Мемлекет былтырдан бері «Qazaq Air» әуе компаниясын сата алмай әуре. «Самұрық-Қазына» 38 млрд теңге қарызы бар компаниядан былтыр құтылғысы келген, бірақ алушы табылмады. Сосын конкурсты биыл қайта ұйымдастырған. Бағасы 10 млрд 200 млн теңге болатын компания тағы да ешкімді қызықтырмапты. Сөйтіп, қаңтар мен ақпанға белгіленген екі кезеңнен тұратын сауда күшін жойды. Сол аралықта «Air Astana» компаниясы акцияларын бастапқы жария нарықта (IPO) орналастыру туралы шешім қабылдады. Компания акцияларын биржада саудалау арқылы миллиардтаған қаражат табуды мақсат тұтып отыр.
Компания ахуалы
Қаржы сарапшысы Андрей Чеботаревтің айтуынша, бұл IPO-ны «халықтық IPO» деп айтуға келмейді.
«Халықтық элементтер жоқ деуге болады, өтінім жинауды бес жыл бұрынғы («ҚазАтомПром») өтінім жинаумен салыстыра алмайсыз, өте тез. Компания нарық негізінде бағаланған және Қазақстан азаматтары үшін ешқандай дисконт қарастырылмаған. Жеке инвесторлар өтінімдерінің басымдығы туралы ештеңе айтылмады. Компанияны сату және басқару тек бір тұлға арқылы жүзеге асып жатыр, ол – Питер Фостер. Негізі сатылыммен акционер айналысуы керек. «Air Astana»-да тіпті вицелердің өзі компания басқармасына кірмейді. Бірақ орналастыруға қатысушылар бәрі де қалыпты деп санайды және қосарланған листингті ескере отырып, солай болуға тиіс деп есептейді. Сірә, «Самұрық» пен BAE институционалмен бас қатырып жатқан сияқты, ал ритейлді британиялықтарға жүктеп қойған», дейді сарапшы.
«Road-show»-дағы таныстырылымда компания тәуекелдері туралы мүлде айтылмаған.
«Тек сұрақтарға жауап беру кезінде бензин және инфрақұрылымға қатысты проблемалар сөз болды. Бірақ компанияда тәуекелдер расымен бар. Мысалы, Астана әуежайы наурыздан желтоқсанға дейін жолақтарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізеді және түнгі рейстерді қабылдай алмайды, аттандыра алмайды. Отын бар, бірақ ол – импорттық отын және бұл да компанияның аса нәзік түйткілі. Визасыз елдер үшін хабқа айналу идеясы өте қызық, алайда алыс Азияға және Америкаға біз әзір ұша алмаймыз. Қытай мен Тайландқа ұшуға арналған квота толық игерілмеді. Елу шақты ұшақтың тек сегізі компанияға тиесілі, қалғаны – операциялық лизингте. Питер Фостердің жыл соңына дейін қызметінен кетуі туралы қауесет шындыққа айналар болса, бұл компания қызметінде қосымша проблема туындатуы мүмкін. Алайда оның кетуі ұзақмерзімді перспективада корпоративті басқаруды жақсартады», деп пікірін білдіреді тәуелсіз сарапшы.
«Халық-Life» өмірді сақтандыру компаниясы директорлар кеңесінің мүшесі Азамат Жолдасбеков компанияның өсуі үшін қажетті ресурстарды талдайды.
«Өсу үшін керек ресурстар – ұшақ, адам, отын және сұраныс. Компания ұшақтарды сатып алусыз, операциялық лизингпен иемденіп жатыр. Бұл да – бизнесті жүргізудің бір жолы. Бірақ компания кесте бойынша лизингтік төлем жасай алмаса, онда ұшақтардан айырылады. Екінші жағынан, ұшақтардың лизингте болуын ұшақтарға уақтылы және сапалы қызмет көрсетудің кепілі ретінде қарастыруға болады: бұл ұшақтарды өз меншігі ретінде қорғайтын лизингтік компаниялар солай талап етеді. Адамдарға қатысты компанияда бәрі ретімен қалыптасып келе жатыр, өздерінің оқу орталығы және қымбат тұратын ұшу симуляторы бар. Отын мәселесі бойынша 50/50. Мұнай өңдеу зауыттарындағы өндіріс қуатының аздығына байланысты жергілікті отын тапшылығы байқалады. Компания туындаған тәуекелдерді сақтандыра отырып, жетпеген отынды шетелден сатып алады. «Отандық МӨЗ-дер компанияның өсіп келе жатқан сұранысын қанағаттандыра ала ма?» деген мәселе – үлкен сұрақ. Демек отынды әлі де көптеп импорттай түсу керек. Отын бағасының тоннасына бірнеше жүздеген долларға қымбаттауы өз кезегінде бағалық, валюталық және операциялық (жеткізушінің тәуекелі) тәуекелдерді тудырады. Сұраныс мәселесі бойынша бәрі дұрыс сияқты. Қазақстанға визасыз келе алатын елдер тізімінің кеңеюі есебінен, көршілес Орталық Азия мен Кавказ елдеріндегі компания экспансиясының есебінен, Қазақстандағы транзиттік әлеуеттің артуы есебінен ішкі және сыртқы жолаушылар ағыны өседі деп күтіледі», деп сараптайды Азамат Жолдасбеков.
Акция қанша уақытта өсім береді?
Сарапшы Айбар Олжаевтың айтуынша, брокерлер ұлттық әуе компаниясының акциясына деген сұраныс ұсыныстан кемінде 3–4 есе жоғары болады деген пікірде.
«2023 жылдың 9 айында «Air Astana»-ның жалпы түсімі – 900 миллион доллар (405 млрд теңге), ал таза табысы 72,4 миллион доллар (32,6 млрд теңге) болды. Компанияда 92 маршрутқа жұмыс істейтін 50 ұшақ бар. Олардың орта жасы – 5 жыл, яғни барлығы дерлік жаңа ұшақтар. Жалпы, компания қазіргі жағдайында түгелімен 1,2 миллиард долларға бағаланады. Компания үлесінің 25 пайызы нарықта сатылмақ. Сол арқылы «Air Astana» акционерлері 120 миллион доллар тартамыз деп жоспарлап отыр. Қазір әуе компаниясының 51 пайызы – Қазақстан Үкіметіне («Самұрық-Қазына» қоры арқылы), 49 пайызы Британияның «BAE Systems» әскери корпорациясына тиесілі. «BAE» өзінен біршама акция бөлмек. Қазақстан әуе компаниясын өзінің бақылауында қалдыратыны анық. IPO-дан кейін де «Air Astana»-ның ең ірі акционері мемлекет болады», дейді сарапшы.
Оның сөзінше, өтінімдер кітабында сұраныс өте көп болса, акциялардың алғашқы бағасы да қымбаттау болуы мүмкін.
«Air Astana» кем дегенде жарты жылда 20 пайыз өсім бере алатын сияқты. Халықтық IPO-ның минусқа кеткен жері жоқ. 2022 жылы IPO-ға шыққан «ҚазМұнайГаз» акциялары – 38 пайызға, 2018 жылы биржаға келген «ҚазАтомПром» – 363 пайызға, 2014 жылдан бері «KEGOC» – 193 пайызға, 2012 жылы сатылған «ҚазТрансОйл» акциялары 12 пайызға қымбаттады», деп мысал келтіреді.
LSE және AIX-тегі сатылым
Әуе компаниясының IPO-ға шығарып жатқан қарапайым акцияларының баға диапазоны – 2,13–2,75 доллар (961–1241 теңге) аралығында болса, жаһандық депозитарлық қолхат (ЖДҚ) үшін 8,50–11 доллар аралығында бекітілген.
«Air Astana» компаниясы «Стандарт» сегментіндегі FCA бағалы қағаздарының ресми тізіміне ЖДҚ-ны енгізуге және оларды LSE (Лондон қор биржасы) негізгі алаңында ресми сауда-саттыққа жіберуге, акциялар мен ЖДҚ-ны AIX ресми тізіміне және AIX-тегі сауда-саттыққа жіберуге өтінім беруге ниетті. Сондай-ақ компания KASE «негізгі» алаңының «акциялар» секторының «Премиум» санатына акцияларды жіберуге және KASE-де сауда-саттыққа өтінім берді. Ұсыныс нәтижесінде еркін айналыстағы компанияның бағалы қағаздарының саны «Air Astana» орналастырылған акциялардың жалпы санының кемінде 25 пайызын құрауға тиіс.
Әуе компаниясының бағалы қағаздарын жергілікті нарықта институционалдық және бөлшек инвесторлар сатып ала алады: AIX-те – ЖДҚ мен акциялар сатылса, KASE-де тек акциялар сатылымға шығарылады. LSE-де сауда-саттық – 14 ақпанда, KASE пен AIX-те 15 ақпанда басталады. Қазіргі таңда «Halyk Finance», «Freedom Broker» және «BCC Invest» компаниялары «Air Astana»-ның әділ құнын 946 млн мен 1,26 млрд доллар аралығында бағалап отыр.
Құнды қағаздың жүзеге асуы
Құнды қағаздарды бастапқы жария орналастыру кезінде компания 141 млн қарапайым акция ұсынбақ. Қазақстан қор биржасы таратқан ақпаратқа сәйкес қарапайым акциялардың жария орналасуы KASE-де «Премиум» санатында, AIRA сауда кодымен жүзеге асырылады. Өтінімдер 30 қаңтар мен 7 ақпан аралығында қабылданады. Олар ұсынатын қағаз көлемі 120 млн долларды құрайды деп күтіледі. «Air Astana» IPO кезінде 300 млн доллар тартады деп болжанады. Акциялардың түпкілікті бағасы өтінімдер кітапшасын қалыптастыруды аяқтағаннан кейін анықталады, бұл шамамен – 2024 жылдың 9 ақпаны.
Компания акцияларын сатып алу күрделі емес. Ол үшін «Банк ЦентрКредит», «Jusan Bank», «Halyk Bank» немесе «Freedom Bank» қосымшаларын жүктеп алу жеткілікті. Мобилді қосымшалардың инвестиция деген бөліміне өтіп, сол жерден онлайн брокерлік шот ашып, IPO-ға қатысуға өтініш бересіз. AIX биржасының «Tabys» қосымшасы да өте қолайлы. IPO-ға кез келген инвестор (резиденттер мен бейрезиденттер жеке тұлға ретінде де, заңды тұлға ретінде де) қатыса алады.
«Air Astana» компаниялар тобының басшысы Питер Фостердің айтуынша, IPO арқылы тартылған қаражат ең бірінші кезекте авиациялық паркті жаңартуға жұмсалмақ.
«Екіншіден, қалған бөлігі қосалқы бөлшектерді сатып алуға жұмсалады. Үшіншіден, қаражатты ірі қызмет көрсету желілерін кеңейтуге және Астана мен Алматыда күрделі жөндеу жүргізуге бағыттаймыз. Сондай-ақ біз тағы бір авиасимуляторды сатып ала отырып, Астанада оқу орталығымызды кеңейтумен жұмыс істейміз. Бесіншіден, жерүсті қызметтерін пайдалануға инвестиция салу мүмкіндігі қарастырылады», дейді.