• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Құқық 01 Ақпан, 2024

Адам құқының жауапкершілігі

167 рет
көрсетілді

Еліміздегі омбудсмен институтына 20 жылдан асты. 2002 жылы Президент Жарлығымен құрылғанымен де, демократияға ұмтылатын мемлекеттің міндетті элементі ретінде адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтын жандандыру бас­тамасы кейінгі жылдары ғана қолға алынды.

2022 жылы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкіліне тұрғындар 29 арыз түсірген. Ал өткен жылы 174 арыз түсіпті, оның 118-іне түсін­дірме беріліп, 56-сы қанағат­тан­дырылған.

– Түскен арыздардың 30-ы құқық қорғау саласы қызмет­кер­ле­ріне, 24-і уақытша ұстау изоляторы мамандарына, 45-і жергілікті атқарушы органдар қызметкерлері мен 20-сы жеке сот орындаушыларына қатысты, – дейді Адам құқық­тары жөніндегі уәкілдің облыс бо­йын­ша өкілі Дәурен Шәріпбаев.

Былтыр өкіл облыстағы 62 меке­мені аралап, мемлекеттік ор­ган­дарға 60 ұсыным берген. Осы­ған байланысты өз міндетіне сал­ғырт қараған 104 адам тәртіптік жауап­кершілікке, 6 адам әкімшілік жауап­кершілікке тартылып, мемлекет есебіне 2 218 500 теңге әкім­шілік айыппұл өндірілді. Қыл­мыс­тық кодекстің баптарымен сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде 6 қылмыстық іс тіркелді.

Өткен жылы шешімін тапқан істің бірі облыстық білім басқар­ма­сының «Жас жеткіншектерді әлеуметтік бейімдеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекеме­сіне қатысты. Мұндағы тәрбие­ленушілерге 2017 жылы тамақ, киім мен жолға жұмсау үшін күніне 1 104 теңге белгіленіп, айына 33 мың теңге төленген. Бірақ кейінгі 6 жыл ішінде орталық қызметкерлерінің айлығы мен мекеме бюджеті еселеп өссе де, балаларға берілетін сома сол күйінде қалып қойған. Кәмелет жасына толмаған бір тәрбиеленушінің біраз жылдан бері талма ауруынан азап шексе де мүгедектігін анықтайтын анықтамасы жоқтығы белгілі болды. Берілген ұсыным нәтижесінде тәрбиеленушілерге берілетін сома көлемі 56 141 теңгеге артты.

– Осыған байланысты­ меке­ме­нің 7 қызметкері тәр­тіптік жауапкершілікке тартылды. Талма ауруына ұшыраған жеткіншекке 3-топ мүгедектігі белгіленіп, мемлекеттен жәрдемақы алатын болды. Сондағы бар жұмыс – емхана дәрігерінен анықтама алып, комиссияға ұсыну. Осы шаруаны неше жыл созбалаңға салып келген орталық басшыларының не ойлағаны белгісіз, – дейді Дәурен Сақтапбергенұлы.

«Жалаңтөс баһадүр атындағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интер­нат-колледжі» ком­муналдық мем­ле­кеттік мекеме­сін­дегі бала­лардың құқықтарын сақтау тұр­ғысынан атқарылып жатқан жұ­мыстармен танысу барысында спортшы шәкірттердің 2017 жылдан бері оқулықпен қамтамасыз етілмегені анықталды. Мектеп асханасы апаттық жағдайға жетіп, оқушы өмірі мен саулығына қауіп төндіретіні белгілі болған.

Өкілетті орган осыған байланысты әкімшілік хаттама толтырып, сот шешімімен асхана жұмысы 3 айға тоқтатылды. Ал әкімшілік құқық бұзушылық жайлы хаттамаға сәйкес мекемеге 1 069 500 теңге айыппұл салын­ды. Бір таңғаларлығы – бола­шақ олимпиада чемпиондарын әзір­лейтін мектептің осындай мүш­кіл жағдайына осыған дейін еш­кім­нің де бас ауыртпағаны. Өкіл ұсы­нымына сәйкес мекеме­нің 5 қыз­мет­кері тәртіптік жауап­кер­шілікке тар­тылып, балалар оқу­лық­пен қам­та­масыз етілді.

Қазалы ауданындағы арнау­лы әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы олқылық та Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыс бойынша өкілінің араласуымен оңынан шешілді. Орталықты аралау кезінде бір қызмет алу­шы­ның еркінен тыс карцерлік режім жағдайында ұсталғаны анық­талыпты. Арнаулы әлеуметтік көмек көрсету стандартының сақ­тал­мауына байланысты берілген ұсыным негізінде мекеме дирек­то­рының міндетін атқарушы қыз­ме­ті­нен босатылып, еңбек демалысын­да­ жүрген басшысына айыппұл са­лынды.

Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясында әр адам­ның тамақ, киім, баспана мен меди­циналық күтімді қамтитын өмір сүру деңгейіне құқылы екен­дігі көрсетілген. Ал осы ортақ талап­тың орындалуына келгенде күміл­жі­­тетін көрініс көптігін мойындауы­мыз керек.

– Біз жетім балалар мен мүге­дек­тердің, сотталғандардың ортасында жиі боламыз, – дейді өкіл. – Сотталғандар өз құқығын кейбір заңгерлерден жақсы біле­ді. Әрі қазір абақтыларға бейнекамералар қойылғандықтан, оларға қарсы құқық бұзушылық айтарлықтай азайды. Ал жетімдер мен мүгедектердің жағдайы алаң­да­тарлық жағдайда. Мысалы, облыс­тық жүйке ауру­лары ауру­хана­сын­дағы 235 науқас түстік аста бекі­тілген нормамен 11 кило 800 грамм ет жеу керек болса, нақты 2 кило 340 грамм жұмсалғанын анық­тадық. Наркология орталы­ғын­дағы 116 адамға кешкі асқа 8 кило 700 грамм еттің орнына 2 кило 840 грамм берілген.

Санаториялық мектеп-интернатта, арнаулы мектептерде оқитын балалардың жай-күйі де осыған ұқсас. Басқаны былай қойғанда, осындай арнаулы үш мектеп-интернаттағы 500 бала бір күнде моншаға түсіп шықты дегенге адам сене ме?! Өкіл берген ұсынымға жауап қайтарған мемлекеттік органдар басшылары кінәлілердің бәрі жазасыз қалмағанын жазады. Бірақ одан жағдайдың жақсарып кете қоймағаны тағы белгілі.

Мемлекет басшысы Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың І оты­ры­­сында Жаңа, Әділетті Қазақ­стан­ның бір күнде немесе бір жылда құрылмайтынын, оның бүкіл қоғамды өзгертетін күрделі әрі ұзақ үдеріс екендігін айтқан бола­тын. Жаңа белеске аяқ басқан мем­лекет үшін адам құқықтарын қорғаудың маңызы зор. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыс бо­йынша өкілінің араласуымен облыс орталықтарындағы бірқатар балабақша мен «Қайсар» футбол клубы ұжымы жалақыларына қол жеткізді. Жұмысынан заңсыз шығарылғандар кәсібіне қайта оралды, құқық қорғаушылардың заңсыз әрекетінен зардап шек­кендердің мәселесі шешімін тапты. Тіпті бір серіктестік өткізген жалған акциясында едәуір қар­жы­сынан қағылғанынан бөлек, алаяқтар атынан несие рәсімдеген зейнеткер мәселесі де осы өкілдік қызметкерлерінің араласуымен оңынан шешілді.

Өткен жылы Қылмыстық және әкімшілік ко­декс­­терге түзетулер енгізіліп, был­­тырғы 1 шілдеден бас­тап поли­цияда тұрмыстық құқық бұзу­шы­лық­тарды тіркеу өтініш беру сипатынан анықтау сипатына көшірілді.

– Осы күні әрбір фактіге қа­тыс­ты әкімшілік іс қозғалады. Соң­ғы­ құ­қықтық бағалауды сот береді. Бұл ретте құқық бұзушының сотта бір рет қана татуласуға құқығы бар. Облыста жаңа заңнама аясында өткен жылдың екінші жар­ты­­жылдығында тұрмыстық жан­жал­­дар бағытында 2 264 өтініш қарал­ды. Әкімшілік қамауға алын­ған адамдардың саны 2 есеге арт­ты. Мысалы, 2022 жылы 200 адам болса, 2023 жылы 400-ге жетті, – дейді облыстық полиция департаменті жергілікті поли­ция­ қызметі басқармасының аға инс­пек­торы, полиция майоры Светлана Бай­ма­ғамбетова.

Полиция қызметкерлерінің де­ре­гінше, зорлық-зомбылыққа ұшы­­­раған отбасылармен профи­лак­­­тикалық жұмысы жандана­ түскен. Жәбірленушілердің қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету мақ­сатында былтыр 1 863 қорғау нұсқамасы шы­ға­рылып, құқық бұзушының мінез-құлқына 290 ерекше талап белгіленіпті. Бұларға полиция бақылауы күшей­ті­леді. Шек­теулерді бұзған 190 факті анық­­та­лып, ӘҚБтК 461, 669-баптарымен барлығы әкімшілік жауапқа тар­тыл­ған.

Қабылданған шаралардың нәти­­жесінде қоғамда құқық бұзу­­шылықтарға төзбеушілік қағи­да­ты қалыптасқаны байқалады. Учас­келік инспекторлар әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобымен бірлесіп 2 мыңнан аса отбасын аралаған. Тексеру кезінде мемлекеттің көмегіне мұқтаж 50 шақты шаңырақ анықталып, бұл мәліметтер мүдделі мемлекеттік органдарға жіберілді.

Баянды іске айналған бұл бастамалар қоғамда Ата Заң үстемдігін қалыптастыруға арналған қа­дам­­ның лайықты жүзеге асып келе жатқанын көрсетеді.

 

ҚЫЗЫЛОРДА