Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Италия Республикасына ресми сапармен барды. Қазақстан Президентін Рим әуежайынан Италияның Қорғаныс министрі Гвидо Крозетто, Рим Папасының өкілі Франческо Каналини қарсы алды. Мемлекет басшысын күтіп алу кезінде Құрмет қарауылы сап түзеп тұрды.
Достық рәуіште өткен келіссөз
Мемлекет басшысының Италияға ресми сапары Президент Серджо Маттарелламен кездесуден басталды. Екі ел басшыларының келіссөзіне дейін Квиринале сарайында Қазақстан Президентін салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың құрметіне Қазақстан туы көтеріліп, қос мемлекеттің әнұраны шырқалды. Құрмет қарауылы бастығының рапортынан кейін президенттер бір-біріне ресми делегация өкілдерін таныстырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл Қазақстан Президенті ретінде Италияға жасаған алғашқы сапары екенін атап өтіп, қонақжайлық көрсеткені үшін Серджо Маттареллаға алғыс айтты. Мемлекет басшысы еліміздің Еуропа Одағындағы сенімді серіктестерінің бірі – Италия Республикасымен қарым-қатынасы ұзақ уақыттан бері өзара тиімді сипатта дамып келе жатқанын жеткізді.
– Мен бүгін өзара мүддені көздейтін мәселелерді, атап айтқанда, экономикалық байланыстарды дамыту және екі елді өркендетуге бағытталған қатынастарды нығайту, сондай-ақ халықаралық өзекті мәселелерді шешу жолдарын талқылағым келеді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Италия – Қазақстанның Еуропадағы негізгі сауда серіктестерінің бірі.
– Өзара сауда-саттық көлемі 14,5 миллиард доллардан асты. Таяу жылдары елдеріміз арасындағы тауар айналымы 20 миллиард долларға жетеді деп сенеміз. Италия – Қазақстан экономикасына қаржы салған басты инвесторлардың бірі. Біздің нарықта 300-ге жуық италиялық компания жұмыс істейді, соның ішінде «ENI» компаниясы да бар. «ENI» – көшбасшы компания. Біз екіжақты қатынастардағы жетістіктерді жоғары бағалаймыз. Біз олардың жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасауды одан әрі жалғастыра береміз. Дегенмен экономика бағытына ғана емес, мәдениет, туризм сияқты басқа да көптеген саладағы ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беру қажет. Қазақстан мен Италия арасындағы ынтымақтастық өте табысты болатынына сенімдімін, – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторлар үшін ел экономикасының анағұрлым тартымды және перспективті салалары, оның ішінде «жасыл энергетика» туралы егжей-тегжейлі мәлімет берді.
Мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Италияның әлемдік аренадағы, оның ішінде БҰҰ мен ЕҚЫҰ аясындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне арнайы тоқталды.
Екі ел президенттері БҰҰ Жарғысының қағидаттарын құрметтеу негізінде халықаралық қатынастар мен жаһандық қауіпсіздік жүйесін нығайтудың маңызды екенін атап жеткізді.
Сонымен қатар тараптар Қазақстан мен Орталық Азияның Еуропа Одағымен арадағы ынтымақтастығын дамыту перспективаларын талқылап, көлік және логистика саласындағы өзара тиімді ықпалдастықтың, атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік бағытын өркендетудің келешегі зор екенін ерекше атап өтті.
Мемлекет басшысы орайлы сәтті пайдалана отырып, Президент Маттарелланы Италияның «Үлкен жетілікке» төрағалық қызметіне кірісуімен құттықтап, G7-нің күн тәртібін жүзеге асыру ісінде табыс тіледі.
Өз кезегінде, Серджо Маттарелла Италия Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және қоғамдық реформаларға үлкен қызығушылық танытып отырғанын атап өтіп, Римге сапармен келгені үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты. Сондай-ақ бүгінгі келіссөздердің нәтижесі екіжақты экономикалық, саяси және мәдени-гуманитарлық байланыстарға тың серпін береді деп сенім білдірді.
Достық рәуіште өткен кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Серджо Маттарелланы Қазақстанға сапармен келуге шақырды. Италия Президенті Мемлекет басшысының шақыруын ризашылықпен қабыл алды. Бұдан соң келіссөз дастарқан басында жалғасты.
Өзара тауар айналымы – $14,5 млрд
Сапар барысында Қазақстан Президенті Италия Министрлер Кеңесінің төрағасы Джорджа Мелонимен келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы Италия жерінде құрмет көрсеткені үшін Джорджа Мелониге алғыс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Италия арасында тығыз саяси диалог, берік экономикалық ықпалдастық, табысты мәдени-гуманитарлық байланыс орнағанын атап өтті.
– Біз Италияның Орталық Азиядағы басты серіктесі болғанымызды мақтан тұтамыз. Екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді және қарым-қатынастарды одан әрі арттыруға мол әлеует бар, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, Италия – Қазақстанның Еуропадағы негізгі сауда серіктестерінің бірі және ел экономикасындағы ең ірі инвесторлардың бестігіне кіреді. Елдеріміз арасындағы тауар айналымы 15 миллиард долларға жуықтады. Италиядан Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция 7,3 миллиард долларды құрады. Бүгінде біздің елімізде 300-ден астам италиялық компания табысты жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында «ENI», «SDF Group», «PetroValves», «Maire Tecnimont», «IVECO», «Tenaris» және басқа да ірі инвесторлар бар.
Қазақстан Президенті БҰҰ, ЕҚЫҰ, Еуропа Кеңесі және ЭЫДҰ аясындағы әлемдік аренада ортақ мақсаттарға қол жеткізу ісіндегі екі елдің табысты ықпалдастығына арнайы тоқталды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік, өңірлік тұрақтылық, терроризмге қарсы күрес, климаттың өзгеруі сияқты мәселелерге қатысты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы Алматыда Италия мәдениеті институтының ашылуын құптады. Оның пікірінше, мәдени дипломатия, білім беру саласындағы серіктестік және туризм елдер арасындағы байланыстарды тереңдетуде маңызды рөл атқарады.
Джорджа Мелони Қазақстан – Италия қатынастарының деңгейі жоғары екенін атап өтіп, Италияның Қазақстанмен арадағы байланыстарын нығайтуға бейілді екенін жеткізді.
– Сіздің бүгінгі сапарыңызды Қазақстан – Италия қарым-қатынасын одан әрі өркендету үшін зор мүмкіндік ретінде қарастырамыз, – деді Премьер-министр.
Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық, аграрлық, мәдени-гуманитарлық, білім беру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ «жасыл энергетика» және екі мемлекеттің астаналары арасындағы әуе қатынасын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Бұған қоса, кездесуде өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер талқыланды.
– Бүгінгі келіссөздер екіжақты қарым-қатынасымыздың жаңа кезеңіне жол ашатынына және ынтымақтастықтың перспективті бағыттарын қарастыруға жақсы мүмкіндік беретініне сенімдімін, – деді Президент.
Кездесу барысында мынадай құжаттарға қол қойылды:
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Италия Республикасының Үкіметі арасындағы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан әскери қызметшілер жерленген орындардың мәртебесіне қатысты келісім; Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мен Италия Республикасының Әділет министрлігі арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум; Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Италия Республикасының Мәдениет министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум; Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Италия Республикасының Университеттер және зерттеулер министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум; Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Италия Республикасының Ұлттық мемлекеттік басқару мектебі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум; Қазақстанның «Самұрық-Қазына» қоры мен Италияның «Cassa Depositi i Prestiti» компаниялар тобы арасында бірлескен инвестициялық қор құру және өңдеу өнеркәсібі, энергетика, логистика салаларына инвестиция салу туралы келісім; Қазақстанның «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен Италияның «ENI» компаниясы арасындағы жалпы қуаты 247 MBт болатын гибридті электр стансасын (жел электр стансасы, күн электр стансасы) салу жөніндегі бірлескен жобаны жүзеге асыру туралы бірлескен түпкілікті инвестициялық шешім.
Бірлескен мәлімдеме
Кездесу соңында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Италия Премьер-министрі бірлескен мәлімдеме қабылдады.
«Қазақстан Республикасының Президенті Италия Республикасы Президентінің шақыруымен 2024 жылғы 18 қаңтарда Италияға ресми сапармен келді. Осыған орай Қазақстан Республикасының Президенті мен Италия Республикасы Министрлер Кеңесінің Төрағасы мыналар туралы мәлімдеді:
2009 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы келісімнің әрекет етуін атап көрсете отырып, біз екі ел арасындағы барлық деңгейдегі сенімді және тұрақты диалогке көңіліміз толатынын білдіреміз. Қазақстан – Италияның Орталық Азиядағы негізгі экономикалық серіктесі, ал Италия – Қазақстанның Еуропалық Одақтағы ең ірі сауда серіктесі және Қазақстан экономикасының жетекші инвесторларының бірі. Дипломатиялық қатынастар орнағаннан бері отыз жылдан астам уақыт ішінде Қазақстан мен Италия байланыстарын өзара сенімге, ортақ құндылықтарға және тиімді ынтымақтастыққа негізделген берік серіктестікке айналдырғанын атап өтеміз. Біз Қазақстан – Италия ынтымақтастығының қарқынды дамып келе жатқанын атап өттік және стратегиялық әріптестік рухында өзара мүддені көздейтін барлық саладағы байланыстарды әртараптандыруды және тереңдетуді жалғастыруға ниеттіміз. Біз экономика саласында 2023 жылғы 5 қыркүйекте Астанада Қазақстан мен Италия Премьер-министрлерінің орынбасарлары – Сыртқы істер министрлері қол қойған Бірлескен мәлімдемеге сүйене отырып, сауда-инвестициялық байланыстарды одан әрі дамыту үшін мол әлеует бар екенін атап өтеміз. Энергетика, табиғи ресурстарды барлау және өндіру, жасыл экономика, құрылыс, инфрақұрылым, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, ғылыми-технологиялық қызмет және консалтингтік қызмет – ынтымақтастықтың негізгі бағыттары. Екі мемлекет арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетудің маңыздылығына баса назар аудара отырып, біз Іскерлік кеңестің құрылуын құптаймыз. Қазақстан мен Италия арасындағы инвестициялық климатты жақсартуға және өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететін Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Италия Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім жөніндегі келіссөздердің маңыздылығын атап өтеміз. Сондай-ақ біз қазақстандық және италиялық жетекші университеттер, атап айтқанда, ғылым және технология бағытына маманданған университеттер арасында жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастық аясын кеңейтудің маңыздылығын атап өтеміз. Біз мәдениет саласындағы ынтымақтастықты арттыруға ниет білдіреміз.2023 жылғы 30 қарашада Алматы қаласындағы Орталық Азиядағы алғашқы Италия мәдени орталығының ресми ашылуын құптаймыз. Бұл екі ел халқын және мәдени байланыстарын жақындастырудың тағы бір қадамы болды.
Тараптар Қазақстанның Венецияда өтетін Заманауи өнердің 60-халықаралық биенналесіне қатысуы Қазақстанның мәдениеті мен өнерін Италияда да, шетелде де танымал етуге ықпал ететінін атап өтті. Біз екі мемлекеттің 2015 жылғы 21 желтоқсанда Астанада бір жақтан Қазақстан Республикасы, екінші жақтан Еуропалық Одақ пен оған мүше мемлекеттер арасында қол қойылған Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім аясындағы тығыз ықпалдастықты жалғастыруға дайын екендіктерін білдіреміз. Осы орайда біз 2022 жылғы 27 қазанда Астанада «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» бірінші саммитінің өткізілгенін құптаймыз. Орталық Азиядағы көлік және коммуникация саласында, атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға қатысты ірі бастамалардың іске қосылуына біздің көңіліміз толатынын атап өтеміз. Еуропалық Одақтың «Global Gateway» жобасын іске асыруға қолдау білдіреміз. Екі елдің Еуропалық Одақ пен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастық үшін берік және перспективалық негіз құруға, Орталық Азиядағы өңірлік диалогті нығайтуға деген ұмтылысын қуаттаймыз. Бұл – өркендеуге, тұрақтылық пен орнықты дамуға қол жеткізудің басты шарты. Біз «ОA+Италия» форматындағы кездесуді 2024 жылы Римде, ал 2025 жылы Қазақстанда өткізудің маңыздылығын атап өтеміз. Италия Республикасы Министрлер Кеңесінің Төрағасы Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулерінің ынтымақтастықты одан әрі өрістету, бейбітшілікті нығайту, Орталық Азия аймағындағы достық, сенім және тату көршілік атмосфераны қалыптастыру, сондай-ақ олардың халықаралық аренадағы маңызын арттыру жолындағы рөлін жоғары бағалайды. Италия Министрлер Кеңесінің Төрағасы климаттық күн тәртібін одан әрі ілгерілету аясында Қазақстан Республикасының тиісті бастамаларын жоғары бағалайды. Сонымен қатар Алматы қаласында қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі жөніндегі Орталық Азия елдерінің жобалық кеңсесін құру, 2026 жылы Қазақстанда Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Аймақтық климаттық саммит өткізу жөніндегі ұсыныстарды ескереді. Екі елдің өзара құрмет қағидаты негізінде өзара ықпалдастығын нығайтуды құптаймыз. Қатар өмір сүру мен ынтымақтастықтың ортақ негізі ретінде БҰҰ Жарғысына толық құрметпен қарайтынымызды, сондай-ақ жаһандық және аймақтық деңгейде бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты ілгерілетуге және халықаралық көші-қон мәселелері бойынша диалогті одан әрі ілгерілетуге, соның ішінде Алматы процесі және Біріккен Ұлттар Ұйымы сияқты көпжақты форумдар аясында екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға деген өзара ұмтылысымызды қуаттаймыз. Климаттық күн тәртібінің өзектілігі аясында біз 2023 жылы Дубай қаласында өткен Климат жөніндегі дүниежүзілік конференцияда (COP28) климаттың өзгеруіне қарсы күресте өзіміздің берік ұстанымдарымызды қуаттадық және жаһандық жылу деңгейін 1,5°-та ұстау жөніндегі мақсатты растауды құптаймыз. Қазақстан Республикасының Президенті Италия Республикасының Министрлер Кеңесінің төрағасына «Үлкен жетілікте» табысты төрағалық етуіне тілектестігін білдірді. Қазақстан Республикасының Президенті Италия Республикасы Министрлер Кеңесінің төрағасын жақын арада Қазақстанға сапармен келуге шақырды.2024 ж. 18 қаңтарда Рим қаласында қабылданды».
Инвестициялық мүмкіндіктерімізді таныстырды
Қазақстан Президенті Римге ресми сапары аясында Италияның бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесті. Дөңгелек үстелге халықаралық деңгейдегі 30-ға жуық компания қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Италияның бизнес «капитандарына» Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері туралы жан-жақты мәлімет берді. Оның айтуынша, әлемдегі геосаяси жағдайға қарамастан, еліміз аймақтағы ең ірі және қарқынды дамып келе жатқан экономикалардың бірі ретіндегі орнын сенімді түрде сақтап отыр.
– Былтыр еліміздің экономикалық өсімі 5,1 пайыз деңгейінде болды. Бұл – болжамды жаһандық көрсеткішке қарағанда шамамен 2 есе жоғары (Дүниежүзілік банк – 2,6%, БҰҰ – 2,7%). Біздің орта мерзімді перспективадағы стратегиялық мақсатымыз – 2029 жылға қарай экономиканың көлемін екі есе ұлғайтуға мүмкіндік беретін 6–7 пайыздық өсімге қол жеткізу. Ол үшін ауқымды реформалар жүргізу қажет еді. Сондықтан саяси реформалармен қатар, нарықтық және бәсекеге қабілетті экономикамызды айтарлықтай нығайтып жатырмыз. Мен мұны табысқа жетудің қажетті шарты деп есептеймін. Қазақстанда таяу арада экономикамыздың ашық, сенімді және қарқынды дамуына ықпал ететін аса маңызды әрі түбегейлі реформалар басталады. Мұны сіздерге сенімді түрде айта аламын. Мақсатымыз – Қазақстандағы стандарттарды, ережелерді және бизнес жүргізу тәжірибесін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының деңгейіне жеткізу. Біз ең жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін инвестициялық ахуал қалыптастыруға ұмтылып жатырмыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент ел экономикасына шетелден тікелей тартылатын инвестиция көлемін ұлғайту мақсатында практикалық және заңнамалық тұрғыда жоспарланған шаралар туралы италиялық кәсіпкерлерге мәлімет берді.
– Біз инвесторларға оңтайлы әрі ыңғайлы орта қалыптастыру үшін бизнеске қойылатын артық талаптарды анықтап, оларды жойдық. Жақында Инвестицияларды тарту жөніндегі кеңес құрылып, оған кең ауқымды өкілеттік берілді. Бұл Кеңестің жедел шешім қабылдауына, көрсетілетін жан-жақты мемлекеттік қолдауды қамтамасыз ету арқылы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруына ықпал етеді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, энергетика саласы – екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың негізгі бағыты.
– Қазақстан мұнайының 80 пайыздан астамы Еуропаға экспортталады. Бұл Еуропа Одағына қажет мұнайдың шамамен 10 пайызын қамтамасыз етеді. Қазақстанның ұзақ жылдан бергі және сенімді энергетикалық серіктесі Италияға алғыс айтқым келеді. Біз италиялық «ENI» компаниясының Қазақстан экономикасына қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Қазақстан мұнай мен газды барлау саласында мол мүмкіндік ұсынып отыр. Біз маңызды кен орындарын ашу мақсатында әлемдік озық тәжірибені енгізіп жатырмыз. Сондай-ақ Италия компанияларын мұнай-газ саласында сервистік қызмет көрсету ісіне атсалысуға шақырамыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент жаңартылатын энергия саласындағы ынтымақтастықтың келешегі туралы айта келе, Қазақстан өңірде бірінші болып Париж келісімін ратификациялаған мемлекет ретінде 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөнінде міндеттеме алғанын атап өтті.
– Біздің жаңартылатын энергия саласындағы әлеуетіміз 1 триллион кВт/сағ деп бағаланады. Оған Францияның «Total», Сауд Арабиясының «ACWA Power», Біріккен Араб Әмірліктерінің «Masdar» және Германия мен Швецияның «Svevind Energy Group» сияқты ірі жаһандық компаниялары қызығушылық танытты. Бұл компаниялар қуаты 43 ГВт болатын жаңартылатын энергияны өндіру жөніндегі жобаларды жүзеге асыруға ниетті. Италияда электр энергиясының үштен бірі «жасыл энергетика» көздері есебінен өндірілетіні белгілі. Осы тәжірибені ескерсек, италиялық компаниялар да аталған жобаларды іске асыруға ниет білдірген кәсіпорындардың қатарына қосыла алады. Біз бұл маңызды саладағы әріптестікті, мейлі ол өндіріс, технология трансферті немесе тәжірибе алмасу болсын, дамытуға аса мүдделіміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы технологиялық революцияны және алдағы уақытта аса маңызды шикізатты өндіру және өңдеу саласында жаһандық сұраныстың еселеп өсетіні жөніндегі болжамды ескеріп, Италия кәсіпкерлерін осы бағытта ынтымақтастық орнатуға шақырды.
– Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Қазақстанда құны 46 триллион доллардан асатын бес мыңнан астам барланбаған кен орны бар. Бүгінде біз Еуропа Одағына мүше елдердің экономикасына қажетті ең маңызды 34 шикізаттың 19 түрін өндіреміз. Қажетті инвестиция болса, кобальт, вольфрам, литий сияқты пайдалы қазбалардың 9 түрін игеруге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, көлік-логистика – ынтымақтастықтың тағы бір өзекті саласы. Қазақстан өңірлік хабқа айналуы үшін Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуды белсенді түрде қолға алды.
– Орта дәліз «Бір белдеу, бір жол» бастамасын толықтырады. Біз оны Еуропа Одағының Трансеуропалық көлік желісімен және «Жаһандық қақпа» стратегиясымен ұштастыруды көздеп отырмыз. Сонымен қатар «Үлкен жетіліктің» Жаһандық инфрақұрылым және инвестициялар саласындағы серіктестігі (PGII) жөніндегі бастамасын қолдаймыз. Соңғы 15 жылда Қазақстан көлік инфрақұрылымына 35 миллиард доллардан артық қаржы құйды. Алдағы үш жылда 1300 шақырымнан астам теміржол желісін салуды жоспарлап отырмыз. Бұл Қытай, Оңтүстік Азия және Еуропа бағыттарындағы тауар тасымалын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сондықтан италиялық инвесторларды біздің айлақтарымызды дамыту, жүк тасымалдаушы кемелерді бірлесе шығару және логистикалық орталықтар құру ісіне белсенді атсалысуға шақырамыз. Қазақстан аумағы арқылы өтетін 13 халықаралық бағыттың, сондай-ақ Алматы мен Милан арасындағы тікелей әуе рейстерінің арқасында екі елдің қарым-қатынасы бұрынғыдан да беки түсті. Біз Астананы Рим және Милан қалаларымен жалғайтын тікелей рейстерді ашу жоспарын қуана құптаймыз. Бұл біздің экономикалық қатынастарымызды және халықтарымыз арасындағы байланысты нығайтуға, сондай-ақ туризмді ілгерілетуге оң септігін тигізері сөзсіз, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласында бірлескен инвестициялық жобаларды тиімді жүзеге асыру үшін зор әлеует бар екеніне тоқталып, Италия бизнес элитасының назарын осы бағытқа аударды.
– Территориямыздың 70 пайыздан астамы ауыл шаруашылығына жарамды. Еліміз Орталық Азиядағы астықты өлке саналады. Біз бидай мен ұн өндіру бойынша әлемдегі он елдің қатарына кіреміз. Ауыл шаруашылығы өнімдеріміз әлемнің 80-нен астам еліне жеткізіледі. Әлемде азық-түлік тапшылығы артып келе жатқанын ескере отырып, біз осы сектордың өнімділігін үш есе және экспортты екі есе арттыруды көздеп отырмыз. Қазақстан италиялық серіктестерімен бірге дәнді және майлы дақылдарды өсіру, сондай-ақ макарон, ет және сүт өнімдерін өндіру бағыттарындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі, – деді Президент.
Мемлекет басшысы дөңгелек үстелге қатысушыларды биотехнология, фармацевтика салаларындағы инвестициялық мүмкіндіктер туралы хабардар етті. Қасым-Жомарт Тоқаев Италияның бірқатар ірі компаниясын Қазақстанда жергілікті өндіріс ашуға шақырды.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев IT-саласын дамытудың және «Астана» халықаралық қаржы орталығының артықшылықтарына арнайы тоқталды.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, Қазақстанның әлеуетті инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін айтты. Сондай-ақ кездесуге қатысушыларды «Астана» халықаралық форумына қатысуға шақырды.
Жиын барысында Италия Республикасы Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары – Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Антонио Таяни, CDP тобының бас атқарушы директоры Дарио Сканнапьеко, «Confindustria» компаниясының интернационалдандыру жөніндегі вице-президенті Барбара Джакомелло, «CONFAPI» компаниясының президенті Кристиан Камиса, «Leonardo SpA» тобының президенті Стефано Понтекорво, «Fincantieri SpA» компаниясының бас атқарушы директоры Пьерроберто Фолгьеро, «PetrolValves» компаниясының бас атқарушы директоры Сандро Малкори, «Pietro Fiorentini» компаниясының бас атқарушы директоры Паоло Нарди және тағы басқалар экономиканың тиісті салалары бойынша Қазақстанмен арадағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларына қатысты көзқарастарын білдірді.
Инвестициялық дөңгелек үстел аяқталған соң, Мемлекет басшысының қатысуымен бірқатар екіжақты құжаттарға қол қою рәсімі өтті.
«Самұрық-Қазына» АҚ мен «Balestra» арасындағы Түркістан облысы Созақ ауданы Тайқоңыр ауылында қуаты жылына 800 мың тонна болатын күкірт қышқылы зауытын салу жобасының шарттары мен мерзімін айқындайтын келісім; «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен «SACE» арасындағы экономиканың басым секторларындағы инвестициялық жобалар жөнінде Италияның қатысуымен жасалған мәмілелерді сақтандыру лимитін белгілеу туралы негіздемелік келісім; «Самұрық-Энерго» АҚ мен «Ansaldo Energia SpA» арасындағы қуаты 544 МВт-қа дейін жететін бу-газ қондырғысын салу арқылы Алматыдағы үшінші ЖЭО-ны реконструкциялауды көздейтін ынтымақтастық туралы келісім; Қазақстандағы италиялық кәсіпорындарды және Италиядағы қазақстандық кәсіпорындарды қолдауға, сондай-ақ Қазақстан мен Италия бизнесі арасындағы экономикалық және сауда қатынастарын нығайтуға бағытталған «Атамекен» ҰКП мен «Confiindustria» арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.
Бірқатар қабылдаулар өткізді
Мемлекет басшысы ресми сапары аясында «Eni» компаниясының бас операциялық директоры Гвидо Брусконы қабылдады. Әңгімелесу барысында Қазақстан мен «Eni» компаниясы арасындағы өткен жылғы ынтымақтастықтың нәтижелері және алдағы ықпалдастықтың әлеуеті қарастырылды.
Былтыр Каспий құбыр желісі консорциумы арқылы 63,5 миллион тонна мұнай тасымалданды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қашаған және Қарашығанақ кен орындарында мұнай өндірудің жалпы көлемі 30,8 миллион тоннаны құрады.
Президенттің пікірінше, Қазақстан Үкіметі мен консорциумның барлық қатысушысының, соның ішінде «Eni» компаниясының бірлескен күш-жігерінің арқасында осындай нәтижеге қол жеткізілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтөбе және Түркістан облыстарында жалпы қуаты 150 МВт болатын жел және күн электр стансаларының құрылысына қатысты жүзеге асырылған жобаларды жоғары бағалады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысына италиялық компанияның Маңғыстау облысында газ өңдеу зауытын, қуаты 250 МВт болатын гибридті электр стансасын салу және алдағы уақытта биодизельге өңдеу үшін өсімдік майын өндіру жоспары туралы мәлімет берілді.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті «Maire Tecnimont» компаниясының Бас атқарушы директоры Алессандро Берниниді қабылдады. Әңгімелесу барысында энергетика және мұнай химиясы салаларындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.
Мемлекет басшысы компанияның декарбонизация және энергетикаға көшу жөніндегі жобаларды іске асыру ісінде мол тәжірибесі бар екенін, сондай-ақ оның 45 елде кең көлемде жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
Президенттің айтуынша, Қазақстан көмірқышқыл газының қалдықтарын айтарлықтай азайтуға және жасыл технологияларды дамытуға бағытталған «Maire Tecnimont» компаниясының маңызды жоспарына зор қызығушылық танытып отыр. Себебі еліміз Париж келісімі аясында 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөнінде міндеттемелер қабылдады және өндірісте үздік технологияларды енгізуге ұмтылады.
Алессандро Бернини Қасым-Жомарт Тоқаевқа компанияның әлем бойынша іске асырып және әзірлеп жатқан ірі жобалары туралы мәлімет берді. Сондай-ақ Қазақстанның энергетика секторын дамыту жөнінде өз ұсыныстарын айтты.
Мемлекет басшысы компанияның елімізде газ-химия кешенін салуға қатысу ниетін оң бағалады. «Maire Tecnimont» компаниясымен Атырау облысындағы газ-химия кешені құрылысының екінші кезегінің полимерлеу учаскесін жобалау жөніндегі шартқа өткен жылдың сәуір айында қол қойылды.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы NEOS әуе компаниясының президенті Лупо Раттацциді қабылдады. Кездесу барысында азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, екі ел арасындағы тікелей әуе қатынастары сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстар мен туризмнің дамуына тың серпін береді. Президент Алматы – Милан әуе рейсіне сұраныстың жоғары екенін атап өтті. Бұл рейс ашылғалы бері 70 мыңға жуық жолаушы тасымалданған.
Өз кезегінде Лупо Раттацци аймақтағы әуе бағыттарының ауқымын кеңейту жөніндегі жоспарын таныстырды. Атап айтқанда, Алматы – Милан бағытындағы рейс санын көбейту, Астана және Рим, сондай-ақ Астана және Милан арасында әуе қатынастарын ашу жоспарланып отыр.
Президент «NEOS» әуе компаниясымен ынтымақтастық Қазақстандағы азаматтық авиация мен көлік-логистика салаларын дамытуға оң ықпал ететініне сенім білдірді.
«NEOS» компаниясы 2001 жылы құрылған. Оның негізін италиялық «Alpitour S.p.А.» және германиялық «TUI Group» туристік компаниялары бірге қалады. Ол Италияның ең ірі жеке авиакомпанияларының бірі ретінде 70-тен астам бағытқа тасымал жасайды. 2022 жылы компанияның табысы 640 миллион АҚШ долларын құрады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Bonifiche Ferraresi» компаниясының Бас атқарушы директоры Федерико Веккьониді қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Федерико Веккьони Қазақстанның аграрлық секторындағы инвестициялық жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз бидай өсіру бойынша көшбасшы елдердің қатарына кіретінін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан – Италияға негізгі бидай жеткізуші мемлекеттердің бірі, сондай-ақ ел ішінде астық өңдеу үлесін арттыруды жоспарлап отыр.
Өз кезегінде Федерико Веккьони компанияның Қазақстанда италиялық технологияларды пайдалана отырып, дәнді дақылдарды өсіру және өнімді одан әрі терең өңдеу жөніндегі жобаларды іске асыруға, сондай-ақ мамандар даярлауға және технология трансфертіне қатысты жоспары туралы айтты.
Мемлекет басшысы Үкіметтің компанияға жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар италиялық компания интенсивті бау-бақша шаруашылығын және тұқым шаруашылығын дамыту жөніндегі бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.