де бұзылуы мүмкін екендігі айтылып, ескертілген-ді. Мұндағы негізгі мәселе – сараптама қорытындысының жоқтығы болып отыр.
Жарнама арқылы үлескер тартқан компания иелеріне әкімшілік сипаттағы жаза да қолданған. Сол кездің өзінде құрылысты тоқтату туралы сот шешімі шықса да, «мұрнын шүйірген». Жұмыстарын әрмен қарай жалғай берген. Компаниялардың тығырығынан тұрғындардың не үйі, не күйі жоқ...
«Al-Farabi» тұрғын үй кешенінің тұрғыны Сәуле Әбілова үйін кеңейтпек болып, ескі пәтерін сатып, жаңа үйіне 14 млн теңге салған. Бұл сомма – пәтер құнының жарты бағасы. Мұнымен қоса, үйінің жөндеу жұмыстарына басқа банктен несие алған.
«Сот шешімі негізсіз әрі әділетсіз. Барлық инстанцияға жүгінуге ниеттіміз. Сот үйді бұзып, қоныстанған адамдарды қыстың көзі қырауда далаға шығарып тастау туралы шешім қабылдады», дейді басы дауға қалған дайын үйдің тұрғындары.
Сонымен соттың шешімі облыстың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы жүргізген тексеріс нәтижесіне байланысты болып тұр.
– Тексеру барысында «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін мемлекеттік реттеу» туралы заңға сәйкес, тұрғын үй кешендері бекітілген жобалау құжаттамасынсыз, оларды жүзеге асыруға мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарына құрылысты бастау туралы хабарламасынсыз, жобаны сараптаусыз, техникалық және сәулеттік қадағалаусыз құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатқаны анықталды. Сондай-ақ пәтерлерді сатып алу-сату бойынша алдын ала жасалған келісімдер бойынша 250 үлескерден қаражат тартқан, бірақ олар жергілікті атқарушы органнан қаражат тартуға рұқсат алмағаны анықталды, – дейді облыстың мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының баспасөз қызметі.
«Al-Farabi» тұрғын үй кешенін салушы компания «Building СК» ЖШС үлескерлер алдындағы міндеттемелерді орындау үшін тұрғын үй кешенінің құрылысын жалғастырғанын айтады.
– Рұқсат құжаттарын алып үлгереміз деп ойладық. Құрылыстың сапасына сенімдімін. Техникалық сараптамаларды аккредиттелген компаниялар жүргізді. Үй сапалы салынған. Сот шешімі күтпеген жағдай болды. Жауапкершіліктен қашпаймыз, міндеттемелерді орындаймыз. Алдағы уақытта біз сот шешіміне шағымданамыз, қала басшылығы жәрдемдесуге дайын, – дейді компания өкілі Абылайхан Әмірбеков.
Қала әкімі Мейрам Қожухов үлескерлермен кездесуінде соттан үйді сүруді кейінге қалдыруды сұраймыз депті.
– Заң бойынша бірінші инстанциядағы сот шешімі әлі күшіне енген жоқ. Қазір апелляцияға беру үшін талап-арызын дайындау керек. Осы уақыт аралығында құрылыс салушылармен кездесіп, құжаттарды дайындау қандай сатыда екенін білеміз. Себебі үй салынып қойды. Мемлекеттік құрылыс сараптамасын тағайындауды талап етеміз. Үй сүрілмейді деп сенейік. Бәрі сараптама дайын болғаннан кейін белгілі болады. Сотта үлескерлердің атынан үйді сүруді кейінге қалдыруды сұрайтын боламыз, – дейді қала басшысы.
Бар үміт – апелляциялық шағымда. Сот мемлекеттік сараптама тағайындауға келіссе, үй сүрілмейді.
Жоғарыдағы тұрғын үй кешендері ғана емес, рұқсат құжаттарының толық пакетінсіз салынып жатқан облыс орталығындағы 70 тұрғын үй кешенінің 11-і – түрлі заң талабын бұзумен тұрғызылған.
– Құрылысы жүріп жатқан тұрғын үй кешендерінің құжаттары толық емес. Жоғарыда аталған үш тұрғын үй кешені бойынша бұл түпкілікті шешім емес, апелляция мүмкіндігі бар екенін атап өткім келеді. Менің ойымша, құрылыс салушылар оны пайдаланады. Ал «Тұрғын үй құрылысына қатысу үлесі туралы» заңның мақсаты – сіздердің салымдарыңызды қорғау, сақтандыру. Әр адам құрылыс салушы туралы ақпаратты тексеруі керек. Құрылыс компаниясында көп нәрсеге сендіруі мүмкін. Сондықтан ақпаратты мейлінше тексеру керек, – дейді облыстың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Сержан Аймақов.
Сөзінің дәлелі ретінде құрылысы рұқсатсыз жүріп жатқан «Қарқаралы» тұрғын үй кешенінің күні кеше түсірілген суреттерін де ұсынды.
– «Buildary» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолдарында құрылысты тоқтату туралы соттың шешімі болса да, жұмыстарын жалғастыруда. Жарнамаға сенбеңіздер. Егер осы үйге үлескер ретінде қаражат салып қойсаңыздар, қайтарып алуға тырысыңыздар. Себебі бұл үй бұзу жөнінде сотқа баратындардың ішінде бірінші тұр, – дейді басқарма басшысы С.Аймақов. – Қаншама компаниялар тұрғын үйлерді заңсыз салып жатыр. Талайын үлескерлердің қаражатын заңсыз алғаны үшін жауапқа тарттық» деген ақпарат қашанда болсын беріліп отырды. Одан бөлек, басқарманың ресми сайты да бар. Бірақ Instagram, Facebook-тегі жазылушыларымыз өте аз. Сайтқа да адамдар сирек кіреді. Биылдан ақпарат тарату жағынан жұмыс ұстанымымызды түбегейлі өзгертеміз. Күн сайын нақты уақыт режімінде, заңды белден басып, құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан құрылыс компаниялары туралы ақпаратты беріп отырамыз.
Мұнымен қоса, басқарма басшысы «Хан», «Al-Farabi» және «Nura» тұрғын үй кешендерін салып жатқан компанияларға 2022 жылғы мамырда әкімшілік шаралар қолданғанын айтады. Іргесін енді ғана көтергеннен-ақ, дабыл қағып, прокуратураның ұсынысы бойынша айыппұл салған. Тағы бір айдан соң құрылыс жұмыстарын тоқтату туралы шешім шыққан. Жоғарыда атап өткеніміздей, шешімді көзіне ілмеген компания жұмысын тоқтатпаған. Басқарма полиция департаментіне сот шешімін орындамады деп арызбен де жүгінген.
«Полиция департаменті әкімшілік айыппұл салды. Бірақ құрылыс тоқтамаған соң Әділет департаментіне сот орындаушысы жұмысын тиісінше атқармағаны үшін шағымдандық. Ол жақтан «Құрылыс жұмыстары тоқтатылуға тиіс үйлерді салып жатқан компаниядан жұмыстың тоқтатылғаны туралы хат алдық», деген жауап келді. Біз қол қусырып қарап отырмадық. Хат жіберіп, құқық қорғау органдарынан көмек сұрадық», дейді С.Аймақов.
Басқарма өңірлік коммуникациялар қызметінде тікелей брифинг өткізумен қатар, заңсыз құрылыс жүріп жатқан жерден бейнероликтер жасап, халыққа таратуды көздеп отыр. Басқарманың әрекеті әзірге – осы.
Не десек те, Қарағандыдағы заңсыз құрылыстың зардабын «жаңа баспанаға қол жеткіземіз» деген қарапайым тұрғындар көріп отыр.
Қарағанды облысы