Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» басылымына берген сұхбатында: «Мемлекеттік қызметшілер өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқаратын кәсіби маман ғана болмауы керек. Олар әрдайым бастамашыл, нақты ісімен елге пайда әкелетін және өзгерістердің өміршеңдігін халыққа көрсете алатын азамат болуы қажет. Сондай-ақ олар білімді-білікті ғана емес, сөзі мен ісі үйлесетін, тиянақты, тәртіпті және арлы адам болуы тиіс. Қарамағымда қызмет істейтін азаматтардың маған емес, Әділетті Қазақстанды құру идеясына адалдығы әлдеқайда маңызды», деп қоғамға әділдік һәм адалдық қағидатын орнатудың маңызын алға тартқан еді.
Қай заманда, қай уақытта болсын қоғамды береке мен бірлікке бастайтын, елдің шаңырағын шайқалтпай, іргесін сөктірмей ұстап тұратын ұстыны – әділдік. Ежелгі Қытай ойшылы, біздің заманымызға дейінгі 550 жылдар шамасында өмір сүрген Күңзі қария (Конфуций) «Әділдігі жоқ қоғам ешқашан кемелденбейді» деген екен.
Расында, солай. Ұлыстың бірлігі үшін әділдіктен асқан абырой жоқ. Оны біздің ата-бабаларымыз жақсы білген. Ертеде жалын жырларымен даланы тербеген батыр-жыраулар бұқара халыққа «досың түгілі жауыңа да әділ бол» деп үйреткен. Әділдіктен аттамай, оны берік ұстануды қазақ жұрты өзінің ежелгі дәстүр-салтына сіңіріп, одан қалды заң-жарғыларына енгізіп, бұлжытпай қадағалайтын болған. Яғни аталарымыз ежелден әділдікті өмір сүрудің өзегі деп білген. Тіпті сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с) жеткен: «Қиямет күнінде әділ болғандарға Алла Тағала нұрдан жасалған таққа отырғызады», деген хадис жеткен.
Мұның бәрін неге айтып отырмыз? Қазақ халқы сонау бағзы заман, көне дәуірде тарих қойнауына жұтылып кетпей бүгінге жетуі, анығын айтқанда, әділдік, адалдық үкіміне бой ұсынғандығының және оны өмір сүру салтының бұлжымас өзегі ретінде ұстана білгендігінің жемісі екені анық. Яғни аталарымыз әділдікті абырой биігінің өлшемі ретінде бағалап, қандай қиындыққа тап келсе де, әділдік жолынан айнымауының нәтижесінде кейінгі ұрпақ – біз тәуелсіздік дейтін тұғырдың биігінде қонақтап отырмыз. Мысалы, атақты Жиембет жырау:
«Түн ұйқымды бөлгенмін,
Жұртымды жөнге салам деп,
Бас кессе де басылмай,
Әділдік үшін жасырмай,
Атқа мінген ер едік», десе, ойшыл ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы:
«Нысап пен мейiрiм, әдiлеттi,
Жаныңдай көрiп жан сақта», деген.
Бұл жоғарыда атап өткеніміздей әділдікті ту ету аталарымыздан қалған өсиет һәм әділдік арқылы бұқараны бірлік пен берекеге ұйыстыра білгеніне дәлел. Сол сияқты ғұлама Абай атамыз 38-қарасөзінде «Кімде-кімнің әділеті жоқ болса, оның иманы жоқ» десе, өткен ғасыр басында алаш баласының көшбасшысы Әлихан Бөкейхан «Жұрт әділ болмай, ісі оңға баспайды», деген екен.
Басқасын былай қойғанда, өткен заманда халқымыздың көсегесін көгерту үшін жүрек майын шам қылған қазақ арыстары құрған «Алаш» партиясына қандай адамдар мүшелікке қабылданатыны туралы «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 253-санында жарияланған бағдарламада: «...Бағытынан таймайтын, өтірік айтпайтын, жақындық туысқа бүйрегі бұрмайтын, дүниеге қызығып сатылмайтын, шыншыл, әділ, тура кісі осы партияға кіреді» депті. Яки, алаштар да ең әуелі әділдікті ту еткен.
Осы орайда «әділдік» ұғымын зерттеуші әлеуметтанушылар екі топқа бөліпті. Біріншісі – әлеуметтік әділдік. Бұл үрдіс бұзылған жағдайда қоғам жік пен тапқа бөлінеді. Нәтижесінде, наразылық өршіп, оның соңы берекесіздікке ұласуы мүмкін. Өйткені әділдік талап еткен бұқараның ашу-ызасы қандай бір толқу тудырары анық. Екіншісі – құқықтық әділдік. Бұл – қоғамдағы адам құқығының сақталуы. Бұл – адамның қоғамға сіңірген еңбегінің әділ бағалануы, қылмыс пен жазаның әділ берілуі, т.б. өлшенеді. Саяси ғылымдар докторы Сейілбек Мұсатаевтың пайымдауынша, қоғамдағы құқықтық әділетсіздіктің өрістеуі, экстремистік көңіл күйдің туындауына соқтырып, әлеуметтік жік тереңдейді десе, Стэнфорд университетінің профессоры Николас Блум «әділеті жоғалған қоғам күйреуге бет алған кеме сияқты», депті.
Сөзімізді түйіндесек, әділдік мәселесі қай заманда, қай қоғамда да өте өзекті. Мысалы, дана бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби «Қоғам ізгіленбей әділдік орнамайды», деген екен. Немесе көне грек ойшылы Аристотель пікірінше, ізгі адамдар ғана әділетті қоғамда өмір сүруге лайық көрінеді. Осы құндылықтар еліміздің бүгінгі әділеттілік бағытының дұрыс екенін көрсетеді.