Шығыс поэзиясының танымдық тамырына үңілсек, Жаратушымен болмыс бірлігіне ұмтылған лирикалық «менді» байқаймыз. От пен көбелек, гүл мен бұлбұл секілді канондық образдар ақын жанының абсолютті ақиқатқа талпынысын бейнелейді. Осы жолда күллі руханият сатыларын бағындырған кісі «кәмали инсан» немесе «толық адам» деп аталады. Дәл осы сатыда ол үшін пенделіктің пердесі аяқталып, адам – Құдай арасындағы шекара жойылады да, екі болмыс бір бүтінге айналады. Абайдың «әрбір хақиқатқа тырысып, иждиһатыңмен көзің жетсе, соны тұт, өлсең айырылма» деген концептуалды идеясы да осы ойды қуаттайды. Нәтижесінде ақиқатпен тұтасқан кемел рух енді тәңірлік диапазоннан үн қата бастайды. Қысқаша айтсақ, Құдайдың атынан сөйлейді. Енді аталған доктринаның ақын шығармашылығынан қалай көрініс табатынына тоқталайық. Заманында «Мен – Хақпын» деген әйгілі ұстанымы үшін опат болған мистик шайыр Мансұр Халлаж бен «Өзіме өзім табынам» деп жырлаған Мағжан Жұмабаев арасындағы рухани үндестік таңғалдырмай қоймайды.
875 жылы парсы даласында дүниеге келген шайыр Мансұр Халлаж – Ахмет Ясауи хикметтерінде ерекше құрметке ие тұлға. 12 жасында Құранды толық жаттаған Мансұр есейе бере діннің қасаң қағидаттарын мансұқтап, Құдайды мешіттен емес, жүректен іздеу керектігін уағыздай бастайды. Тіпті жағдайы келмеген мұсылмандар үшін Шалкиіз жыраудың Би Темірге айтатынындай, «жығылғанды тұрғызсаң, жылағанды уатсаң, қисайғанды түзетсең» қажылық сауабы дәл солай саған да жазылады деп түсіндіре бастайды. Сәйкесінше, шайыр догмашыл дін қазиларының қытығына одан сайын тие береді. Дәл осы ұстаным Мағжанның «Мешіт һәм абақты» өлеңінде әке мен бала диалогі ретінде көрініс табады. Онда ақын діни буквализмді қатты айыптайды:
«Бұл үйді мешіт дейді, құлыншағым,
Ерігіп, қуған болып ата заңын.
Анда-санда домалап бармағы үшін,
Салдырған өзіне арнап «жуан қарын».
Бес минут «жатып-тұрып», жуып алмақ,
Былғанған бұзықтықпен ұят-арын».
Бұл түсінікті Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінен кең тарқатуға болады. Онда адамның бойындағы үш сүю: Алланы сүю, адамды сүю және әділетті сүю бекімей жатып, ғибадат-құлшылықтың татымды жеміс бермейтіні айтылады. Не болмаса Шәкәрімнің «Анық асық – әулие» өлеңінде де ішкі дүниенің тазалығы сыртқы көріністен артық тұратыны баса назарға алынады:
«Таспиық, сәлде, жайнамаз,
Тастамасаң қыс пен жаз.
Жүрегiң болса тайғақ саз –
Сопысынып қылма наз».
Солай Мансұрдың жүрек ілімі ел ішінде кең етек ала бастайды. Кейін оның ақиқат (хақтық) жайлы мәлімдемесі биліктің ең қатал жазасына кесілуіне себеп болды. Ол Халлаждың «Әнел Хақ» деген жария сөзі еді. Яғни «мен – құдаймын, мен – хақпын» деп сөйлейді рухты шайыр. Мағжан да өзінің «Мен кім?» өлеңінде құдайлық құдіретін байқата жырлайды:
«Өзім – тәңірі, табынамын өзіме,
Сөзім – Құран, бағынамын сөзіме!»
Ескеру керек. Бұл ешқандай да эгоистік-нарцистік сөз емес. Бұл жерде ешқандай «мен» атаулы жоқ. Керісінше мұнда – пенделіктің пердесін жыртып, Аллалық ареалдан асқақтап сөйлеген ақынның рухы. Мансұр да, Мағжан да ғашықтықты асқан шеберлікпен өзінше жырлады. Және түбі осы ғашықтық сезімі оларды күллі дүниенің «Тәңірі» қылып сөйлетті. Мейлі, екі тұлғаның өмір салты, алған білімі, түйген түсінігі бірдей болмасын, бірақ та олардың әділетке, ұлы ақиқатқа ұмтылған ақын жүректері өзара бір тактіде соғып тұрғандай әсер қалдырады.
1925 жылы Жүсіпбек Аймауытұлының Ташкенттегі қазақ студенттерінің алдында жасаған «Мағжанның ақындығы туралы» баяндамасында «Мағжанның ақындығын сынауға біліміміз, күшіміз кәміл жетеді деп айта алмаймыз», дейді. Сол секілді біз де Мағжан шығармашылығындағы «Тәңір» концепциясын, одан бөлек ұлы шайыр Мансұр Халлаждың дүниетанымын толық түсінуге әліміз жетпейтіні анық. Әйтсе де бұл қос ақынның ашылмаған аралдарын зерттейтін келешектегі керекті ізденістеріміздің алғашқы кішкентай сәулесі деп білеміз.