Ойға алған шаруаның оңынан оңғарылып жатқаны қандай жақсы. Шұбар ауылында 300 оқушыға лайықталған жаңа білім ошағы есігін айқара ашып, ата-аналарды бір қуантып тастады.
Жалпы білім беретін мектепте 12 пән кабинеті бар. Сондай-ақ кең де жарық алты бастауыш сынып кабинеті жұмыс істейтін болады. Құрылысшылар қалағынан жаңа шыққан спорт пен мәжіліс залы, кітапхана айнадай жарқырап тұр. Сөз арасында ауылдың 168 оқушысы сонау 1962 жылы салынған көнетоз мектепте оқып келген болатын. Енді, міне, жаңа тоқсанның басында жан жадыратар жақсылық орын алды.
– Мектеп ұжымында 34 мұғалім жұмыс істейді, – дейді мектеп директоры Мүбәрак Байшолақов. – Жаңа білім ошағы салына басталғалы құрылыс жұмысы қашан бітеді екен деп тағатсыздана күттік. Бүгінгі күн жалғыз оқушылар ғана емес, ата-аналардың да мерейі үстем болған сәт.
Осындай жағымды жаңалық Целиноград ауданының бірқатар елді мекенінде орын алмақ. Ауданда 10 білім ошағы мен бір балабақша салынып жатыр. Айтпақшы, өңірде өткен жылы алты жаңа мектеп пайдалануға берілді. Астана төңірегіндегі ауылдарда орналасқан білім ошақтарында үш ауысымды оқыту жүйесі орын алып, халықтың өкпе-назын тудырып тұр еді. Жібек жолы ауылында 300 орындық, Қосшы қаласында 1200 орындық мектептер салынғаннан кейін бұл мәселе шешімін тапты. Қосшы қаласында жеке инвестиция есебінен салынған 1500 орындық мектеп мемлекет меншігіне берілді. Ақкөл қаласының №4 мектебіне қосымша ғимарат қосылды.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 22 600 оқушыға арналған 18 мектеп салу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда 7 мектептің құрылысы басталды.
Ақмола облысы