• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Ақпан, 2024

Арманы – Google-ге қызметке тұру

598 рет
көрсетілді

Елімізде цифрлық даму үдерісі өріс алып келеді. Әсіресе осы салаға бет бұрған жастардың қарасы көп. Цифрлық технологияны жетік меңгеріп, IT-дің қыр-сырын білетін өрендер бар. Соның бірі – Әмір Сятов. Ол 14 жасында-ақ ай сайын цифрлық сала арқылы 400 мың теңге тауып отыр.

Қарапайым отбасынан шыққан талантты жасөспірім кішкентайынан цифрлық технологияларға қызығып өскен. Ол қазір Python-да кодит және ойын серверлерін жасайды. Осы арқылы ел бойынша орташа жалақыдан жоғары табыс тауып отыр. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, 2023 жылдың IV тоқсанында Қазақстандағы номиналды орташа жалақы 393 605 теңгені құрған. Бұл – IT саланың үлкен мүмкіндіктерге жол ашатынының, жақсы табыс көзі екенінің дәлелі.

– 10 жасымда әлеуметтік желілер туралы бір фильм көріп қалдым. Сол жердегі Марк Цукербергтің оқиғасы мені таңғалдырды. Ол интернеттегі адамдар арасындағы қарым-қаты­нас­тың жаңа дәуіріне айналдыруды жал­ғыз бастағанын түсіндім. Бұл әлем мені өзіне лезде тартып алды. Осы­дан кейін бағдарламалауды, атап айт­қан­да, веб-әзірлемелерді зерттеуге көш­тім, – дейді Әмір.

Оның алғашқы қадамы «YouTube-те» «HTML» және «CSS» сабақтарын көру­ден басталған. Содан кейін Орал­дағы «IQ Hub» роботтехника және бағдарламалау мектебіне бара бас­таған. Онда «Python» негіздерін үйре­ніп, сандық салаға аяқ басқан. Со­лай бұл бағытты барынша зерттеп, мүмкіндігінше білімін жетілдіре түскен. Ең қызығы, мұның бәрі 30 мың теңгелік курстан басталған. Әмірдің айтуынша, үлкен ағасы қолдамаса, мұның бәрі болмас еді. Ол анасын бағдарламалау курстарын сатып алып беруге көндірген. Бастапқыда үлкен­дер не үшін қажет екенін түсінбей, қар­сы болған. Алайда ағасы оларға курстың дамуға маңызды екенін және болашақта жоғары жалақы алатын маман болуға мүмкіндік беретінін айтқан. Солай ата-анасы цифрлық әлемді меңгеруі үшін Әмірдің барлық жағдайын жасай бастаған. Бұл – басқа да ата-аналарға үлгі болатын іс.

– Осылайша, алғашқы жобаларды әзірлеумен айналыса бастадым. Яғни әртүрлі ойындарға арналған серверлер (мысалы, CS: GO және Minecraft) және әлеуметтік желі чат-боттары. Көп ұзамай «Аpexnodes» хостингін іске қостық. Басында капитал жинақтардан алынды. Үш адамнан тұратын команда жинап, одан кейін ТМД елдеріндегі ойын серверлерін сату және техникалық қолдаумен айналыстым. Ресейден алғашқы тапсырыс алған кезде қалай қуанғаным есімде. Ол бізге шамамен 45 мың теңге әкелді. Кейінірек «Jaiq Hub» аймақтық технопаркінің қолдауымен жобаны кеңейттік, – деп тәжірибесімен бөлісті ол.

Ісі оңға басса да, ізденуді тоқтат­паған. Технопаркте оқып, стартаптарды іске қосу туралы білімін тереңдете түскен. Қашықтыққа бюджетті қалай дұрыс бөлу керектігін біліп, қарым-қатынас дағдыларын жетілдірген.

– Көп ұзамай еңбегімді сатып, ай сайын тұрақты табыс әкелетін жұ­мыс табуға кірістім. Ол кезде жасым 13-те еді. Содан «Millida» компания­сы­нан ұсыныс келді. Олар ойын ішіндегі элементтердің техникалық әкімшісі мен жасаушысы жұмысын ұсынды. Мені «Discord» арқылы өткен сұхбатқа шақырды. Солай істе­ген басқа жобаларым туралы айттым. Олар жобаларымды көріп, тәжірибе алмасуға, үйретуге дайын болды. Әңгімелесуде жас туралы әңгіме болған жоқ. Шамасы, жақсы студиялық микрофонның арқасында менеджерлер мені 16-да деп ойлады. Тек бір айдан кейін, жалақы төлеу үшін өзімнің деректерімді жіберген кезде, компания менің нақты жасымды білді. Бірақ ешқандай теріс реакция болған жоқ. Керісінше, жалақыны 20 пайызға өсірді, – деді жас талап.

Компания менеджменті оқушының университетті бітірген басқа мамандар­дан еш кем түспейтініне қатты таң қал­ған. Бастапқыда Әмірге жұмысты мек­тептегі оқумен үйлестіру қиын бол­­ды. Мұғалімдер тарапынан көп ес­кер­­ту­лер жасалып, мәселелер шыға бас­­та­ды. Кейде үй тапсырмасын орын­дау­­­ға мұршасы болмады. Сол себепті де қа­зір штаттан тыс жұмыс істеп жүр. Ком­­­панияда жақсы тәжірибе жинап, 13 мың код жолын жазған. Алайда онымен тоқ­тап қалмай, басқа да жобаларды іске асы­рып, жаңа тәжірибе алғысы келеді.

Әмір IT біліктілігін одан әрі арттырып, болашақта «DevOps» инженері болғысы келеді. Оның айтуынша, мек­теп бітіргеннен кейін мансапты дамы­тудың екі жолы бар. Біріншісі – Еуропа немесе АҚШ-қа кетіп, жоғары оқу орнына түсу. Екіншісі – тәжірибе жинақ­тау. Еліміздегі ірі компаниялар­дан тағылымдамадан өтіп, содан кейін «Google», «Microsoft» сияқты халық­аралық корпорацияда жұмыс істеу­ді армандайды. Ата-анасы оның жетіс­тіктерін мақтан тұтады. Ол өзі де жеке басын қамтамасыз ете алатына риза. Ал достары данышпан көреді. Бірақ Әмір өз ісін ешқандай ерекшелікке бала­майды. Өзінің цифрлық саладағы тәжірибесімен бөлісіп болған соң, сөзін «Табандылық пен ынта, еңбекқорлық арқылы әркім бұған қол жеткізе алады. Ең бастысы – бастаудан қорықпау және өзіңізге сену», деп аяқтады сөзін. Бұл сөзі­нің жаны бар.