• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Олимпиада 04 Ақпан, 2024

Канвон: 1 алтын, 2 қола

123 рет
көрсетілді

2 ақпанда Оңтүстік Кореяда қысқы спорт түрлері­нен IV жасөспірімдер Олимпиадасы мәресіне жетті. 19 қаңтарда басталған бәсекеге 78 елден 1 803 атлет қатысты. 32 мемлекет жүлдеге қол жеткізді.

Қазақстан намысын спорт­тың 5 түрінен (9 бағдарлама) 41 жасөспірім қорғады. Нәти­жесінде, спортшыларымыз 1 ал­тын, 2 қола медальмен бейрес­ми жалпыкомандалық есепте 20-орынға табан тіреді. 14 күн бойы жалауы желбіреген бай­рақты бәсекеде ұлттық құрама спортшыларының жекелеген бағ­дарламадағы нәтижесіне көз жүгіртіп өтсек.

Туризм және спорт ми­нистр­лігі Спортты дамыту дирек­ция­сының баспасөз қызметі ха­­бар­лағандай, алдымен Олим­пиа­даның алғашқы күні шаң­ғы­мен тұғырдан секіру жары­сында Қазақстан Әнұраны шыр­қал­ды. Илья Мизерных 214 ұпай ­жинап, жасөспірімдердің қыс­қы Олим­пиадасында тұңғыш Қазақстан чемпио­ны атанды. ­Бұл күні Алёна Свириденко – 27, ­Со­фья Шишкина – 29, Илья Шиль­ников 30-орын алды. Ара­лас командалық сайыста Қазақ­стан (Илья Мизерных, Илья Шиль­­ников, Софья Шишкина мен Алёна Свириденко) 491,3 ұпай жи­нап, 13-сатыға табан тіреді.

Шорт-тректен Қазақстан ойын­дарға толық құрамда (2 ұл, 2 қыз) қатысқан тоғыз елдің бірі болды. Мұнда Полина Омель­чук 1 000 метрге жарыс­та қола жүлдеге қол жеткізді. Сон­дай-ақ ол 1 500 метрге жарыс­та финалға шыққанымен ме­даль ала алмады (6-орын). Анас­тасия Астраханцеваның үздік көр­сеткіші – В финалы (6-орын). Ұлдар арасында Ерасыл Шың­ғысхан мен Мейіржан Төлеген­нің жекелей сындағы үздік нә­тижесі ширек финал болды. Эста­фетада Қазақстан жартылай финалда Ерасылдың құлап қалуына байланысты жарысты аяқтай алмады. Хоккейден (3×3) ұлттық құрама жарады. Қола жүлде үшін болған кездесуде Аустриядан 6:5 есебімен басым түсіп, жүлдегерлер қатары­нан көрінді. Жасөспірімдер олимпиадасына (3×3) хоккей алғаш рет қосылғанын айта кетейік. Қазақстан топтық кезеңде Поль­ша, Испания, Ұлыбритания, Қы­тайдың Тайпейін ірі есеппен жең­ген-ді. Алайда Дания, Аустрия, Латвияға тартысты матч­та жол берді. Соған қарамастан плей-офқа шығып, жартылай финалда Латвияға тағы есе жіберді.

– Жасөспірімдер Олимпиа­дасында алғаш рет бақ сынап, қарсыластарымызбен соңына дейін айқастық, – деп бастады әңгімесін хоккейші Жаһангер Тілеухан. – Алғашқы Польшамен өткен кездесуде ірі жеңіске жет­кенімізбен, Аустриямен тең­дей ойында 8:9 есебімен жеңілдік. Бірінші жеңіліс командамыз­ға эмоциялық тұрғыда әсер етті. Де­генмен қола жүлде үшін ойын­да қайта жолығып, есе­­міз­ді қайтара алдық. Қандай қо­ры­тынды шығаруға болады? Са­лыстырмалы түрде біз Лат­вия­дан кейін ең көп 104 шайба соқ­қан команда атандық. Әйт­се де көптеген мүмкіндікті қол­да­на алмадық. Кемшілігіміз – қор­ғанысымыздың тұрақ­сыз­дығы. Себебі 9 ойында қақ­памызға 83 шайба өткізіп алдық. Тіпті чемпион атанған Латвияны бірінші кезеңде ұтқанымызбен, кейін бірнеше шайба жібердік. Жалпы, Олимпиадада Қазақ­стан ұлт­тық құрамасының тізіміне еніп, ел намысын қорғағаным­ды мақтан тұтамын.

Тау шаңғысында ел намысын Александра Скороходова мен Владислав Хохлов қорға­ды. Александраның үздік көрсет­кі­ші – 5-орын (гигант слалом). Ал Вла­диславтың нәтижесі – 19-орын (слалом). Конькимен жүгіруде әпкелі-сіңлілі Кристи­на және Алина Шумековалар, Руслан Жанәділов пен Михаил Матрюхин сынға түсті. Олар­дың нәтижесі мынадай: Кристи­на Шумекова – 7-орын, (500 және ­1 500 м), Алина Шумекова – 10-орын (500 м), Руслан Жанәділов – 8-орын, (1 500 м) және Михаил Матрюхин 17-орыннан (1 500 м) көрінді.

Бұған дейінгі ойындарда ең көп жүлде алған биатлоннан бұл жолы жүлдесіз қалдық. Аралас жұптық сында Ілияс пен Алема Қарабаевалар 10-орында болса, аралас командалық эстафетада Қазақстан 11-орыннан көрінді. Жекелей сындағы жақсы нәтиже – Кирилл Зотовтың еншісінде (23-орын, 12,5 км). Фристайлдың могул түрінде Юлия Феклистова 9, ал Денис Раструба ұлдар арасында 10-сатыдан көрінді. Командалық жарысты екеуі де 12-орынмен аяқтады.

Кёрлингтен ұлттық құрама мүшелері Ибрагим мен Мерей Тастемірлер топтық кезеңнен шы­ға алмады. Алғашқы кезең­де олар Италиядан басым түс­кен-ді. Алайда Аустрия, Гер­мания, Швейцария мен Да­ния құрамасына есе жібер­ді. Шаңғымен жарыста Қазақ­стан құрамасы (Берік Боран­баев, Әубәкір Тотанов, Ми­лана Мамедова, Виолетта Митро­польская) эстафетада 16-болып мәре сызығын кесті. Бұл – олар­дың Альпенсия кешеніндегі ең жақсы нәтижесі. Жекелей сын­да­ғы жақсы көрсеткіш – Берік Боранбаев (22-орын, еркін әдіс) пен Виолетта Митропольскаяда (25-орын, классикалық әдіс).

Канвон төрінде Қазақстан спортшылары алғаш рет фристайл-могул, хоккей (3×3) мен кёр­лингтен жүлдеге таласты. Бар­лық 4 қысқы Олимпиаданы қоса есептегенде, Қазақстан же­ңіп алған медаль саны 8-ге жет­ті (1 алтын, 1 күміс, 6 қола). Оңтүстік Кореяда Қазақстан қор­жынына алғашқы алтын ме­даль түсті. Тунис пен БАӘ елінің спорт­шылары алғаш рет қысқы жас­өспірімдер Олимпиадасында бақ сынады. Олар 7 спорт түрі­нен (15 бағдарламада) 81 жүлде жиынтығын сарапқа салды. Көш басында 11 алтыны бар Италия тұрса, одан кейін Германия жай­ғасты. Ең көп жүлде алған мемлекет – АҚШ (21). Каннында Бра­зилия, Таиланд, Түркия мен Тунис спортшысы алғаш рет өз еліне жүлде сыйлады. Кешен­ді жарыс 12 нысанда өтті. Оның жетеуі 2018 жылғы Пхенч­хан Олимпиадасы кезінде салынған.

Сонымен, 2 ақпанда Кан­нын қаласындағы «Youth Olympic Park» кешенінде өткен жабылу салтанатында еліміздің Көк бай­рағын Берік Боранбаев пен Ме­рей Тастемір ұстап шықты. 2028 жылғы Қысқы ойындарды қабылдайтын ел 2025 жылы белгілі болады. Ал 2026 жылы Сенегалда (Дакар-2026) жазғы спорт түрлерінен жасөспірімдер Олимпиадасы өтеді.