Керекудегі коммуналдық сала қызметінің монополистері отпен ойнап отырғандай. Бірінен соң бірі тарифті көтеруге әрекеттеніп жатыр. Бұған дейін Екібастұзда жылу бағасы өскені туралы жазып едік. Енді алдағы айларда облыс орталығында электр жарығы – 27, ауыз су – 25, кәріз жүйесін пайдалану 9 пайызға қымбаттауы ықтимал.
Жергілікті тұтынушылар өзгеріске ешбір негіз жоқ деген пікірде. Себебі өткен жылдың 1 қазанында ғана компания орталықтандырылған суық судың текше метрін 96,52 теңгеден 155,96 теңгеге көтерген. Арада жарты жыл өтпестен монополист халықтан артық пайда табудың амалына тағы кіріскендей.
«Павлодар-Водоканал» ЖШС директорының орынбасары Валерий Филяевтің сөзінше, тарифті көтеруге электр энергиясы мен отын бағасының қымбаттауы себеп болған. Бұған қоса алдағы уақытта әбден тозған су құбырларын ауыстыруға әрекеттеніп көрмекші.
– Ауыз су тарифін – 25, техникалық суды шамамен 62 пайызға ұлғайтуды ұсынып отырмыз. Біз өтінімімізді монополияларды реттеу жөніндегі өңірлік департаментке жолдадық. Қолданыстағы тарифтеріміз кәсіпорынның кідіріссіз жұмыс істеп тұруы үшін қажет экономикалық шығындарды жаппайды. Қызмет төлемдерінен түскен қаражаттың нәтижесінде 2025 жылы су көтеретін сорғыларды жалғастыратын негізгі құбырды жаңартып, Назарбаев көшесінде коллектор салғымыз келеді. Алғашқы жобаның құны – 1,5 млрд теңге, екіншісіне 100 млн теңгеден аса инвестиция құямыз, – дейді ауыз су мекемесінің өкілі.
Кәсіпорынның бұл ұсыныстары тұтынушыларға ұнап отырған жоқ. «Әділдік жолы» РҚБ Павлодар облыстық филиалының жетекшісі Нұргүл Қайырденованың дерегінше, су арнасы жеке меншік компания болғанына қарамастан мемлекет қазынасынан жылма-жыл миллиардтаған теңге төленіп отырған көрінеді. Мәселен, 2017-2023 жылдар аралығында Павлодардағы кәріз жүйесін жаңғыртуға бюджеттен 16 млрд 79,8 млн теңге жұмсалса, ауызсу жүйесін жаңартуға 2 млрд 692 млн теңге бағытталған.
– Егер коммуналдық желілерді жаңартуды мемлекет өз жауапкершілігіне алып отырса, тарифті көтерудің қажеті қанша? Бұл компанияға аудиторлық және салық тексерістері жүргізілгені туралы ақпарат та жеткіліксіз. Егер желілердің барлығы мемлекеттің есебінде тұрса, біздің қала билігі тұрғындарға ауызсу жеткізу үшін неге «Павлодар-Водоканал» ЖШС-мен шарт жасасып отыр? Мемлекеттің қазынасынан бір, халықтан екі асап отырған монополистің бұл ойлағаны қисынсыз. Ауызсу сатуды табыс көзіне айналдырып, ал қызмет көрсету шығындарын мемлекет пен халықтың мойнына артып қою жарамайды, – дейді белсенді.
Нұргүл Әментайқызының пікірінше, монополист халықтың ақшасына жаңадан су құбыры мен коллектор салып, оны өзінің меншігі етіп алмақшы. Одан да жоспардағы желілерді бюджет қаражатына салған тиімді деп есептейді. Есесіне ол нысандар коммуналдық баланста қалады әрі тарифтер өспес еді.
Негізі үлкен қалалардағы ауызсу мекемелері еліміз тәуелсіздік алғалы маңызы зор стратегиялық нысан саналатыны мәлім. Өкінішке қарай, 2017 жылы Үкіметтің №933 қаулысымен «Ерекше стратегиялық маңызы бар, оның ішінде жалға және сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін су шаруашылығы құрылыстарының тізбесі» бекітіліп, салдарынан Павлодардағы сумен жабдықтауды қамтамасыз ететiн су шаруашылығы құрылыстары (cу жинағы құрылыстары, сорғы стансалары, тазартқыш су құбыры құрылыстары) сенімгерлік жалға беріліп кеткен. Бұл нысандарды пайдаланғаны үшін «Павлодар-Водоканал» бюджетке ай сайын небәрі 96 млн теңге арендалық ақы төлейді. Тұтынушылардан түсетін өзге қаражат монополистің қалтасына құйылады.
– Білуімше, еліміз бойынша мұндай сенімгерлік басқару Павлодар мен Шымкент қалаларында ғана сақталып тұр. Монополистердің ойынын тыюдың уақыты жетті. Су кодексінің 25-бабында су құрылыстары мемлекет қарауында болуға тиіс екені анық жазылған. Алайда біздің облыс талапты орындамай отыр. Бұған қоса «Павлодар-Водоканал» қызметкерлері тозған желілердің орнына полиэтилен құбырларын салып жатыр. Полиэтилен құбырлар, әрине, арзанға түседі. Бірақ зақым келсе, оны жөндеу мүмкін емес, тек ауыстыру керек. Өркениетті мемлекеттер әлгіндей құбырды қабылдамайды. Оларда шойын және қорғаныш қабаты бар болат құбырлар кеңінен пайдаланылады, – дейді Н.Қайырденова.
Атап өтерлігі, ауызсу кәсіпорнының құрылтайшысы Георг Шпейзердің өзі – бүгінде Германия елінің азаматы. Осыдан бірнеше жыл бұрын ол қазақ жеріндегі бизнесін жергілікті қалталы азаматтар тартып алайын деп жатыр деп шу көтерген. Содан бері монополистен жоғарыда аталған су құрылыстарын мемлекет иелігіне қайтар деп талап етуге ешкім бата алмай отырған тәрізді.
ПАВЛОДАР