• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 15 Ақпан, 2024

Өнеркәсіп секторының өзекті мәселелерімен танысты

71 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектенов Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барып, бірқатар негізгі өндірістік кәсіпорынды аралады, сондай-ақ өнеркәсіп секторының өзекті мәселелерімен танысты.

Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев Үкімет басшысына облыс бойынша 61 инвестициялық жобадан тұратын пул құрылғанын айтты. Жалпы құны 1,5 трлн тең­гені құрайтын жобалар 14 мың­нан астам жұмыс орнын құруға мүм­кіндік береді. Олардың басым көпшілігі тау-кен өнеркәсібі, металлургия және құрылыс салаларын қамтиды.

2024 жылы 252 млрд теңгеге 10 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, катодты мыс, кремний қорытпалары, жел энергетикасы мұнаралары, мырышталған металл бұйымдары және т.б. шы­ғару бойынша жаңа өндірістер ашылуға тиіс. Саран қаласында жүк автомобильдерінің өндірісі іске қосылады.

«Сарыарқа» арнайы экономи­калық аймағын аралау барысында Олжас Бектенов «Steel Manu­fac­turing» патрон зауытының жұ­мысымен танысты. Биыл винтовка патрондары желісін іске қосу жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр, сондай-ақ түрлі калибрдегі патрондардың сериялық өндірісі іске қосылады деп жоспарланған.

Қазақстандық патрон зауыты – қорғаныс-өнеркәсіп кешеніндегі жоғары технологиялық бірден-бір кәсіпорын. Мұнда қауіпсіздік мәселесіне және өндірісті авто­мат­тандыруға басымдық берілген, өндірістік үдерістің барлығы адам­ның қатысуынсыз, автоматты түрде жүзеге асырылады. Бұған дейін Қазақстанда оқ-дәрі өндірісі болмаған, ал елдің қажеттіліктері бұрынғы қорлардың есебінен жабылып келді немесе шетелден сатып алынды.

Премьер-министр зауыт өн­діріс­тік қуатын толығымен пай­даланып жұмыс істеуі керек екенін, сол себепті оны салалық ведом­стволардың жоспарға сай тап­­сырыстарымен жүктеу қажетін атап өтті.

Сондай-ақ Олжас Бектенов «Қарағанды – Балқаш – Алматы» ав­тожолын реконструкциялау барысы туралы баяндамаларды тың­да­ды. Бүгінгі таңда жаңа асфальт бойынша жол қозғалысы қамта­масыз етілген, айналма жолдар тек жол өтпелері салынып жатқан учас­келерде ғана қалып отыр.

«ҚазАвтоЖол» компаниясы­ның басшысы Дархан Иманашев­тың айтуынша, 11 көпір мен нысан бойынша жұмыстар аяқталып, Балқаш қаласын айналып өтетін жерде теміржол көпірі арқылы өт­пе жол салынды. Оған қоса тасжол бойында 18 демалыс алаңы, оның ішінде санитариялық-гигие­налық тораптар салынбақ. Жобаны аяқ­тау үшін қазір жол құрылысы материалдары мен қа­жет­ті жайлас­тыру элементтері бел­­сенді түрде дайындалып жатыр.

Үкімет басшысы барлық жұ­мысты жыл соңына дейін аяқтау қажетін атап өтті. Бұл ретте ол қосымша арнайы техниканы бөлу және ұзын-сонар кептелістерді болдырмау үшін автожолдардағы қар тазалау шараларын күшейтуді талап етті.

Одан кейін Олжас Бектенов «Qarmet» металлургиялық комби­на­тының өндірістік цехтарына барды. Бүгінгі таңда комбинат – республикадағы толық өндірістік циклі бар ірі тау-кен және болат кәсіпорындарының бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың тапсыр­масымен мемлекет оны әрі қарай дамытуға қажетті қолдау көрсетіп келеді.

Олжас Бектенов №3 домна пешінің, табақша металды илемдеу цехының, сондай-ақ ыстық күйде мырыш және алюминий жасау цехтарының жұмысымен танысты.

Мұнда Премьер-министр металлургтермен әңгімелесіп, кәсіби мамандық мәр­тебесін арттыру, жалақыны ұл­ғайту, жас мамандарды даярлау үшін жаңа оқу орындарын құру, бұдан басқа да бірқатар мәселе көтерілді.

Үкімет басшысы көтерілген мәселелердің барлығы және «Qarmet»-тің алдағы жұмысы мем­ле­­кеттің ба­қылауында болатынына сендірді.

«Жаңа инвестор өндірісті жаңғыртуға және қауіпсіздік дең­гейін арттыруға ауқымды инвес­тициялар салу бойынша міндет­темелер қабылдады. Бұл бос сөз емес, мұның бәрі қағазға қатталған және мемлекеттің ба­қылауында бо­лады. Президент барлық тиісті тап­сырманы берді. Комбинаттың ты­нысы кеңейіп, жаңа өмірге жол ашатынына сенім­діміз. Бұл – отан­дық өнеркәсіптің мақтанышы. Біз өз тарапымыздан бақылап, жан-жақ­ты қолдау көрсететін боламыз», деді О.Бектенов.

Сонымен қатар Премьер-министр салалық ведомстволар басшыларының, жаңа инвес­тордың, әкімдік өкілдерінің және кәсіпорын қызметкерлерінің қаты­суымен «Qarmet»-тің өзекті мәсе­лелерін шешу және одан әрі дамыту жөнінде кеңес өткізді.

«Qarmet» акционері Андрей Лав­рентьев 2028 жылға қарай темір кені концентратын шы­ғаруды 5 млн тон­наға дейін ұлғайту, 9 млн тонна көмір және 5 млн тонна болат өндіру жос­парланып отырғанын айтты.

Оған қоса Үкімет басшысының назарына химия, мұнай, құрылыс және кеме жасау салалары үшін болаттың жаңа және премиум маркілерін шығару, жүк техникасын, автобустарды, ауыл шаруа­шылығы техникасын, теміржол вагондарын және т.б. өндіру әлеуеті ұсынылды. Әсіресе автомобиль жасау кезінде пайдаланылатын болаттың жекелеген түрлеріне ерекше назар аударылмақ, бұл отандық машина жасау өндірісін локализациялауға оң әсер етеді. Жалпы, әлемдік нарықтағы өнім­нің жаңа маркілеріне деген сұ­раныс комбинаттың Орталық Азия мен ТМД металлургиясы көшбасшыларының бірі ретіндегі мәртебесін қайтаруға мүмкіндік береді деп күтілмек.

Компания үшін басымдыққа ие тағы бір перспективалы бағыт – көмір химиясы. Пиролизді конверсиялау технологиясына сүйене отырып, көмірді пайдалы өнімдер мен шикізат ретінде өңдеу жос­парланып отыр. Бұл Қа­рағанды көмір бассейнінің қай­та түлеуіне елеулі серпін бермек.

Барлық стратегиялық мін­детке қол жеткізу үшін Олжас Бектенов уәкілетті мемлекеттік органдарға кәсіпорынның өзекті мәселелерін пысықтауды тапсырды. Атап айтқанда, «Qarmet»-ті табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесін шешу керек, бұл өз кезегінде Те­міртау қаласының экологиясын түб­егейлі жақсартуға мүмкіндік береді.

Осы орайда Премьер-министр компанияның инвестициялық жос­парларын іске асыруды барынша же­делдету қажетін атап өтті, бұл Қазақстан экономи­ка­сының құ­ры­лымын өзгертуге елеулі үлес қос­пақ.

Saran индустриялық аймағын аралау кезінде Үкімет басшысы 2021 жылы іске қосылған автобус шығаратын «Qaztehna» зауы­тының жұмысымен танысты.

Бүгінгі таңда кәсіпорында шағын торапты құрастыру, дәне­керлеу және бояу цехтары жұмыс істейді.  2023 жылы мұнда 1 700-ге жуық автобус шығарылды. За­уыттың өнімі Қазақстанның ішкі нарығына, сондай-ақ ЕАЭО ел­деріне жіберіледі.

Содан кейін Олжас Бектенов автомобиль шиналарын шыға­ратын «KamaTyresKZ» кәсіп­орнына барды. Мұнда көктемде сериялық өндірісті бастау жос­парланып отыр. Ол үшін арнайы курстардан білім алған 500-ден астам қыз­меткер бү­гінде жұ­мыс­қа кі­рісу­ге дайын, ал кә­сіпорын то­лық қуа­­тына шық­қаннан кейін қосы­мша 1 000-нан астам жұмыс орны ашылмақ.

Жобаға 214 млрд теңгеден астам инвестиция салынды. Жо­ба­лық қуаты жылына 3,5 млн жеңіл, жеңіл жүк және жүк шинасын құ­райды. Қазіргі уақытта мұнда жаб­дықтарды монтаждау және іске қосу, ретке келтіру жұ­мыстары жү­ріп жатыр.