Шет ауданының Төменгі Қайрақты ауылында дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Жаңа жылда ауылдың қуанышына айналған жаңа нысанның ашылуымен аудан басшысы Мұхит Мұхтаров құттықтап, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық даму жолындағы денсаулық сақтау саласының маңызын атап өтті.
«Елімізде медицина мамандарының мәртебесі мен беделі жоғары болуы үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы денсаулық сақтау саласына әрдайым айрықша көңіл бөліп келеді. Медициналық қызметтің қолжетімді болуын қамтамасыз ету, денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі жаңғырту үшін елімізде кешенді іс-шаралар қабылданып жатыр. Президент бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендерде жүзеге асырылған шаруалар аз емес. Бұл жобаны іске асыру шалғайдағы елді мекендерде алғашқы медициналық көмек көрсету, сондай-ақ орталық аудандық ауруханаларды медициналық жабдықтармен толық жарақтандыру мәселелерін шешуге мүмкіндік береді», деді М.Мұхтаров.
Жаңа амбулатория стоматологиялық құрылғымен, зертханалық, физиотерапиялық және ЭКГ аппараттарымен жабдықталған. Алдағы уақытта емдеу орнында амбулаториялық қызметтен бөлек жарақат таңу пунктін, шұғыл медициналық көмек көрсету кабинеттерін ашу жоспарланып отыр. Мұндай амбулаториялар Шет ауданының 7 елді мекенінде салынып, ел игілігіне беріліп отыр.
Қарағанды облысы,
Шет ауданы