Қарағандылық полицейлер өзге облыстан қала орталығына келіп, есірткі сатпақ болған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
«Қала орталығынан аса ірі мөлшерде есірткі сақтады деген күдікпен 25 жастағы талдықорғандық азамат ұсталды. Ұсталған азаматқа жүргізілген тінту жұмыстары барысында одан ұнтақ тәрізді 30 орам зат тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген заттың жалпы салмағы 22 грамм синтетикалық психотроптық зат екені белгілі болды», делінген хабарламада.
Жауап алу кезінде күдікті Алматы облысының аумағында есірткі және психотроптық заттарды сатумен айналысқанын мойындаған.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктіге қатысты қамауға алу бұлтартпау шарасы қабылданды. Қазір тиісті тергеу әрекеттері жүріп жатыр.