Енді елімізде денсаулығына байланысты демалыс парағы тек электронды түрде беріледі. Денсаулық сақтау министрлігі еңбекке жарамсыздық қағазын алу үшін емханаға келудің қажеті жоқ екенін айтты, деп жазады Egemen.kz.
Еңбекке жарамсыздық парағын ашу-жабу процесі электронды түрде жүргізіледі. Қызметкерге қағазды тасып, жұмыс берушіге қол қоюдың қажеті жоқ.
«Биыл қағаз түріндегі еңбекке жарамсыздық парағын толығымен алып тастадық. Еңбекке жарамсыздық парағын ашу туралы фактілер де азаматтың келісімімен жұмыс берушіге электронды түрде беріледі. Егер бұрын еңбекке жарамсыздық парағы қызметкер жұмысқа келген кезде әкелінетін болса, енді біз еңбекке жарамсыздық парағы ашылған немесе ұзартылған сәтте хабарлаймыз», деді Денсаулық сақтау вице-министрі Бейбіт Есенбаев.
Бұл қызметті eDensaulyq қызметінен және eGov.kz мобильді қосымшасынан табуға болады.