Кейінгі жылдары бақыт индексін зерттеуге көп қызығушылық туып отыр. Алайда мұндай зерттеулердің экономика және әлеуметтану тұрғысынан өзіндік қиындығы бар. Дегенмен бүгінде бақытты өлшеу бойынша әлемде түрлі әдіснама мен зерттеу бар екенін ескеруіміз қажет.
Мәселен, Бақыт туралы дүниежүзілік есепті (World Happiness Report) БҰҰ-ның Тұрақты даму шешімдерін іздеу жөніндегі бөлімшесі (ағылш. UN Sustainable Development Solutions Network) шығарады. Деректер «Gallup World Poll»-дан алынады және мұнда респонденттер өз өмірін субъективті түрде бағалайды. Бұл зерттеу жұмысы әл-ауқаттың үш негізгі көрсеткішіне негізделген: адамның өз өмірін бағалауы және оның жағымды, жағымсыз эмоциялары. Үш жылдық (2020-2022 жж.) кезеңде әлем елдерінің арасындағы бақыт көрсеткішінің орташа мәндерін салыстырсақ, рейтинг көшбасшылары – Скандинав елдері (Финляндия, Дания, Исландия), ал алғашқы бестікті Израиль мен Нидерланды толықтырады. Қазақстан – 44, Өзбекстан – 54, Қырғызстан – 62, Ресей 70-орынға орналасқан.
Жалпы, Қазақстанның көрсеткіштерін зерделесек, кейінгі үш жылда оң динамика байқалады, яғни аталған рейтингіде елдің «бақыт деңгейі» сатылы түрде жоғарылаған.
Бұдан басқа екі-үш жыл сайын шығатын Дүниежүзілік бақыт индексі (Happy Planet Index) бар. Бұл индексті британдық «New Economic Foundation» зерттеу орталығының әдістемесі бойынша «Friends of the Earth» экологиялық ұйымы, «World Development Movement» гуманитарлық ұйымы және басқа да тәуелсіз халықаралық сарапшылар тобы бірлесіп шығарады. Зерттеудің басты мақсаты – әр ел өз азаматтарының бақытты өмір сүруін қамтамасыз етуі үшін экономикалық өсу мен табиғи ресурстарды пайдаланатынының нақты тиімділігін көрсету. Индекс табиғи ресурстардың тиісті ағындарына сәйкес әр елдің тұрғындарының қанағаттану көрсеткіштерін және олардың орташа өмір сүру ұзақтығын өлшейді. Индекстегі көршілес елдердің көрсеткішін қарар болсақ, Өзбекстан – 24, Қырғызстан – 25, Ресей 131-орынға орналасқан. Қазақстанға бұл рейтингте 118-орын тиесілі.
Алдыңғы рейтингіде көшбасшы мемлекеттер Скандинавия елдері болса, Дүниежүзілік бақыт индексінде Латын Америкасы елдері алда келеді. 2022 жылғы Қазақстандық қоғамдық даму институты өткізген сауалнамаға сәйкес, отандастарымыздың 51,7 пайызы өзін бақытты сезінеді, 38,7 пайызы «Бақыттымын деуге болады» деген жауап нұсқасын таңдаған. Ал 7,3 пайызы бақытсыз екенін айтты («Бақытсызбын деуге болады» және «Жоқ, бақытсызбын» нұсқалар жиынтығы). Шамамен респонденттердің 2,4 пайызы сұраққа жауап бере алмаған.
Кейінгі үш жылдағы динамиканы төмендегі диаграммадан көруге болады: өзін сөзсіз бақытты санайтын отандастарымыздың үлесі 63,3 пайыздан (2020 ж.) 51,7 пайызға (2022 ж.) дейін төмендеді.
1-диаграмма. «Өзіңізді бақытты сезінесіз бе?» сұрағына жауаптардың бөлінуі, %
Еліміздің ең бақытты аймақтар рейтингісін құрасақ, Маңғыстау облысы, Ұлытау облысы мен Астана қаласы алғашқы үш орынды иеленсе, Ақмола облысы мен Жамбыл облысы керісінше ең төменгі орынға тұрақтаған (тиісінше 62,0% және 67,4%).
Әлеуметтік-демографиялық топтарға келетін болсақ, жалпы қазақ этносының өкілдері өзін басқа этностарға қарағанда бақытты сезінеді.
«Қазақстандықтарды не нәрсе бақытты етеді?» деген сұраққа 2022 жылы:
1) денінің саулығы, туыстардың амандығы (71,8%);
2) жақсы әл-ауқат пен молшылық (49,9%);
3) махаббат (36,8%) – деп жауап берген.
Егер «Бақыттымын» және «Бақыттымын деуге болады» жауап нұсқаларын қосып, өзін бақытты санайтын респонденттер үлесін шығарар болсақ, 3 жыл бойы аталған көрсеткіш 90 пайыздан түспеген.
«Қазақстан халқы өзін субъективті бағалағанда бақытты санайды» деп түйіндеуге болады. Десе де басқа әлемдік зерттеулермен салыстырғанда айтарлықтай айырмашылық барын байқаймыз. Сондықтан кез келген зерттеу мен сол зерттеу негізінде құрастырылатын рейтингінің мақсаты мен әдіснамасын егжей-тегжей түсінген абзал.
Темірлан ТӨЛЕУ,
Қазақстан қоғамдық даму институты сарапшысы