Интернет арқылы алдап-арбау – бүгінгі қоғамның асқынған «дерті». Қулық пен айланың мың тәсілі түрлі жолмен жүзеге асып жатыр. Қолда бар қаржысын танымайтын әлдекімдердің әңгімесіне сеніп, аударып жіберіп, артынша сан соғып қалып жатқандарды күнделікті көріп те жүрміз. Әлеуметтік желі арқылы тауар жарнамалап, «аспаннан ақша жаудыратындар» да өріп жүр.
Абай облыстық Полиция департаменті интернет алаяқтардың айла-шарғысының алдын алып, олармен күресуге белсене кірісіп отыр. Департаменттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2023 жылы қаланың 800-ге жуық тұрғыны интернет алаяқтардың құрбаны болған. Қоңырау шалғанның бәрін өзіндей көретін жергілікті «ақкөңіл-аңқаулар» алаяқтарға 127 млн теңгеден астам қаражатты қалай аударып жібергенін аңғармай қалған.
Осыған орай 1-12 ақпан аралығында Семей қаласында «Стоп алаяқ» жедел алдын алу іс-шарасы басталды. Бірер күн бұрын қала әкімдігінің ғимаратында осы іс-шараны іске асыру мәселелері бойынша арнайы жиын өтіп, оған шаһар әкімі Нұрбол Нұрсағатов, қала прокуроры Азамат Уәлиев, полиция басқармасының басшысы Қайрат Әбдіғалиев және басқа да қоғамдық институттардың басшылары мен өкілдері қатысты.
«Өкінішке қарай, киберқылмыс, соның ішінде интернет қолданушыларының алаяқтығы жиілеп кетті. Өңірде 2023 жылы іске қосылған «Киберпол» қанатқақты жобасы алғашқы нәтижесін бере бастады. Бұл бағыттағы қылмыстық істерді сапалы тергеу үшін арнайы жедел тергеу топтары құрылды. Олардың көмегімен әлеуметтік желілердегі аккаунттар бақыланып, 21 веб-сайттағы 23 жалған хабарландыру бұғатталды. Сонымен қатар бұл іс-шаралар ІІМ-нің киберқылмыс ережелерін, оның ішінде 2025 жылға арналған телефон мен интернет алаяқтыққа қарсы күрес бағдарламасының ережелерін іске асыру аясында өтіп жатыр», дейді Абай облыстық ПД басшысы, полиция генерал-майоры Сұлтан Бектөре.