Қарағанды облысы Шахтинск қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты ІІМ Ұлттық ұланының 6505 әскери бөлімінің әскери қызметшісіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау бойынша көшпелі ашық сот отырысын өткізді.
Сот отырысында Т. есімді сарбаздың еліміздің Қарулы күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарының ішкі қызметінің Жарғысын және Отанға, халқына жанқиярлықпен қызмет етуге ант бергеннен кейін өз командирінің бұйрығын орындаудан ашық және айқын бас тартқаны, яғни Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 652-бабының 6-бөлігінде көзделген құқық бұзушылық жасағаны анықталды.
Бұл норманың санкциясы баламалы жазалау шараларын – айыппұл немесе қамауға алуды көздейді, сот екінші – қамауға алу және гауптвахтаға отырғызу шарасын қолдануды ұйғарды.
Шахтинск қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының төрағасы Жамбыл Кәрімбаевтің айтуынша, сот Т-ның қызмет атқару орны ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған Қазақстанның барлық өңірінен сотталғандар жазасын өтеп жатқан түзеу мекемесі екенін ескерген.
Сот үдерісі басқаларға үлгі болуы үшін әскери бөлімнің мәжіліс залында бөлім басшылығы және жеке құрамның қатысуымен өтті.