• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 21 Қаңтар, 2024

Заң жолындағы дәйектілік

168 рет
көрсетілді

Қоғамды ішінен ірітетін, адамгершілікке жат қылықтарды ақтауды көздейтін кез келген әрекетке және құқықтық нигилизмге тұтас ел болып тосқауыл қою, заңсыздық пен қатыгездікке батыл қарсы тұру, нормалар мен ережелердің, жалпы адамзатқа ортақ құндылықтардың аяқасты болуын қатаң айыптап, онымен бірлесе күресу мәселелерін Мемлекет басшысы «Egemen Qazaqstan» газетіндегі сұхбатында ерекше атап өтті.

Қазақстанда жүргізіліп жатқан іргелі реформалар елді саяси жаңғыр­туға, демократияны одан әрі дамыту­ға, оның ішінде азаматтардың мемл­екет­тік басқару үдерісіне қатысуын арт­ты­руға бағытталған. Толыққанды рефор­малаудың бір бағыты – сот билігін жаңғыртуға, адам құқықтарын қор­ғауға және заңның үстемдігіне бағыт­талған демократиялық реформалар.

Сот жүйесінде жүргізіліп жатқан реформа міндеттерінің бірі – сот төрелігін сапалы іске асыру, соттар мен судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету, судьялар корпусына жоғары білікті заңгерлер тарту, сондай-ақ сот үдерісіне азаматтар мен бизнес құқықтарының кепілдіктерін күшейту.

Мемлекет басшысы 2023 жыл­ғы 28 наурызда «Қазақстан Рес­­публикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына қол қойды. Заңға сәйкес, судьялар тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған қосымша кепілдіктер енгізілді. Мәселен, судья­ларға қатысты жедел іздестіру шараларын қолдануға санкция беруге Бас прокурорға ғана құқылы. Сондай-ақ соттарға деген сенімді нығайту және сот жүйесін демократияландыру, сот төрелігін іске асыру рәсіміне азаматтық қоғамның қатысуын жандандыру мақсатында алқабилер сотының институты заңнамалық деңгейде дамып келе жатқанын атап өткен жөн.

Елімізде сот iсiн жүргiзу алқа­билердің қатысуымен 16 жылдан астам уақыт жүзеге асырылып келеді (2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген). Осы кезеңде екі рет (2015 және 2019 жылдары) алқабилердің қатысуымен сотта қаралатын аса ауыр қылмыстар құрамы кеңейтілді.

2023 жылғы 1 қаңтардан бас­тап күшіне енген 2019 жылғы 27 желтоқсандағы заңда алқабилердің қатысуымен аса ауыр қылмыстардың барлығы дерлік қаралып келеді. Бұл 30 қылмыс құрамын қамтиды. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпы алғанда 40-тан астам қылмыс құрамы, оның ішінде 30-дан астамы – аса ауыр, 13 – ауыр және ауырлығы орташа қылмыс алқабилердің қатысуымен қаралуға жатады. Атап айтқанда, азаптау, рейдерлік, браконьерлік, мас күйінде жол-қозғалыс ережелерін бұзу және басқа да көп азаматтың мүдде­лерін қозғайтын немесе қоғамдық резонанс тудыратын қылмыстық істер. Алқа­би­лердің қатысуымен қаралатын қыл­мыс­тардың құрамын кеңейту сот жүйес­ін жетілдіруге және сот төрелігін іске асы­рудың тиімділігін арттыруға бағытталған.

Сот жүйесін одан әрі реформалау – бұл уақыт талабы, өйткені бұл біздің бүкіл сот жүйесінің тиімді қызметіне берік және дәйекті түрде қол жеткізуге бағыт алғанымызды көрсетеді.

Мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы – адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау. Конс­титу­цияда адам, оның өмірі, құқық­тары мен бостандықтары мемлекеттің ең жо­ғары құндылықтары болып жариялан­ған. Елдің Негізгі заңына сәйкес, адам­ның құқықтары мен бос­тандықтары туғаннан бастап барлығына тиесілі, абсолютті және бөлінбейтін деп танылады, нормативтік-құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуын анықтайды.

2022 жылғы конституциялық рефор­маны іске асыру аясында Парла­мент адам құқықтарын қорғау жүйе­сін нығайтуға бағытталған бірқатар ма­ңыз­ды конституциялық заңды қа­был­дады. Оның ішінде, атап өтетін болсақ, Мемлекет басшысы 2022 жылғы 5 қарашада қол қойған «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Конституциялық заң қабылданып, конституциялық-құқықтық мәртебе берілген Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты адам мен азаматтың құ­қық­тары мен бостандықтарын қорғау жүйе­сіндегі маңызды тетікке айналды. Бүгінгі күні Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметі азаматтардың бұзыл­ған құқықтары мен бостандық­тарын қалпына келтіруге және оларды ілгерілетуге сеп­тігін тигізіп келеді. Уәкілдің өңірлік өкіл­дік­терінің ашылуы халықтың осы инс­ти­тутқа деген сенімін арттырып отыр.

Әр азамат құқы мен бостандығы бұзылған жағ­дай­да Адам құқықтары жөніндегі уәкіл­ге жүгінуге хақылы. Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің кепілдіктерін қамтама­сыз ету, сондай-ақ олардың бұзыл­ған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру мақсатында мем­лекеттік және қоғамдық институттармен өзара бірлесе 2016 жылдан бастап Бала құқықтары жөніндегі уәкіл инс­титуты құрылды.

Балаларға қарсы қылмыстардың алдын алу жүйесін одан әрі дамыту, оларды жасағаны үшін жазаны қатаңдату үшін Бала құқықтары жө­ніндегі уәкіл мен мүдделі мем­лекеттік органдар балалардың қауіп­сіздігін қамтамасыз ету жөніндегі заң жобасын әзірлеп, Мәжіліске жіберді. Халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары мен заңды мүдделерінің кепілдіктерін қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылғы маусымнан бастап Президент жанында Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл институты енгізілді. Институттың енгізілуі мемлекеттің барлық адам үшін мүмкіндіктер теңдігі мен әділдікті қамтамасыз етеді. Қоғамдық игіліктер­дің жоғары деңгейіне және халықтың әлеуметтік осал санаттарын, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қолдауға кепілдік беріледі.

Қазақстан жаңару және жаңғырту жолында ел дамуының ұзақмерзімді перспективасына бағдарланған қайта құру үдерісінің терең әлеуметтік және саяси трансформациясын жүргізіп келе­ді. Осылайша, президенттік баста­ма­лар­ды іске асыру Мемлекет бас­шы­сы­ның би­лік институттарымен өзара қа­рым-қаты­насының неғұрлым тиімді мо­делін қа­лыптастыруға, сондай-ақ респуб­ли­ка­дағы жеке адамның құқық­тары мен бостандықтарын қорғаудың құқықтық кепілдіктерін күшейтуге мүмкіндік береді.

Қазақстан дамудың жаңартылған жолымен жүріп келеді, кері жол болмауға тиіс. Өйткені халық ескі жолмен өмір сүре алмайды, ел дамуындағы жаңа тәсілдер оның тұрақтылығы мен өркендеуін қамтамасыз етеді.

 

Мұрат ҚАДЫРБЕК,

Сенат депутаты