Бұқар жырау ауданының орталығы Ботақара кентінде 320 орындық заманауи Денешынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Енді кент жасөспірімдері спорттың сан алуан түрімен айналысады.
Кешеннің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын арнайы қатысып, 82 жастағы спорт ардагері Виктор Уркунов және дзюдодан халықаралық жарыстардың жүлдегері Ерғанат Молдағұловпен бірге жаңа нысанның лентасын қиды.
Жаңа кешеннің пайдалануға берілуі елімізде салауатты өмір салтын қалыптастыруға айрықша назар аударылғанын, бұқаралық спортпен шұғылдануға бетбұрыс барын аңғартады. Жасыратыны жоқ, бұған дейін ботақаралықтарға спортпен айналысатын жер жетіспей келді. Сондағы екі жалпы білім беретін және балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептерінің залдары үнемі лық толы болатын. Жастардың, жалпы кент тұрғындарының спортқа деген ынтасы зор. Міне, енді осы жаңа кешеннің ашылуымен бұл ыңғайсыздықтар жойылмақ.
6 300-ден аса тұрғыны бар кенттің жас-кәрісі жаңа кешен ішінде сан алуан спорт түрімен айналысады.
Республикалық, облыстық және жергілікті бюджеттердің қаржысына салынып, бой көтерген жаңа ғимаратта күрес және бокс залы, үстел теннисі, тағы да басқа кабинеттер бар. Жақын арада мұнда волейбол, баскетбол, шағын футбол, үстел теннисі, шахмат секциялары ашылып, ұлттық спорт түрлерін дамыту да қолға алынады. Болашақта ауданның барлық тұрғынын қамту үшін аталған Денешынықтыру-сауықтыру кешенінің базасында спорт клубын ашу да жоспарда тұр. Кешенге келушілерді әзірге 7 жаттықтырушы баптап, спортқа баулыса, келешекте штат саны мен секциялар да көбейтіледі.
Салтанатты іс-шара соңынан облыс әкімінің орынбасары Ерлан Бейсембайұлы мен Бұқар жырау ауданының әкімі Абылай Сұлтанғалиев кешен ішін аралап көрді. Жергілікті жас спортшылар жиналған жұрт алдында бозкілемде жаттығу тәсілдері мен шеберліктерін көрсетті.
Қарағанды облысы,
Бұқар жырау ауданы