Илон Масктың «Neuralink» нейротехнологиялық компаниясы алғаш рет адам миына имплант салды. Бұл жаңалықты миллиардер өзінің «Х» парақшасында жариялады.
Жобаның негізі 2016 жылдың шілдесінде қаланған. Оның мақсаты − адам миына имплантацияланатын чиптер әзірлеу. Илонның айтуынша, нейрондық интерфейстер әлемді жасанды интеллектің алдын орауға қабілетті етеді. Масктың компаниясы өткен жылдың наурызында нейрондық чипті миына ерікті түрде салдыратын адам іздеген еді. Бүгінде алғашқы операциясы сәтті өтті. «Бірінші адамға «Neuralink» импланты салынды, операциядан кейін қалпына келу үдерісі жақсы жүріп жатыр», деп жазды Илон Маск.
Ми импланты бірінші кезекте мүмкіндігі шектеулі, сал ауруына шалдыққан, аяқ-қолынан айырылған адамдарға салынады. Әлемді таңырқатқан технология зағип жандарға көру қабілетін қалпына келтіруге және эпилепсиямен ауыратындарға ұстамадан арылуға көмектеседі. Яғни чип мидағы дұрыс емес дүниенің бәрін түзете алады.
Имплант бас сүйектің астына орнатылып, электродтардың көмегімен миға қосылып, адам ағзасының функцияларын орындай бастайды. Компания 2024 жылы барлық аяғы сал болып қалған еріктілерге операция жасауды жоспарлап отыр. Ал жұрт қорқып отырған миға дағдыларды жүктеу және басқа да фантастикалық артықшылықтар туралы әзірге сөз болған жоқ.
Алғашында операция жануарларға жасалды. 2020 жылдың тамызында «Neuralink» мамандары шошқаларды сәтті чиптеген еді. Инженерлер имплантты жануарлардың миына енгізіп, содан кейін оны денсаулығына зиян келтірмей шығарып алды. Чиптің көмегімен ғалымдар сымсыз байланыс арнасы арқылы жануардың миының тактильді орталықтарының белсенділігін бақылай алды.
Кейінірек журналистер чиптерді енгізгеннен кейін сынақ жануарларында жағымсыз реакциялар пайда болғанын білді. Басқалармен қатар, ішінара паралич, диарея және мидың ісінуі тіркелді. Тіпті бірде чип салынған бір маймылдағы чиптің бекітпесі босап, бас сүйегіне зақым келген.