Тамақ өнеркәсібіне инвестиция тартуда Алматы облысы алдыңғы орында. Өңір басшысы Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, өткен жылы бұл салаға құйылған инвестиция көлемі 1,8 есеге өскен.
«Өткен жылдың 12 айының қорытындысы бойынша Алматы облысында негізгі капиталға салынған инвестицияның жалпы көлемі 705,3 млрд теңгеге жетті. Осы көрсеткішті ескере отырып, облыс өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестиция көлемі бойынша 129,8 млрд теңгеден асып, республикада 4-орынға шықты. Бұл соманың 36 пайызы азық-түлік өнімдерін өндіруге бөлінгенін ерекше атап өткен жөн. Дәл осы деректер өңірдегі инвесторлар үшін азық-түлік секторының тартымдылығы мен болашағын көрсетеді», деген облыс басшысы 2025 жылға қарай құс етін өндіру мен жылыжай кешенін кеңейту де жоспарда тұрғанын атап өтті.
Бүгінде аграрлы аймақта ет-сүт өнімдерін өңдеумен айналысатын өндіріс орындары жанданып келеді. Оған әр ауданда іске қосылып жатқан шағын кәсіпорындардың жұмысы дәлел. Жуырда Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш ауылында «Сыр Жамбыл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сүт өңдейтін цехты іске қосты. Тәулігіне 6 тоннаға дейін сүт қабылдап, одан 600 келі ірімшік, 30 келі сары май шығаруға қуатты цехта ешқандай қоспасыз, табиғи таза өнім өндіріледі.
Жұмысын жаңа бастаған «Сыр Жамбыл» ЖШС қыстың көзі қырауда тәулігіне 1,5-2 тоннаға жуық сүт қабылдап, одан 10 пайыз, яғни 150-200 келідей дәмді ірімшік алып, қалған сары суынан сары май өндіруді бастап кеткен. Аталған серіктестік басшысы Ерсейіт Боранбаевтың айтуынша, көктемгі мал төлдеп, ақ молаятын уақытта өнім түрін арттырып, құрт пен кептірілген ірімшік (чечел) шығаруды жоспарлап отыр. Сүт өндіретін цехта 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Ағайынды Боранбаевтар отбасылық кәсіптерін бастау үшін 60 млн теңгеден астам жеке қаржы құйғандықтарын алға тартты. Өңірде алғашқы болып сүт өнімдерін, оның ішінде ірімшіктің жоғары сұранысқа ие түрі «Моцарелла» шығаруды бастаған шағын цехтың жұмысымен Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас танысып, жұдырықтай жұмылған жігіттердің бастамасына сәттілік тіледі.
«Бұл өңірде ірімшіктің дәл осы түрін шығаратын өндіріс орны жоқ. Сондықтан шағын цехтың жұмысы жанданып, қуаттылығы артса, жаңа жұмыс орны көбейіп, салық көлемі де ұлғайып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлес қосатын болады. Ең бастысы, халыққа табиғи таза, отандық өнім ұсынылады. Ал өндірілген өнімді өткізуде осы ауданның өзінде де, мәселен, денсаулық сақтау, білім беру мекемелері мен Ұзынағашта орналасқан әскери бөлімнен де тұрақты тұтынушылар табылатыны анық», деді аудан әкімі.
Сүт өңдеу цехындағы құрал-жабдықтар Түркиядан әкелінген екен. Өнім өндіруге қажет табиғи сүт тұрғындардан, шаруа қожалықтарынан жиналады. Оны қабылдаған кезде сапасы, майлылығы тексеріліп, екі-үш қайтара тазарту сүзгісінен өткізіледі. Одан кейін арнайы жабық қазанда ыстық бу арқылы 40 градусқа жылытылып, бір сағат ұйытылады. Сары суынан сүзбесі ажыратып алынып, қайтадан қазанда бумен 80 градуста пісіріліп, ірімшікке айналады. Ал сары суы сеператорда тартылып, одан қолдың майынан еш кем емес сары май алынады. Дайын болған ірімшік келесі құрылғыдан бір-екі келіден бөлініп, арнайы қалыпқа құйылып, қапталып, дайын өнім болып шығатындығын түсіндірген Е.Боранбаев бағасының да қолжетімділігін құлаққағыс етті.
«Болашақта өндіріс көлемін ұлғайтып, тауарды түрлендіріп, еліміздің басқа өңірлеріне тарату жоспарымызда бар. Бұл істе ағаларыммен бірлесіп, бұған дейін де біршама тәжірибе жинадық. Байқасақ, Алматы облысында осындай ірімшік шығаратын зауыт жоқ екен, демек сұраныс бар деген оймен ісімізді бастап кеттік. Алдағы мақсатымыз – бүгінгі шағын цехтың көлемін ұлғайтып, ауданнан сүт зауытын ашып, басқа аймақтардағы сүт өңдейтін үлкен кәсіпорындардың деңгейіне жеткізсек деген жоспарымыз жоқ емес. Осындай отандық өнім өндіргендерге мемлекет тарапынан қаржылық қолдау аз емес, соны пайдаланып, ісімізді ілгерілете бермекпіз», дейді «Сыр Жамбыл» ЖШС-ның директоры Ерсейіт Боранбаев.
Сыртқы қаптамасында Қазақстанда, оның ішінде Жамбыл ауданында шығарылғаны атап жазылған өнім осы күні Алматы облысы мен қаласына жөнелтіліп жатыр. Оны құрамына ірімшік қосылатын пицца, басқа да тез әзірленетін тағам түрлерін дайындайтын орындар тұрақты түрде ала бастауы өнім өндірушілерді қанаттандыра түскен.
Алматы облысы