• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 23 Қаңтар, 2024

Асыл тұқымды сиыр фермасы

217 рет
көрсетілді

Ауылға бетбұрыс бас­талды. Агросаланың ауқы­мын ұлғайту – Мемлекет бас­шысының басты наза­рын­дағы мәселе. Был­тыр­ғы Жолдауында агро­өнер­кә­с­іпті өркендету турасында Солтүстік Қазақстан облы­сы­ның әлеуетін үлгі қылған еді.

«Осы ретте 100-ден астам ірі сүт-тауар фермасы салынып жат­қан Солтүстік Қазақстан облы­сы­ның жетістіктері көпке үлгі. Шаруалардың тәжірибесі мол, жемшөп қоры да жеткілікті. Оған қоса байыпты қолдау шаралары қолға алынған. Осының бәрі тұ­та­са келе тәп-тәуір нәтиже бе­­ріп отыр. Құс фабрикаларын, кө­кө­ніс қоймаларын, ет өнімдерін шы­ғаратын кәсіпорындар салған кез­де осы тәжірибені бас­шылыққа алу керек», деді Президент.

Міне, сол ірі сүт фер­ма­ла­рының бірі Нұра ауда­нына қарасты Көбетей ауылында салынып жатыр. Жылына 10 мың тонна сүт өндіреді. Жаңа кәсіпорын іске қосылып, жүздеген жұмыс орны құрылып, «екі қолға – бір күрек» таба алмай жүрген ауылдағы ағайын жұмыспен қамтылады. Жаңа кешен мың бас сауын сиырға арналып тұрғызылған. Кәсіпорын ауыл тұрғындарын қосымша жұ­мыс орнымен қамтамасыз етіп қана қоймай, жергілікті өнім өнді­рі­сін де ұлғайтады.

Ферма жаңа агроөнеркәсіптік кешендерге жеңілдікпен несие берудің мемлекеттік бағдар­ла­ма­сы бойынша салынып жатыр. Аталған нысанның құрылуына «Черниговское и К» ЖШС және «Рамадан МФ» ЖШС бастама­шы­лық етіп отыр.

Серіктестік бұған дейін тек дәнді дақыл өсірумен айналысқан. Ферма құрылысы былтыр бас­талды. Құрылысшылар қысқа қарамай жұмыстарын атқарып жатыр. Қажетті құрылыс материал­дары толық жеткілікті.

– Бұл арада бес фермадан тұра­тын кешен, сондай-ақ жемшөп өндіруге арналған сүрлем алаңы болады. Күзге дейін құрылыс жұ­мыс­тарын аяқтап, нысанды іске қосамыз деген жоспарымыз бар, – дейді «Черниговский и К» ЖШС-ның басқарушы менеджері Арман Нұржанов.

Тауарлы-сүт фермасында арнайы астық тазартқыш қоймасы қатар орналасады. Бұл жерге тамшылатып суару жүйесі орнатылады.

– Сүт-тауар фермасын салу идеясы қызметімізді әртарап­тан­ды­ру ниетінен туындады. Біз – өсімдік өсірушілерміз. Бірақ жыл сайын моно дән егумен айна­лы­су қиындап барады. Сон­дық­тан «Рамадан МФ» ЖШС-мен бірігіп, Қарағанды облысы мен Астана шаһарының сүт өңдеу кә­сіпорындарын шикізатпен қам­та­масыз ететін заманауи тауарлы-сүт фермасын құру туралы шешім қа­был­дадық, – дейді «Чер­ни­гов­ское и К» ЖШС директоры Айдос Қанапин.

Фермаға жұмыстың барлық циклін автоматтандыруға мүм­кін­дік беретін заманауи бағ­дар­лама енгізілмек. Кәсіпкерлер Голь­штейн атты асыл тұқымды сиыр өсіруді қолға алмақ ниетте.

– Бұл сиырлар – ең сүтті тұ­қым­дардың бірі ретінде белгілі. Фер­маның жобалық қуаты – 1 100 бас. Күніне 10 мың литрге дейін сүт өндіруді жоспарлап отырмыз. Бәсекеге қабілетті еңбекақы төленетін 60 жаңа жұмыс орнын құрамыз. Бірінші кезекте ауыл тұрғындарын жұмысқа аламыз. Қазір олардың көпшілігі амалсыздықтан елордада жұмыс істеп жүр. Біздің ферма жастарға қаладан жұмыс іздемей, туған ауы­лында тұруға және жұмыс істеуге, елдің өсіп-өркендеуіне үлес қосуға, сонымен бірге жақсы та­быс табуға мүмкіндік береді, – дейді директор Айдос Канапин.

Тауарлы-сүт фермасы қажетті азықпен өзін-өзі қамтамасыз етеді. Ол үшін су тарту құрылысын және су құбыры желілерін салу жобасы әзірленген. Жоба сүрлемге және басқа да дәнді дақылдарға ара­ластыратын жасыл жүгері отыр­ғызу жоспарланған 700 гектар алқапты суаруды көз­дейді. Жоба «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағ­дарламасы бо­йын­ша қолдау тауыпты. Кә­сіп­кер­лер оны жүзеге асыруды күтіп отыр және аустрия­лық «Bauer» фирма­сы­ның алты шашыратқыш машинасын сатып алған.

– Бұл – «Сарыарқа» әлеу­мет­тік кәсіпкерлік корпорация­сы қолдаған аудандағы, тіпті облыс­тағы ірі тауарлы-сүт фермасын құру бойынша инвестициялық жобалардың бірі. Біздің ауданда қазір 30 басқа арналған бір ғана тауарлы-сүт фермасы бар. Жаңа ферма агроөнеркәсіптік сектор мен мал шаруашылығын дамытуға серпін береді, – дейді Нұра ауда­ны­ның ауыл шаруашылығы бөлі­мі­нің басшысы Ербол Мәмбетов.

 

Қарағанды облысы,

Нұра ауданы