• RUB:
    4.86
  • USD:
    441.58
  • EUR:
    480
Басты сайтқа өту
Оқиға 30 Қаңтар, 2024

«Полицейді көлігімен сүйреп әкеткен». Астанада мас жүргізуші ұсталды (видео)

158 рет
көрсетілді

«Мас жүргізуші – қылмыскер» рейдтік іс-шарасы барысында патрульдік полиция қызметкерлері KIA көлігінің жүргізушісін мас күйінде ұстады. Хабарлама күндізгі уақытта «102» пультіне келіп түскен, деп жазады Egemen.kz.

«Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері Мәскеу мен Потанин көшелерінің қиылысында жолдың қарсы жағындағы KIA көлігін тоқтатқан. Алайда сақшылардың тоқтату талаптарын елемеген жүргізуші жол қозғалысына қатысушыларға қауіп төндіріп, көлікті тек бағдаршамның қызыл түсі жанғанда тоқтатқан. Осы кезде полицей көлікке жүгіріп келіп, есікті ашпақ болғанда жүргізуші жылдамдықты арттырып, инспекторды жол бойымен 20-30 метрдей сүйреп әкеткен», делінген ІІМ баспасөз қызметінің ақпаратында.

Медициналық сараптама жүргізушінің көлікті орташа дәрежедегі мас күйінде басқарғанын анықтады. Сонымен қатар 23 жастағы жас жігіттің жүргізуші куәлігі де болмағаны анықталған. Құқық бұзушыға қатысты әкімшілік кодекстің екі бабымен – ішкі істер органы қызметкерінің заңды талабын орындамау және масаң күйде басқаруға құқығы жоқ адамның көлік құралын басқаруы бойынша іс қозғалды.

Сот шешімімен жүргізуші 20 тәулікке қамауға алынып, көлік коммуналдық тұраққа қойылды.