• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Экология 21 Қаңтар, 2024

Аққу неден қырылды?

673 рет
көрсетілді

Ақтау қаласының маңындағы Қаракөл жасанды көлі – әсіресе қыс мезгілінде ұшып келетін сан түрлі құстың жиналатын мекені. Биыл көл сыбырлақ аққулар үшін қолайлы болмады. Былтырғы желтоқсаннан бергі бір ай ішінде мыңнан астам аққу өлексеге айналды. Қаңтар айының 18-не дейінгі мәлімет бойынша 1 018 құстың өлексесі тіркелген болса, соның 41-і Қарақия ауданындағы теңіз жағалауынан табылған. Бұл жағдай тұрғындардың алаңдаушылығын туғызып, әлеуметтік желі бетінде түрлі қоғамдық пікір-болжамның тарауына негіз болды.

Құзырлы орындар тарапынан аққулар өлімінің басты себебі «құс тұмауы болуы мүмкін» делінгенмен, тұрғындар бұл уәж­бен келіскен жоқ. Олар Қаракөлге құбыр ар­қылы құйылатын төңіректегі демалыс орындарының қалдық суларының кесірі деген болжамдарын көлденең тартып отыр.

Аққу қырғынының себебін анықтау мақсатында Маңғыстауға орнитолог мамандар арнайы келді. Алматы қала­сынан келген мамандар мен жергілікті эко­бел­сенділерді аймақ басшысы Н.Ноғаев қа­былдады.

– Қаракөлдегі аққулар өлі­мінің нақты себебін іздеуге белсенді қатысқаны үшін сарапшылар Виктория Кош­вар мен Федор Карповқа, мәселені ше­­шуге қатысқан экобелсенділерге ал­ғыс білдіремін. Бұл мәселе көпші­лік­тің алаң­даушылығын тудырып отыр. Алдағы айларда осы бірегей су айды­нының биоалуантүрлілігін зерттеу үшін ғалымдар тобы келеді, деген облыс әкімі сарапшылардың пікірін тыңдау қажеттігін айтып, эмоционалды реакция­лардан аулақ болуға шақырды.

Көшпелі конференцияда мамандар Қаракөл көліндегі жағдайға кеңінен тоқталды. Олардың айтуынша, аққулар өлімінің себебі – құс тұмауы. Әсіресе жас аққулар, яғни балапандар қысқа қоңсыз келіп, май жинап үлгере алмағандықтан, салқын мен тұмауға төтеп бере алмай өліп жатыр екен.

– Құс тұмауы – бүкіл әлемде кең таралған құбылыс. Каспийде де бұл ауру жағдайы жиі тіркеледі. Мысалы, екі жыл бұрын аққудың қара бас күлкі мен чеграва тұқымдары жаппай қырылды. Сол кезде аққулардың өліміне мұнай қалдықтарын төгу себеп болды деп есеп­телгенмен, үкіметтік комиссия олар­дың құс тұмауынан қырылғанын анықтады. 2015 жылы құс тұмауы бұйра бірқазанда ғана табылды, алайда бір жерде мекен ететін, бір түр тармағына жататын қызғылт бірқазанға әсер етпеді. Екі жыл қарабас өгізшағала мен үлкен қарқылдақ шағалалардың өлімі тіркелді, ал шағаланың басқа түрлері аман қалған еді. Бұл жағдай тек біздің аумақта ғана болған жоқ: Каспийдің Ресей жағындағы бөлігінде, Жерорта теңізінде және тіпті Мичиган көлінде құстардың едәуір бөлігі өлді. Биыл сыбырлақ аққулардың өлімі байқалады және аққудың өзге түрлері дін аман. Біздің есептеуімізше, әр жыл сайын қыста Маңғыстауда шамамен 50 мың сыбырлақ аққу қыстайды. Биыл құс тұмауынан аққулардың жаппай қырылуы алғаш рет орын алып отыр, бұл – ерекше жағдай емес, та­биғи үдеріс. Байқауымызша, қысқы су­ыққа шыдамаған жас құстар өлген. Ақ­қуларды құтқару – қар көшкінін қол­мен ұстап, тоқтатқыңыз келетіні сияқ­ты мүмкін емес дүние. Сол себепті үй­рек пен қаз сияқты үй құстарына құс тұмауын жұқ­тырудың алдын алу ма­ңыз­ды. Вирус белсенділігін өлі құс­тардың денесінде, салқын ауа райында ұзақ уақыт сақтайды, тіпті -27 С гра­­дуста да вирус белсенді болады. Алай­­да Маңғыстаудың ауа райын­да вирус бір сағаттан аз өмір сүреді, – деді биология ғылымдарының кандидаты, орнитолог және тәуелсіз сарапшы, Қазақстан құстарды қорғау одағының және Мензбирлік орнитологиялық қо­ғамының мүшесі Виктория Ковшарь.

Сарапшы демалыс орындарының ағынды суларының әсерін жоққа шы­ғарды.

– Көлге төгілетін сарқынды сулар көлдің биохимиялық құрамына қатты өзгеріс әкелмейтіндіктен аққулардың өліміне әсер етпейді. Көлге түсетін органикалық заттар зиян тигізбейді, керісінше көмектеседі, егер ол зиян кел­тірсе, аққулар ғана емес, басқа да құстар қырылатын еді. Алматы маңындағы Сорбұлақ, Атыраудағы «Тухлая балка» және Батыс тұндырғыш сияқты еліміздің көптеген қаласында сарқынды суларды тазарту нысандары бар. Бұл орындардағы көптеген органикалық зат құстардың алуан түрлілігіне ықпал етеді. Мысалы, Атыраудағы «Тухлая балка» аймағында алакөз сүңгуір үйрек пен ақбас үйрек сияқты Қызыл кітапқа енген құс түрлері ұя салады, – деді ол.

Қаракөл көлі 40 жылдан бері құстар табиғатын зерттеумен айналысып жүр­ген В.Ковшарь мен Ф.Карповтың назарына ілінгелі 16 жыл болған. Олар биыл санаққа сәйкес көл аумағынан шамамен 18,5 мың аққуды тіркей алған.

– Орын алып отырған жағдай сы­бырлақ аққу үшін ерекше күзету мәр­тебесін қажет етпейді, сондықтан Қызыл кітапқа енгізу қажеттілігі жоқ, – деді В.Ковшарь.

Кездесуде жергілікті экобелсенді Ә.Қо­зыбақов аққуларды қолдан та­мақ­­тандырудың дұрыс емесін айтып, Ауыл шаруашылығы министрлігі ве­те­ринариялық бақылау және қада­ғалау комитетінің облыстық аумақ­тық инспекциясының басшысы Т.Нұр­тазин облыстың ветеринариялық қыз­мет­тері күн сайын жеке қосалқы шаруа­шылықтардағы үй құстары арасындағы эпизоотиялық жағдайға мониторинг жүргізіп отырғанына тоқталды. Ай­туынша, облыста үй құстарының арасында құс тұмауы тіркелмеген. Ма­мандар Қаракөлге барып құстарды үркі­тіп, оларға қосымша салмақ салудың қажеттігі жоқтығын, адамдардың әрекеті көлдегі өзге құстардың тіршілігіне зиян тигізуі мүмкін екенін ескертті. Жұмыс комиссиясы Қаракөл көлінің аумағын табиғатты қорғау полициясы қызметкерлерімен патрульдеу туралы шешім қабылдаған.

Орнитолог мамандар аққулардың жаппай қырылуын құс тұмауымен байланыстырды, бірақ бұл тұрғындардың көкейіндегі ағынды қалдық суларға қатысты көп күмәнді сейілткен жоқ. Ақ­қулар өлімі қашан тоқтайды – оған нақты жауап жоқ, ал халық аққулар ажалының себебі мен ағынды сулар әсері туралы ақиқат ақыры айтылады деген пікірлерінде қалды.

 

Маңғыстау облысы