«Nura arnasy» еріктілер штабының өкілдері Нұра аулындағы аула сыпырушыларға қысқы күртешелер тарту етті. Көпбалалы отбасыларға да үлестірді. Қайырымдылық акциясы астаналық кәсіпкерлердің қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
«Аула сыпырушылардың жұмыстары оңай емес. Қысы-жазы ауылды қоқыстан тазартады. Бізге Астанадан 30 күртеше жетті. Көп ойланбай, еңбек адамдарына табыстауды жөн көрдік. Еңбеккерлер ең үлкен құрметке лайық», дейді «Nura arnasy» еріктілер штабының және аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Талғат Шолтаев.
«Nura arnasy» еріктілер штабының өкілдері жақсылық жасап жарысады десек те болады. Мәселен, жаңа жыл қарсаңында мүмкіндігі шектеулі балаларға тәттілер таратқан. Қарттар үйіне барып, мерекелік дастарқан жайып берген. Жергілікті балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне спорттық құрал-жабдықтар сатып алуға жәрдемдескен. Жиырмадан астам жалғызбасты және қарт адамның ауласын қардан тазартып берген. Боран кезінде қар құрсауында қалып қойған көліктерге жәрдемдескен.
«Біздің штаб 120-дан астам еріктіні қамтиды. Қатарда мектеп оқушылары, студенттер және әртүрлі ұйым қызметкерлері, соның ішінде мұғалімдер де бар. Боран кезінде мұғалімдер тоқтап қалған көліктердегі жолаушыларды қар құрсауынан шығарып алуға көмектесті. Біз оларды жылыту пункттеріне дейін жеткіздік. Алдағы уақытта демеушілік көмектің арқасында біз әрқайсысының салмағы 50 кило болатын 30 азық-түлік жиынтығын таратуды жоспарлап отырмыз. Бізге негізінен елордалық кәсіпкерлер, ірі супермаркеттер мен ұйымдар көмектеседі», дейді Талғат Шолтаев.
Қарағанды облысы,
Нұра ауданы