• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
12 Маусым, 2010

ҚАУІП-ҚАТЕР ЕЛДЕР КҮШ БІРІКТІРГЕНДЕ ҒАНА ЕҢСЕРІЛЕДІ

719 рет
көрсетілді

Кеше Ташкентте Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше Мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы өтті. Осымен оныншы рет өтіп отырған Ұйым Кеңесінің отырысында өңірлік және халықаралық өзекті мәселелер талқыланды. Отырысқа Ұйымға мүше Мем­лекеттер басшылары – Қазақстан Рес­публикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтао, Ресей Федера­ция­сының Президенті Дмитрий Мед­ведев, Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Каримов, Тә­жік­стан Республикасының Прези­денті Эмомали Рахмон және Қыр­ғыз Республикасы Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Руслан Қазақбаев, байқаушы мем­ле­кеттерден – Моңғолияның Пре­зиденті Цахнагийн Элбэгдорж, Пәкс­тан Ислам Республикасының Президенті Асиф Али Зардари, Үн­дістан және Иранның Сыртқы іс­тер министрлері, арнайы шақы­рыл­ған елдерден Ауғанстан Президенті Хамид Карзай, Түркіменстан Пре­зиденті Гурбангулы Бердымұхам­ме­дов, сондай-ақ халықаралық бе­делді ұйымдардан өкілдер қатысты. ШЫҰ Кеңесінің мәжілісі Ұйым­ға мүше Мемлекеттер басшы­лары­ның шағын құрамдағы отыры­сынан басталды. Одан кейін оты­рыс кеңейтілген құрамда әрі қарай жалғасты. Кеңес отырысына Өз­бекстан Республикасының Пре­зиденті Ислам Каримов төрағалық етті. Отырысты ашардағы сөзінде Ислам Каримов Ұйымға қатысушы Мемлекеттер басшылары кеңесінің шағын құрамдағы отырысында қа­ралған мәселелерден қысқаша ха­барлама жасады. Өзбекстан бас­шы­сының атап өтуінше, отырыс аса мазмұнды және жоғары деңгейде өткен. Өңірлік және халықаралық маңызды проблемаларға баса назар аударылып, сол мәселелер төңі­ре­гін­де пікірлер алмасылған. ШЫҰ-ның жыл ішіндегі жұмыс қоры­тын­ды­сына баға беріліп, қол қоюға баян­далған құжаттар жобасы қарас­ты­рылған. Сонымен қатар, оты­рыс­тың күн тәртібі – ШЫҰ ая­сын­да көпжоспарлы ынтымақ­тастықты тереңдету және Ұйымның халықаралық беделін көтеру мәселелері талқыланыпты. Қалыптасқан дәстүрге сәйкес мемлекеттер басшыларына сөз аль­фа­вит бойынша берілді. Сөйтіп, ал­ғашқы сөзді Қазақстан Республи­ка­сының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алды. Қазақстан басшы­сы бірінші кезекте Өзбекстан Пре­зиденті Ислам Каримовті ШЫҰ-дағы төр­ағалығын табысты аяқта­ған­дығымен құттықтап, Мемлекет бас­шылары кеңесін тамаша ұйым­дастырғаны үшін ризашылығын білдірді. Өткен жылдар бедерінде Шан­хай ынтымақтастық ұйымы өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты ны­ғайту мәселелеріндегі көпжақты үнқатысудың беделді форумы және маңызды тетігі ретінде берік ор­нық­ты, деді өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев. ШЫҰ-ның қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері бойынша жоғары дең­гейі ұйымның уақыт тынысымен ты­ныстап, сыртқы қауіп-қатерлерге күш біріктіре қарсы тұрып, оларды өзара сенім мен түсіністік негізінде еңсеруге болатынын көрсетіп берді. Қазақстан Президенті сондай-ақ ШЫҰ құрылуының онжылдығы қарсаңында еліміздің ұйымға төр­ағалық тізгінін ұстайтыны біздің өңі­рімізде болып жатқан саяси оқи­ғаларды есепке алғанда ерекше жауапкершілік жүктейтінін атап көр­сетті. Осыған байланысты ШЫҰ-ға қазақстандық төраға­лық­тың негізгі басымдықтарының бірі Орталық Азия өңірінде бейбіт­ші­лікті сақтай отырып, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету болады. Мұның, әсіресе, Қырғыз­стандағы оқиғалармен байланысты көкейкестілігі арта түседі. Бауырлас Қырғызстан халқына бүгінгі қиындықтарды еңсеруде, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақ­тап, әлеуметтік-экономикалық жағ­дайды жақсартуға қол жеткізуде кө­мек қолын созудың маңызы ерекше жоғары. Қырғызстанға ШЫҰ-ның гуманитарлық көмегінің маңызы зор, деді осы орайда Қазақстан бас­шысы. ШЫҰ қызметінің аса маңыз­да­ғы бағыттарының бірі терроризммен күрес болып қалып отыр және бұл бағытта ұйымның Өңірлік антитер­рор­лық құрылымы (ӨАТҚ) белсен­ді жұмыс атқаруда, деп жалғады сө­зін Нұрсұлтан Әбішұлы. Қазақ­стан­ның ЕҚЫҰ-ға төрағалығын есепке алатын болсақ, ШЫҰ-ның ӨАТҚ Атқару комитеті мен ЕҚЫҰ-ның Антитеррорлық бөлімшесі ара­сындағы байланыстарды тереңдету үшін жақсы мүмкіндік бар. Қазақстан Президенті осы ретте ШЫҰ ӨАТҚ мен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Контртеррорлық коми­теті және 1267 комитеті, Интерпол, БҰҰ басқармасы аясында жұмыс істейтін есірткі мен қылмысқа қар­сы құрылым – ОАӨАҮО арала­рын­дағы өзара іс-қимылды іс жү­зін­де кеңейте түсу қажет деген пайы­мын ортаға салды. Контр­тер­рор­лық ынтымақтастықтың шарт­тық-құқықтық базасын дамыту үлкен маңызға ие. Қазақстан ШЫҰ-ға мүше мем­лекеттер үкіметтері арасындағы қыл­мыспен күрестегі ынтымақ­тас­тық туралы келісімге қол қойыл­ғанын қуана құттықтайды. Бұл жер­де террорлық белсенділіктің та­мырына қан жүгіртіп отырған не­гізгі көздердің бірі – есірткі сау­дасына қарсы күреске айрықша назар аударылып отыр. ШЫҰ-ның 2011-2016 жылдарға арналған Есірт­кіге қарсы стратегиясын қа­был­дау есірткінің заңсыз айна­лы­мымен күреске бағытталған шара­лар­дың тиімділігін арттыруға оң ық­пал ететін болады, деді Нұрсұл­тан Назарбаев. Қазақстан ШЫҰ-ға мүше мем­лекеттердің бірлескен күш-жігерін өңірде бүгінде жұмыс істеп тұрған есірткінің заңсыз айналымына қар­сы күрес құрылымдары төңірегіне топтастыруды ұсынады. Орталық­азия­лық өңірлік ақпараттық-үйлес­тіруші орталық (ОАӨАҮО) есірт­кінің заңсыз айналымымен күрес жөніндегі жаһандық желінің ма­ңыз­ды элементі бола алар еді. Біз­дің бәріміз Ауғанстанның орнықты және тұрақты дамуын қалаймыз. Аталған елдегі ахуалдың қалыпқа түсуіне Орталық Азия өңіріндегі және тұтастай алғанда әлемдегі бей­бітшілік пен қауіпсіздік тәуелді болып табылады. Осылай деп ой сабақтаған Қазақстан басшысы Ауғанстанды ШЫҰ кеңістігіндегі интеграциялық үдерістерге – экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастыққа, оның ішінде “ШЫҰ-Ауғанстан” байланыс тобы желісі бойынша, белсендірек тартудың маңызы зор екеніне екпін түсірді. ШЫҰ мен Ауғанстанның Терроризммен кү­рес, есірткінің заңсыз айналымы мен ұйымдасқан қылмыс проб­ле­ма­лары бойынша іс-қимыл жоспа­рын тиімді жүзеге асырудың ма­ңызы зор. Экономикалық кооперация Шанхай ұйымы қызметінің маңыз­ды бағыттары қатарына жатады және салалық министрліктер мен ведомстволар жетекшілерінің кеңесі жұмысын, сондай-ақ ШЫҰ-ның Сауда-экономикалық ынтымақтас­тық бағдарламасына байланысты іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру жө­ніндегі арнайы жұмыс тобының қызметін белсенділендіруді талап етеді. Біздің елдеріміздің энергети­ка­лық болашағына әлемдік қуат көз­дері қорларының тапшылығы ықпа­лын есепке алсақ, деп жалғады сөзін Нұрсұлтан Әбішұлы, ШЫҰ аясында өндірісшілердің, тасымал­дау­шылар мен қуат көздерін пай­даланушылардың стратегиялық мүд­делерін үйлестіруге болатын энергетикалық қоғамдастық құру­дың барлық мүмкіндіктері бар екеніне сенім мол. Маңызды бағыттардың қата­рын­да көлік коммуникацияларын дамыту тұрғанын атап өткен жөн. Қазақстан, трансқұрлықтық авто­көлік инфрақұрылымын белсенді да­мытып отырған ел ретінде, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үкі­мет­тері арасында халықаралық авто­мо­биль тасымалы үшін ыңғайлы жағ­дай жасау туралы келісімді үйлес­тіруді жеделдетуді ұсынады. Қаржы жүйесі дағдарысы тереңдете түсіп отырған әлемдік рыноктағы тұрақ­сыздық жағдайында жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне айтар­лық­тай қатер төнеді. Сондықтан ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үкі­мет­тері арасында қол қойылуы жос­пар­ланып отырған ауыл шаруашы­лығы саласындағы ынтымақтастық туралы келісім аталған қауіп-қатер­дің салдарын азайтуға бағытталған шаралар қабылдауға оң ықпал ететін болады. Нұрсұлтан Назарбаев келесі ке­зекте жұртшылық назарын соңғы кездері жиі бой көрсете бастаған табиғи және техногендік катак­лизм­дерге аударды. Мұндай жағ­дай­да, деді Мемлекет басшысы, Қазақстанда ШЫҰ-ның төтенше жағдайлардың алдын алу мен сал­дарын жою жөніндегі орталығын құру табиғи апаттардың ықпалын азайтуға мүмкіндік беріп қана қоймай, мүше елдердің бір-біріне көмектесуіне жағдай туғызады. Нұрсұлтан Әбішұлы қауіпсіз­діктің көкейкесті өлшемдерінің бірі – ақпарат саласына назар аударды. Өңірдегі соңғы оқиғаларды ескере келгенде, бірлескен іс-қимылсыз ақ­параттық қауіпсіздікті техника­лық, сонымен бір мезгілде мазмұн­дық тұрғыдан да қамтамасыз ету қиын болатынына көз жеткіз­ге­ні­мізді атап көрсетті. Осы ретте 2011 жылы ШЫҰ жауапкершілігі айма­ғын­да нақты жұмыс істейтін ақпа­раттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тетігін жасау үшін таяу уақыттарда консультациялар өткізу қажет деп санайтынын мәлімдеді. Бұл тұрғыда мә­дениет, туризм және спорт, білім беру және денсаулық сақтау сала­ла­рын­дағы ынтымақтастық пен ШЫҰ аясында жастар арасындағы бай­ланыстарды дамыту перспек­ти­валарының болашағы зор. ШЫҰ-ның халықаралық ық­пал­ды құрылым ретіндегі мәрте­бесін одан әрі нығайту оның ха­лық­аралық және өңірлік бірлес­тіктермен байланысын кеңейтуді қарастырады. Қазақстан өзінің ЕҚЫҰ-дағы төрағалығын, Азиядағы өзара іс-қи­мыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестегі рөлін, сондай-ақ еліміздің ИКҰ Сыртқы істер министрлері кеңесіндегі алдағы төрағалығын аталған ірі өңірлік форумдардың Шан­хай ұйымымен өзара іс-қи­мылын кеңейту үшін пайдалану ние­тінде, деді Нұрсұлтан На­зарбаев. Қазақстан басшысы сөзінің соңында бүгін еліміздің 2010-2011 жылдары өзіне ШЫҰ-дағы төр­аға­лық секілді жауапты миссияны ала­тынын атап өтті. Қазақстан Рес­публикасы Шанхай ынтымақ­тас­тық ұйымындағы төрағалығы лауазымында өзінің негізгі күш-жігерін көпжақты ынтымақтас­тық­ты тереңдету бойынша біздің қо­ғамдарымыздың сабақтастығын қамтамасыз етуге бағыттайтын бо­л­ады. Сонымен қатар, байқаушы мем­лекеттер мен үнқатысу бой­ын­ша әріптестерді ШЫҰ қызметіне тартуға, оның халықаралық бай­ла­ныстарын әлемдік беделді геосаяси субъект ретінде белсенділендіруге жоғары назар аударылады, деді Қазақстан басшысы. Біз Шанхай ынтымақтастық ұйымының үйлестіруші тетіктерін нығайту, барлық бағыттарда өзара тиімді ынтымақтастықты терең­де­ту, біздің ұйымымыздың халық­аралық аренадағы беделін одан әрі арттыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтын боламыз. Біздің біріккен күш-жігерлері­міз­дің нәтижесінде осы және басқа да көптеген міндеттер табысты жү­зеге асатынына сенімдімін. Барлы­ғы­ңызды 2011 жылдың 15 маусы­мын­да Шанхай ынтымақтастық ұйымының күнінде Астанада көре­мін ғой деп үміттенемін, деді сөзі­нің соңында Нұрсұлтан Назарбаев. Бұдан соң сөз Қытай Халық Рес­публикасының Төрағасы Ху Цзиньтаоға берілді. Қытай басшы­сы Өзбекстанның ШЫҰ-ға төр­аға­лық етуі барысында ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылғанын, Қы­тай елі оны жоғары бағалайтынын айта келіп, Ұйым аясында жүзеге асы­рылған негізгі іс-шараларға тоқ­талды. Төрағаның атап өтуін­ше, осыдан алты жыл бұрын ШЫҰ-ның Ташкенттегі мәжілісі­нен бергі уақытта Шанхай ынты­мақтастық ұйымы өңірде қауіп­сіз­дік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде ауқымды жұмыстар атқарды. Әсіресе, соңғы жылдары ШЫҰ аясындағы ынтымақтастық артып, жаңа сатыға көтерілді. Ташкенттегі сол саммитте ынтымақтастықты ке­ңейту туралы келісім жасалған еді. Бүгін соған қол жеткізіліп отыр. Қытай Төрағасы осыған риза­шылық білдіріп өтті. Сонымен қатар, Ху Цзиньтао бүгінде әлемде экономикалық ынтымақтастық дамып, халықаралық саясат өзгеріп жатқанын, жаһандық экономика­лық дағдарыс елдерді жақындас­ты­ра түскенін атай келіп, Қазақ­стан­ның ШЫҰ-ға төрағалық етуіне табыстар тіледі. Келесі жылы ШЫҰ-ның құрылғанына он жыл толатынын, осы мерекелік дата Астанада Ұйымға мүше Мемлекет­тер басшыларының кеңесінде кеңінен әңгіме болатынын атады. Ресей Федерациясының Пре­зи­денті Дмитрий Медведев ШЫҰ-ның халықаралық беделі уақыт өт­кен сайын артып келе жатқанына назар аударып, Ұйым аясында Қыр­ғызстандағы жағдайды тұрақ­тандыру жайына тоқталды. Ресей Президентінің хабардар етуінше, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер өңір­дегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге барынша күш-жігер жұмсап келеді. Сондықтан да Қырғызстандағы жағдайды тұрақ­тан­дыруға көмек қолын созды. Осыған байланысты Ұйымға қаты­сушы бірқатар елдер шұғыл әрекет жасауға тура келді. Бұл мәселені біздер шағын құрамдағы отырыста да талқыладық, деді Дмитрий Мед­ведев. Сөз жоқ, бұл – өте ма­ңызды тақырып. Біздің елдер уа­қыт оздырмай дер кезінде қырғыз халқына көмектесе білді. Бүгін біздер алдағы уақытта Қыр­ғыз­стан­ға ШЫҰ желісі бойынша ық­пал етуді үйлестіру жөніндегі мә­се­лені де талқыладық. Оны өкі­летті ведомство жүргізетін болады. Ресей Президенті, сондай-ақ Қырғызстанның мемлекеттілігі жайында да пікір білдірді. Оның айтуынша, ШЫҰ Қырғызстанға өз миссиясын жібереді. Олар 27 маусымда өтетін референдум үдерістерін бақылайды. Бұған қоса Дмитрий Медведев Ұйымның өңірдегі қауіпсіздікті нығайту барысындағы іс-шараларын атай кетті. Ұйымға мүше мемлекеттер арасында лаңкестікке, экстремизм мен сепаратизмге қарсы күресте тығыз ынтымақтастық орныққан. Ұйымның Өңірлік антитеррорлық құрылымы жұмыс істейді. Бүгінде ШЫҰ-ның аталған мәселелер мен күрестегі іс-қимылы халықаралық деңгейде жоғары бағаланып отыр. Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон ШЫҰ-ның басты мақсаты өңірде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қам­тамасыз ету екеніне, алдағы уақыт­та да солай болып қала беретініне тоқталды. Президенттің тоқталып өткеніндей, Ұйым соңғы жылдары беделді халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық жасай бастады. Жақында ШЫҰ Хатшылығы мен БҰҰ Хатшылығы арасында қол қойылған бірлескен декларация­ның маңызы зор. Бұл құжат орын алуы мүмкін кикілжіңдерді беделді осы екі ұйым бірлесе отырып рет­теуге жол ашады. Сондай-ақ ол Ауған­станға байланысты да пікір білдірді. Эмомали Рахмонның ха­бардар етуінше, кейбір мәселелер қазіргі кезде тоқтап тұр. Бұдан соң Президент Қырғызстанды тұрақ­тан­дыру өңір үшін аса жауапты екен­дігін атап өңірдегі энергети­калық қауіпсіздік жайын сөз етті. Ал Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрінің мінде­тін атқарушы Руслан Қазақбаев негізінен Қырғызстандағы жағ­дай­ды, жақында өтетін референдум баян етіп, осы шаралар елді саяси жағынан тұрақтандырып, эконо­ми­калық даму жолына бағыттай­ты­нын атады. Халықаралық ұйым­дарды референдум үдерістерін бақылауға шақырды. Сонымен қатар, ол 10 маусымнан 11 мау­сым­ға қараған түні Ош облысында орын алған қайғылы оқиғалардан да хабардар етті. Ұйым Кеңесінің кеңейтілген отырысында, сондай-ақ Моңғолия Президенті Цахнагийн Элбэгдорж, Ауғанстан Президенті Хамит Кар­зай, Түркіменстан Президенті Гур­бангулы Бердымұхаммедов, тағы бас­қалар сөз алып, Шанхай ынты­мақтастық ұйымының қызметіне ризашылықтарын білдірді және Қа­зақстанның Ұйым төрағалы­ғындағы қызметіне табыстар тіледі. Ұйым Кеңесі отырыстарының қорытындысында ШЫҰ-ға қаты­сушы мемлекеттер басшылары бірқатар құжаттарға қол қойды. ШЫҰ-ға мүше Мемлекеттер бас­шылары кеңесінің оныншы оты­рысының декларациясы қабыл­данды. Сонымен қатар, Ұйымның жаңа мүшелерін қабылдау туралы ережеге, Ұйымның процедуралық тәртібін бекіту туралы шешімге, Ұйымға мүше мемлекеттер үкімет­те­рі арасындағы ауыл шаруа­шы­лығы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге, тағы басқа құжат­тарға қол қойылды. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.