• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тағзым 06 Ақпан, 2024

Дара дарынның есімі жаңғырды

219 рет
көрсетілді

Биыл XX ғасырдағы қазақ мәдениетінің ерен құбылысы Ғарифолла Құрманғалиевтің туғанына – 115 жыл. Ұлт өнеріне өшпестей із қалдырған дара дарынның есімін ұрпақ жадында жаңғыртуға арналған мәдени-таным­дық кеш Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейде салтанат құрды.

Дәстүрлі әнші ретінде ғана емес, опера арқылы да өнер кеңістігінен айшықты орын алған Ғарифолла мұрасы, та­ланттың жан жүрегінен туған көптеген музыкалық шы­­ғар­ма – халықтық маз­мұн­ға бай, кең тынысты дүние­лер. Әсем ән әуелеген тағ­зым кешіне арнайы келген Сәу­ле Жанпейісова, Айгүл Қосанова, Эльза Карабалина, Венера Қаржаубаева, Армат Исламғалиев, Күнқожа Қай­рулла қатарлы дәстүрлі ән шеберлері Ғарифолла шығар­маларынан концерт қойды. Сонымен бірге Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының және Құр­манғазы атындағы Қазақ ұлт­тық консерваториясының шә­кірттері өз өнерлерін ор­таға салды.

Мұхит мұрасын бүгінге жеткізіп, қазақтың дәстүрлі әндерін төрткүл дүниеге паш еткен тума таланттың «Ақ Жайық», «Сүйген жар», «Нұржамал», «Жан еркем», «Аққу», «Сүйемін туған өл­кемді», «Үш қыз» секілді ав­торлық әндері де – халық кө­ңілінен орын алған туын­дылар. Десе де ғұлама жылдар көшінде қалған көне му­зы­калық мұраларымызды жаңа буынмен қауыштырған Ғарифолла Құрманғалиевтің шығармашылық тынысы әлі де тереңнен зерттеп-зер­деленуге тиіс. Бұл бағытта оның ұрпақтары толымды ең­бек етіп жүр.

Рухани іс-шараға зиялы қа­уым өкілдерімен бірге Ға­рифолла Құрманғалиевтің ұлы Нұрлан, келіні Ләйлә, не­мересі Меруерт қатысты. Ең ғажабы, әншінің ұрпақтары да өнер мен ғылымнан өріс тапқан. Мәселен, аты аңызға айналған өнер иесінің өмір белестері мен шығармашылық жолынан сыр шертетін маз­мұнды еңбектің жарық кө­руіне немересі Меруерт Са­нат­қызы мұрындық болған. Ал атасының қаншама әнін нотаға түсірген келіні Ләйлә Құрманғалиева екенін көпшілік біле бермейді.

«Батыс өңіріндегі Аман­ғали, Құмар, Сартай секілді халық композиторларының әндерін кейінгіге жеткізіп, Арқа аймағындағы ғажайып туындыларды батыс өңірінің орындаушылық стиліне бейімдеп айтқан бірден-бір адам – Ғ.Құрманғалиев. Бұл кісінің ғаламат әнші еке­нін күллі қазақ жақсы бі­леді. Ал оның айтылмай жүр­ген бір қыры – жыршылық қабілеті. Кешегі бала Ораз бен Жібектің айтысы секілді батыстағы эпостық жырларды құбылта жырлағанын, халық термелерін, жыршылық сарындарды жаңғыртқанын екшеп айтуымыз керек», дейді Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқы­тушысы Күнқожа Қай­рулла.

Іс-шара барысында Мем­лекеттік орталық музей қо­рындағы Ғарифолла Құрман­ғалиевтің фотоматериалдары мен марапаттары, тіршілігінде тұтынған жеке заттары, басқа да жәдігерлерден құралған шағын көрме көпшілік назарына ұсынылды.

 

АЛМАТЫ