Өткен жылы алматылық полиция қызметкерлері бөтеннің мүлкін ұрлаған 3 мыңнан астам адамды қолға түсірсе, олардың 150-і – шетел азаматы. Алдын алу шараларының нәтижесінде ұрлық саны 36 пайызға азайғанымен, қалада пәтер тонау әлі де өршіп тұр. Полицейлер былтыр 118 пәтер ұрлығын жасаған 24 қылмыстық топтың заңсыз әрекетін әшкерелеген.
Мегаполисте кез келген құлыпты бұзып, ұрланған автокөліктерді бөлшектеп сатумен айналысатын17 қылмыстық топ қолға түсті. Қылмыстың бұл түрінің ашылуы 13,9 пайызға артты деген Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек, жедел уәкілдер қоғамдық орындарда ұрлықпен айналысқан 119 қаскүнемдік топтың жолын кескенін мәлімдеді.
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында журналистермен жүздескен маман пәтер ұрлығы сақтыққа селқос қараған кез келген үйде болуы мүмкін екенін айтады. «1-2 қабаттағы пәтерлерде тұратын адамдар терезені ашып кетеді. Терезе тормен жабдықталмаған болса, бұл қауіпті. Сондай-ақ ұрылар әлеуметтік желілерді бақылап отырады, иелері демалысқа кеткен үйлерді желі арқылы анықтайды. Адамдар өздері «біз 10 күннен кейін боламыз» деп демалысқа кеткендерін парақшаларына салып, хабарлап отырады. Төменгі қабаттардағы үйлер мен пәтерлерге терезелер арқылы кіру – пәтер ұрыларының сүйікті тәсілі. Құлыптарды бұзу оларға таң емес», дейді ол.
Айталық, өткен жылы бір мезгілде 314 эпизодтық ұры ұсталып, олар бөтеннің мүлкін ұрлаудың 488 фактісін жасағаны анықталған. Қаскүнемдерден сақтану үшін бейнебақылау камераларын кеңінен орнату маңызды рөл атқарады. Сонымен бірге арнайы дабылдарды іске қосып, кілтті бір қарағанда оқшау болып көрінетін орындар мен кілемшенің астына қалдырмаған жөн.
Полиция мамандары пәтері тоналған үй иесінің іс-қимыл алгоритмі туралы да айтты. «Егер үй иелері есіктің сәл ашылғанын, құлыптың бұзылғанын көрсе, ішке бірден кіруге болмайды. Біріншіден, бұл олар үшін қауіпті. Ешкім пәтерде бөгде адамның жоқ екеніне кепілдік бермейді. Өзіңізге қауіп төндірмеу үшін және жедел тергеу тобының жұмысына кедергі келтірмеу үшін 102 пультіне дереу қоңырау шалып, не болғанын хабарлаған дұрыс. Жергілікті жерде алғашқы тергеу шараларын жүргізетін жедел-тергеу тобының келуін күтіңіз. Саусақ іздерін анықтау үшін ұрылардан қалған белгілерді алуға болады», дейді С.Әзірбек.
Қылмыскерлерді қолға түсіру мақсатында полицейлер бағалы бұйымдарды қабылдаумен айналысатын орындармен де тығыз байланыс орнатқан. Екі жыл бұрын қаладағы ломбардтармен арнайы меморандумға қол қойылыпты. Көбіне ұрланған мүліктер аталған орындардан табылатын болған.
«Қазір бұл үрдіс төмендеуде, өйткені ломбард қызметкерлері күдікті мәмілелер кезінде полиция қызметкерлеріне өздері хабарлайды немесе бұл мәмілені жасамайды. Ұрланған затты сатып алу Қылмыстық кодекстің 196-бабының талаптарына сәйкес қылмыстық жазаланатын іс-әрекет болып табылатынын ескерген жөн», деп нақтылады С.Әзірбек.
Ұрыларды әшкерелеу үшін полицейлер бейнекамералардың жазбаларын жиі пайдаланады. «Біз профилактикалық шараларды ұдайы өткіземіз. Мысалы, Медеу ауданында Пушкин мен Мақатаев көшелерінің қиылысында бірқатар қала тұрғыны ұсталған ұялы телефондарды сатады. Ұрланған телефонды әдейі сатып алуға тыйым салынады және ол үшін 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Егер адамның қолындағы байланыс құралының ұрланғаны дәлелденсе, ол ұсталады. Ұялы телефондарды қабылдау кезінде ломбард қызметкері оның құқығын растайтын құжаттарды тексеруге тиіс. Мысалы, сатып алу кезінде берілетін арнайы кепілдік картасы бар. Егер біз жай ғана телефон әкелдік делік, құжаттар мен қаптамалар жоқ, содан кейін ломбард қызметкері қабылдаудан бас тартуға толық құқылы. Егер көшеден телефон тауып алсаңыз, иесін өз бетіңізше іздеудің қажеті жоқ. Мұндай жағдайда 102 нөміріне қоңырау шалу керек, операторлар хабарламаны қабылдап, табылған затты беруге болатын жақын маңдағы полиция бөлімшесіне жібереді», дейді С.Әзірбек.
АЛМАТЫ