Жақында Балқаш қаласына жаңа автобустар барады. Енді қала тұрғындары мен қонақтары тозығы жеткен қоғамдық көліктермен қатынамайды.
Өндіріс өркендеген шағын шаһарға жаңа 29 автобус келеді. Жағымды жаңалықты «ОрталықТрансСервис» ЖШС бас директоры Рустам Исаев жеткізді.
– Қала тұрғындары үшін өте қолайлы автобустар қатынайды. Сыйымдылығы үлкен автобустар Балқаштың климатына сәйкес келеді. Отандық өнім. Біздің талабымызға сәйкес автобусты мейлінше жолаушыларға ыңғайлы етіп жасаған. Заманауи үлгідегі ұзындығы 10,5 метр болатын іші кең автобустар. Сонымен қатар қыста автобус ішін жылыту үшін пештер саны көбейтілген. Балалы жолаушылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы орындар бар. Жазғы қапырықта ыстықты басатын кондиционері де қойылған. Арнайы бейнекамерамен де жабдықталған, – дейді Р.Исаев.
Бүгінде қалаішілік жолаушыларды тасымалдауда 25 автобус жұмыс істеп келеді. Осы айдың соңына дейін жаңа қоғамдық көліктер шаһарға жетеді деп жоспарланып отыр. Осылайша, балқаштықтар енді ескі автобустармен қош айтысады.
Қарағанды облысы,
Балқаш қаласы