Астанада «Самұрық-Қазына» АҚ қоғамдық кеңесінің отырысы болып, онда қордың қаржылық ахуалы, бастамалары және жүзеге асқан жобалардың жай-күйі туралы ауқымды ақпарат берілді. «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов холдингтің 2023 жылғы жұмыс қорытындысы туралы әңгімелеп, 2023 жылғы таза пайда шамамен 1,9 трлн теңге деңгейіне жетеді деп болжанып отырғанын мәлімдеді.
«2022 жылы мұнайдың орташа бағасы барреліне – 99 долларды, ал 2023 жылы – 81 долларды құраса да, қара май бағасы шамамен 20%-ға төмендеді. Сонымен қатар ел ішінде өсіп келе жатқан сұраныс аясында газ экспортының көлемі қысқарды. Бұл ретте ішкі нарықтағы газ бағасы экспорттық бағадан әлдеқайда төмен. Таза пайда бойынша 2022 жылмен салыстыруға болатын нәтижелерге біз өтімділікті тиімді басқару және қазынашылық портфельдің арқасында қол жеткіздік. Мемлекеттік холдинг ұлттық компанияларда бос қаражатты басқарудың бірыңғай саясатын қабылдады, банктермен келіссөздер жүргізіп, қордың ақшасын орналастыру шарттарын жақсартты. Біз еркін өтімділік бойынша кірістілік жағынан жоспарлы көрсеткіштен екі есе асып кеттік», деді Жақыпов.
Қоғамдық кеңес отырысында сөз алған экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директор Айдар Рысқұлов Қарағанды облысындағы Достық-Мойынты теміржол учаскесіндегі екінші жолды салуға қаржы Ұлттық қордан алынғанын айтты.
«Самұрық-Қазына» Ұлттық қордан стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларға қаржы алады. Мысалы, Достық-Мойынты екінші жолын салу жобасы транзиттік және экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған. Достық-Мойынты учаскесінде екінші жол салу жобасындағы қазақстандық қамту үлесі 85%-дан асады. Мұндай жобаның өтелу мерзімі 20 жылдан асатындықтан, оны нарықтық ресурстар есебінен қаржыландыру мүмкін емес. Сонымен қатар Қазақстанда 400 млрд теңгеден астам көлемде ұзақмерзімді қаржыландыру шектелген, яғни қаржыландыру көздері жоқ. Мұнда екі маңызды мәселе бар: қор қайтарымды негізде қаражат жинайды. Біз облигацияларды тарту арқылы қаржыны қайтарып аламыз», деді А.Рысқұлов.
Нұрлан Жақыпов 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендіру жоспарынан бірқатар еншілес компаниялардың алынып тасталғанын түсіндірді. Негізінен бұл «QazaqGaz» компаниясының құрылымдық бөлімшесі – «ҚазМұнайГаз-Сервис NS» құрылыс компаниясына байланысты. Дегенмен газ компаниясының өзі биыл IPO-ға шығарылуы мүмкін екен. Бірақ бұл тек Үкіметтің тарифтік саясат реформасынан кейін жүзеге асады. Қазіргі кезде тариф қалыптастырудың қолданылып отырған тәсілі экономиканың осынау аса сезімтал секторына инвестор тартуға мүмкіндік бермейді.
БЖЗҚ-ның трлн теңгеден астам қаражатының ескірген энергетикалық нысандарды жаңғыртуға және жаңаларын салуға жұмсалатыны да осы отырыс барысында айтылды.
«Бұл – 10 жылға негізделген ұзақмерзімді нарықтық қарыз беру. Көмір генерациясы жобалары үшін қаржы тарту өте қиын, өйткені банктер тарапынан шектеу бар. Біз БЖЗҚ-дан алған қаржыны осы көмір генерациясы жобаларына жұмсауды жоспарлап отырмыз. Жоспарланып отырған 1,5 трлн теңге – жалпы, алдын ала өтінім. Шешім қабылдау үдерісі мемлекеттік комиссия тарапынан мақұлдау арқылы өткізіледі. Яғни Үкімет әр жобаны жеке қарастырады. Қазіргі уақытта негізгі операторлар – «Самұрық-Қазына» мен «Бәйтерек». Қазақстан Даму банкі «Бәйтеректе» болғандықтан, холдингте басымдық бар. ҚДБ біздің энергетика, теміржол және өзге де салалардағы жобаларды қаржыландырады. Оның араласуы жобаны отандық мазмұнға сәйкес қылады және мультипликативті әсерін тигізеді», дейді Айдар Рысқұлов.
Қор ұсынғалы отырған жобалар қатарында ресейлік энергетикалық компаниялардың қатысуымен жүзеге асатын 3 ЖЭО құрылысының жобасы және Екібастұз ГРЭС-2-нің реновациясы бар.
«Екібастұз бойынша 3 және 4-блокқа қаражат тартуды жоспарлаймыз. Сондай-ақ ресейлік серіктестермен бірге үш ЖЭО құрылысын жүзеге асыруды талқылап жатырмыз. Яғни белгілі бір бөлігін бірлесе қаржыландырамыз деп отырмыз. Біз облигация тартамыз, демек барлық қаражат қайтарылады. Мемлекеттік қаржыны басқару бойынша тұжырымдамаға сәйкес тарту мөлшерлемесі тарихи инфляция деңгейінде тұр. Бұл құнсызданудан сақтауға кепілдік береді. Барлық жоба Ұлттық қор басқару кеңесінің шешімімен және Мемлекет басшысының мақұлдауымен қабылданады», дейді басқарушы директор.
2023 жылы 12 отырыс өткізіліп, қордың сатып алу тәртібін, компанияларды бәсекелес ортаға беру үдерісін, даму жоспарын, портфельдік компаниялардың қызметін қоса алғанда, кең ауқымды мәселелер көтерілді.