Заң талаптарын дұрыс білмеген тұтынушылар сауда-саттық кезінде түрлі келеңсіздікке тап болып жатады. Тиісінше тұтынушы құқығын ескермей, саудасын адал жүргізбеген кәсіпкерлер де қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ұмытпағаны жөн. Алматы қаласы бойынша Сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің мамандары азаматтарды мұндай мәселеге тап болмас үшін өз құқығын егжей-тегжей зерделеуге шақырды.
Кез келген тауарды сатып алмас бұрын сатушының міндеттерін, сондай-ақ тұрақсыздық айыбын өндіріп алу, залалды өтеу мәселесіне қатысты заң тармақтарын мұқият ескеріп барып, шарт жасасқан абзал. Шартта көрсетілген тармақтардың бірі бұзылған жағдайда, кейінгі әрекеттер сот тәртібімен қаралады. Бизнес мекемелер мен кәсіпорындар өздері орнатқан қағидаларды алға тарта отырып, тұтынушылар құқығын аяқасты ететін сәттер аз емес. Олар халықтың заңнан хабарсыздығын жиі пайдаланады.
«Тұрақсыздық айыбын өндіріп алуға, шығындарды өтеуге және шартта көрсетілген немесе шарттың құрамында болмаған басқа да тармақтарға қатысты барлық мәселе тек сот тәртібімен шешіледі. Бүгінгі таңда «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 190-бабы, бірінші тармағы және алаяқтық туралы Қылмыстық кодекстің 190-бабы бар екенін атап өткім келеді. Яғни екі бап та ішкі істер органдарының құзыретіне жатады», дейді Алматы қаласы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Әбдиев.
Елімізде тұтынушылар шағымын қараудың 3 сатылы тетігі бар. Бірінші кезеңде тұтынушы сатушыға сотқа дейінгі шағымға ресми түрде жүгініп, тауардың немесе қызметтің кемшіліктерін көрсетуге тиіс. Оған ұнамаған жайт немесе тауардағы қандай да бір ақау туралы барлық талап көрсетілуі міндетті. Дегенмен мұның нақты формасы жоқ. Шағымда сатушы ұйымның атауы, чектен алынған мәліметтер, тауардың не себепті көңіліңізден шықпағанын, неліктен қайтарғыңыз келетінін баяндауға тиіссіз. Бұдан әрі жүгінетін адамның (тұтынушының) деректері көрсетіледі. Айтпақшы, дәл қазіргі уақытта Мәжіліс тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы қолданыстағы заңға өзгерістер енгізілетін заң жобасын қарастырып жатыр.
«Сотқа дейінгі талап еркін нысанда жасалады, жоғарғы жағында сатушының атауы көрсетіледі. Егер бұл ЖШС немесе ЖК деректері болса, бұдан әрі шағыммен жүгінетін тұтынушының өзі көрсетіледі. Онда тауар туралы барлық ақпаратты жазған жөн. Шағым сатушыға екі данада қолма-қол беріледі, олардың біреуінде шағымның данасын алғаны туралы қол қойылуы керек. Екінші нұсқа – пошта немесе курьерлік қызмет арқылы тапсырыс хат. Үшінші әдіс – сатушының ресми сайтына жолданатын жолдама. Осы шағымды жібергеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде адресат сізге ресми түрде жауап беріп, шағымда көрсетілген талаптарды жоюға тиіс», дейді мамандар.
Былтыр 9 айда еліміздің он өңірінде ЖОО базасында жұмыс істеп тұрған «Тұтынушылардың ұлттық лигасы» 9 954 сатып алушыға 2 млрд 458 млн теңгені қайтаруға көмектескен. Ал Алматыда құқығы бұзылған тұтынушыларға шамамен 190 млн теңге қайтарылған. Өзіңізді жосықсыз сатушылардан қорғау үшін келісімшартты дұрыс жасау өте маңызды. Мысалы, өнім жасалатын материалдың артикулін жазып, интернеттегі пікірлерді зерттеудің артықтығы жоқ.
«Сатушылар тұтынушыларға толық құқығы бар нәрседен жөн-жосықсыз бас тартады. Пошта арқылы тапсырыс берген тауардың орнына басқасы келуі, өнім сапасы жарнамадағыға сай болмауы – тұтынушылар көп зардап шегетін мәселе. Тауарларды онлайн сатып алу кезінде дүкен туралы ақпаратты мұқият зерттеңіз. Егер ірі және танымал компанияның сайтымен тапсырыс беретін болсаңыз, өз браузеріңізден ресурстың мекенжайын дұрыс жазғаныңызға көз жеткізіңіз. Қажет болған жағдайда дүкен әкімшілерінен заңды тұлға туралы ақпарат беруді, оны салық органдарының жалпыға қолжетімді дерекқорлары мен заңды тұлғалардың тізімін қолдана отырып тексеруді талап етіңіз. Кең таралған құқық бұзушылықтар тізіміне қызмет көрсету, жұмыстарды орындау және мерзімдер туралы шарттың орындалмауы кіріп отыр. Мысалы, тапсырыс берілген жиһазды уақытында бермейді немесе жөндеу жұмыстарын аяқтамайды. Егер сіз тапсырыс берген жиһазды уақтылы жеткізбеген болса, онда жеткізу мерзімі аяқталған кезден бастап тұтынушы төлеген құннан кешіктірілген әр күн үшін 1% өсімпұл ала бастайды. Егер бір жыл бойы осы жиһазды жеткізбесе, онда сатушы 300 пайыздан астам өсімпұл төлеуі керек және бұл оны келісілген кездегі оның сапасы мен жауапкершілігінен босатпайды. Сондай-ақ ұялы байланыс қызметтеріне, интернеттің сапасына, операторлардың тарифтерді біржақты түрде өзгертетініне және өздерінің бұл туралы мүлдем хабарсыздығына, тұтынушыларға қажет емес қызметтерді қоймай ұсынатынына жиі шағым түседі. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 24-бабы бойынша, бізде өз еркімізбен таңдау мүмкіндігі бар, ешкім бізге қажет емес нәрсені таңуға құқылы емес», дейді «Ұлттық тұтынушылар лигасы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Светлана Романовская.
Атаулы мерекелер қарсаңында көптеген ірі дүкенде жаппай сатылым науқаны басталатыны мәлім. Осындай кезде тұтынушылар құқын қорғаушылар азаматтарды әрбір сауда-саттық келісімінде мұқият болуға шақырады.
«Тұтынушылар тауарды сатып алғаннан кейін екі апта ішінде оны кері қайтаруға қалай құқылы болса, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 14-бабы негізінде несиеден де екі апта ішінде бас тартуға құқылы. Мұндайда тек осы екі апта ішіндегі пайызын төлейді. Егер несиеге алған тауар көңілден шықпай жатса, осыны естен шығармаған дұрыс. Екіншіден, азаматтардың тауарды қайдан алып жатқанын түсінгені де өте маңызды. Себебі алаяқтық әрекеттер жиі кездеседі. Тауардың қазір қанша тұратынын және «жеңілдіктер жұмасында» қаншаға сатылатынын білген жөн», дейді С.Романовская.
Сауда және тұтынушылар құқын қорғау департаменті қызметіндегі басым бағыттардың бірі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға белгілеуге қатысты делдалдық схемаларды тергеп-тексеру жөніндегі комиссия отырысын үйлестіру. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл бағытта 43 отырыс өткізіліп, 175 заң бұзу фактісі анықталған. Сонымен бірге сауда саласындағы заңнамада шикілік танытқан кәсіпкерлерге қатысты 163 әкімшілік хаттама толтырылған.
АЛМАТЫ