Қоршаған ортаның үнемі нашарлауы мен экологиялық дағдарыстан шығу жолдары жаһан жұртшылығының ең өзекті проблемасына айналып отыр. Бұл бағытта қоғам көкейіне тұшымды дерек, тиімді ақпарат ұсынып, ортақ талқыға ұйытқы болатын журналистердің көтерер жүгі салмақты. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен экологиялық журналистика курсы аясында бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердің еліміздегі экожүйені сақтау және қалпына келтіру үдерістеріне ықпалы туралы айтылды.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған іс-шараға БҰҰ Ақпараттық орталығы, БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілдігі қолдау білдірген. Ақпарат айдынында жол сілтейтін мазмұнды курстардың сала мамандарының, журналистика факультеті студенттері мен магистранттарының экологиялық білімін арттыруына тигізер септігі мол. Курстардың бұл циклі 2020 жылдан бастап сол кездегі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен ұлттық университет арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумды іске асыру шеңберінде өткізіліп келеді. Іс-шара университеттің 90 жылдығына орайластырылған.
«Қазақстандағы экожүйені сақтау және қалпына келтіру: масс-медиа мен әлеуметтік желілердің ықпалы» тақырыбындағы сабақтарды журналистика факультеті мен ЮНЕСКО-ның география және табиғатты пайдалану факультетінің баспасөз және электронды БАҚ кафедрасы жүргізді. Курс шеңберінде «Климаттың өзгеруімен күресудегі медиа құралдары», «Экологиялық проблемаларды шешудегі әлеуметтік желілердің әсері», «Тұрақты даму мақсатындағы экологиялық серіктестік» тақырыбында модульдар қарастырылып, республикамыздағы экологиялық және климаттық өзгерістер туралы кітаптар, баспасөз және фотосуреттер көрмесі ұсынылды.
Іс-шараны ашқан университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ләззат Еркінбаева БАҚ арқылы жалпы жұртшылық үшін экология, жаһандық климаттың өзгеруі мәселелерін жариялаудың маңыздылығын атап өтті. «Еліміз бірнеше халықаралық конвенцияны ратификациялады. Бұл ретте ақпаратқа, оның ішінде экологиялық мәліметке қол жеткізу маңызды. Халықтың экологиялық проблемалар туралы шынайы деректерге қолжетімділігін қамтамасыз етуде журналистердің үлесі зор», деді ол.
Сонымен қатар климаттық саясат департаменті төмен көміртекті даму басқармасының сарапшысы Д.Мелдеқұл, БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі, ақпарат бюросының басшысы В.Самек, журналистика және табиғатты пайдалану географиясы факультеттерінің декандары Т.Көпбаев пен А.Ақтымбаева, басқа да ұйымдардың өкілдері тыңдаушыларға өз лебізін жеткізді. Спикерлердің дәрістері мен практикалық тапсырмалары әлеуметтік желілердің экологиялық проблемаларды шешуге, тұрақты даму мақсатында халықаралық әріптестік нәтижелерін талдауға арналды. Ауғанстан, Эфиопия және Бангладеш университеттерінің оқушылары өз еліндегі медиа мен экологияның өзара әрекеттесу тәжірибесімен бөлісті.
Алматы