Ұлттық статистика бюросының соңғы дерегінде елдегі жастардың жұмыссыздық деңгейі 3,3 пайыз деп көрсетілген. Бұл санды 2022 жылмен салыстырсақ (3,9%), көрсеткіш сәл төмендеген. Бірақ жыл сайын жаңа бағдарламадан үміт күтіп, ескіден түйін шығарсақ та қоғамды кәсіпке баулу, іс қылып, қызмет қылу қиындап барады. Мәселенің мәні неде?
«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-ның «Болашақ жұмыс күші: Қазақстанның еңбек нарығындағы жастар» атты үшінші баяндамасында нарықтағы жастардың жыл сайынғы ағыны 300 мың деп көрсетілген. Оларды еңбекке баулу үшін мемлекет мейлінше әрекет етіп жатыр. Мәселен, кейінгі бес жылда республикада тұрақты негізде «Жастар практикасы», «Бірінші жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» және арнайы грант секілді бағдарламалық тетіктер қарастырылған. Ол үшін бюджеттен 63 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.
– Жастардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету үшін 232 Жастар ресурстық орталығы жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жобаларын іске асырады. Негізгі мақсаты – жастарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, өмірлік мәселелер бойынша консультациялық көмек көрсету, жастарды еңбек нарығының қажеттіліктері туралы хабардар ету.
Тоқсан сайын бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізіледі. Мысалы, былтыр 80-нен астам жәрмеңке ұйымдастырылды. «Jastarǵa – keńes», «Кәсіпкер күнделігі», «Жас кәсіпкермен сұхбат», «Жастар кәсіпке» жобалары аясында жұмыссыз жастарды кәсіпкерлікке тарту мақсатында кәсіпкерлермен кездесулер ұйымдастырылды. «Жастар жұмысқа» жобасы аясында сұранысқа қажетті техникалық және кәсіптік мамандықтарға сараптама жасалып, мамандар даярлау жұмыстары жүргізілді. «Tulga bol» жобасы аясында әрбір ауыл, аудан және қалалық аймақтарды қамтыған республикалық жылжымалы жәрмеңкеде бірыңғай ақпараттық кеңес өткізіліп, 7 мыңнан аса жас мемлекеттік бағдарламаларға қатысты консультация алды. «Кеңес алаңы» жобасы аясында түрлі сала мамандарынан өз сауалдарына жауап ала алатын онлайн және офлайн кездесулер ұйымдастырылды. «Кәсіптік бағдар» жобасында жалпы білім беру мекемелерінің жоғары сынып оқушылары үшін кәсіптік бағдар берілді, сондай-ақ мамандық таңдауда тренерлер пулы қалыптастырылған «Zhas maman» мамандық таңдау жобасы жүзеге асырылды.
Сонымен қатар Астана қаласында былтырдан бастап «JolTap» жобасы сәтті іске қосылды. Бұл – Президент бекіткен және нәтижелі жұмыс орындарын құру, жастар арасында адами капиталды ұлғайту, NEET жастарының мәселелерін шешу, мемлекеттік қызметтерді және мемлекеттік бағдарламаларды танымал ету және тағы басқа бағыттарды реттеуге ықпалдасатын бірегей жоба, деді Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров.
Істеліп жатқан жұмыс жетерлік. Бірақ түйткілдің қажет деңгейінде әлі тарқамауы елдің болашағына тұсау болып тұр. Бұл ретте «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ сарапшылары 35-ке дейінгі азаматтарды кәсіпке баулудағы қазіргі үрдіс сақталса, жалдамалы және өзін-өзі жұмыспен қамтудың арақатынасы 2030 жылға дейін осы күйінде қалуы мүмкін деп отыр. Демек бағыт-бағдар, көзқарас өзгермесе, мәселе одан әрі ушықпаса, түзелмейтіні анық.
«Бұл санатқа жалдамалы жұмысшылардың 78%-ы және өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастардың 22%-ы кіреді. Сонымен қатар нарықта экономика салалары, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында жастардың жұмыспен қамтылуының төмендеуі аясында қызмет көрсету және сауда саласына еңбекке қабілетті жастар көп байқалады. Жетілген жұмыс күшімен салыстырғанда, жастар еңбек нарығындағы әлеуметтік-экономикалық және құрылымдық өзгерістерге осал», делінген баяндамада.
Жастардың қандай да бір өзгерістерге қауқарсыздығын құжатта білім деңгейі мен түлектерді одан әрі жұмысқа орналастыру арасындағы теңсіздікпен байланыстырады. Өйткені еңбекке араласқандардың 20%-ға жуығы оқыған мамандығымен қызмет етпейді. Ізінше диплом мен талап ережеге сәйкес келмеуінен жалақы 15%-ға төмен ұсынылатын көрінеді. Ал қазір экономикалық ахуал күрделі тұста мардымсыз еңбекақыны місе тұтатындар аз.
– Кез келген жерден жұмыс табамын деп әуелгіде «электрмен жабдықтау» мамандығын таңдадым. Өткен жылы оқуды аяқтай сала, жергілікті компанияға электрик болып орналастым. Айлығым 120 мың теңге еді. Күнкөрістен басқа ешнәрсеге жетпейтін. Шынымды айтайын, үш ай әзер істедім. Өйткені қамқорлығымда зейнеттегі әкем мен денсаулығы жұмыс істеуге жарамайтын ағам бар. Ақыр соңы жұмыстан шығып кеттім. Бала кезден саудаға икемім болған соң, бизнеске келдім. Тұрмыстық заттарды сатамын. Қазір жағдайымыз қалыпты, – дейді жас Асылбек Шуриев.
Асылбектің жағдайы көпке таныс. Өйткені елімізде еңбекақысы бір айлық күнкөріске жетпей, оған дейін шағын қаржы ұйымдардан қарыз алатындардың көрсеткіші өскен. Дерек Бірінші кредит бюросының былтырғы қорытындысында жазылған.
«2023 жылы микрокредитке (онлайн) немесе PDL (payday loans – жалақыға дейін) қарызға сұраныс өсті. Шағын несие 45 күнге 50 АЕК-ке дейін (2023 жылы 172,5 мың теңге) беріледі. Микрокредитке сұраныс 102,6%, яғни 790 млрд теңгеге дейін, алғандардың көрсеткіші 72,5%, 13 млн-ға дейін ұлғайды. Жыл ішіндегі орташа медианалық сома – 50 мың теңге. PDL арқылы микрозайм алғандардың 72% – 40 жасқа дейінгі азаматтар», делінген бюро таратқан хабарламада.
Сондай-ақ елімізде кейінгі жылдары өмір сүру деңгейі мен жақсы жалақыға қызығып, жат-жұртта еңбек етуге кеткендер қатары толастамай тұр. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, былтыр Қазақстаннан 12 732 азамат шетелге кетіп қалған. Оның 9 948-і ТМД, қалған 2 784-і басқа мемлекеттерге кеткендер. Бұған Оңтүстік Корея, Біріккен Араб Әмірліктері, АҚШ сынды алпауыттарда заңсыз жұмыс істеп жүргендерді қоссақ, санның әп сәтте құбылатыны белгілі.
«Нарық бір орында тұрмайды. Әсіресе жастар жұмысқа сұранып келгенде, түйіндемеде не жазылғанына емес, сол лекке ілесе алатын қызметкерлерді таңдайсың. Бизнестің әр саласы B2B әрекетімен жұмыс істеуге қамданған. Менің кәсібім – халыққа қызмет көрсету. Кәсіпкер ретінде жұртпен коммуникациясы жоғары, осы салада белгілі бір деңгейде білімі бар жас маманды таңдаймын. Жұмысына, қарым-қабілетіне қарай жалақысын белгілеп, қосымша сыйақылар тағайындаймын. Сәйкесінше өзін шыңдап, сындарлы сәттерде шапшаң қимылдап, нәтиже көрсеткендердің қызметі де көтеріледі», дейді кәсіпкер Әсел Бауыржанқызы.
Кәсіпкердің сөзін сабақтаған педагог Ирина Пашкова да қазіргі жастардың бойынан hard, soft, green skills сынды дағдыны дамыту оларды еңбек нарығында жедел интеграциялаудың ең тиімді әдісі екенін алға тартты. Бұл өз кезегінде ендігі бес жылда мемлекеттің дамуын тежейтін факторларды ығыстыруға сеп болады.
«Z ұрпақтың көпшілігі қазір университетке түсіп, еңбек өтілінің алғашқы сатысында немесе жұмыс іздеп жүр. Басым бөлігінде енжарлық бар. Қазіргі аласапыран заманда нақты жоспармен жүру мүмкін емес. Сондықтан оларға сыни тұрғыдан ойлау, креативті болу, ортаға тез бейімделу және ақылмен жедел шешім шығару, өмір бойы жаңа нәрсені үйренуге деген талпыныс, мәселеге әр қырынан қарау қабілеті қажет. Мұны көп жағдайда білікті мамандар, майталмандар кеңес ретінде айтып жүр. Одан да маңыздысы – тиімді қарым-қатынас жасай алу, командамен жұмыс. «Қатты» (hard), «жұмсақ» (soft), «дағдылардың кең ауқымы немесе экологиялық» (green) қабілеттің мәні осында жатыр. Әдетте кітаптар мен оқулықтардан алуға болатын немесе тәжірибеде автоматизм деңгейінде қолданылатын білім мен дағдылар, белгілі бір жеке қасиеттер немесе әмбебап құзыреттер табысты мансап құру үшін керек», дейді педагог.
ТҮЙІН. Мәселе түбегейлі шешілуі үшін жастарда сапалы білім әрі заман талап ететін дағды мен мемлекеттің қолдауы тепе-теңдікте жұмыс істеуі қажет. Өйткені «Болашақ жұмыс күші: Қазақстанның еңбек нарығындағы жастар» баяндамасында 2030 жылға қарай республикада жұмыс орындарының тапшылығы да болжанған. Шамамен ол кезде жас отандастардың саны 5,9 млн адамға жетуі мүмкін.