• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Алматы 20 Ақпан, 2024

Алматы агломерациясы: Әкімдер қандай мәмілеге келді?

149 рет
көрсетілді

Алатаудай тәж киген Алматы қаласы жыл өткен сайын­ құлашын жайып келеді. Мегаполистің халқы көбейіп, бұрынғы облыстың есебінен жаңа аудандар пайда болып жатыр. Мұндайда Алматы және Алматы облысы әкімдерінің ойласпай отыра алмайтыны аян. Нақты жобаларға қатысты құжат түрінде мәміле жасамаса тағы болмайды.

Жақында Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев пен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Алматы агло­мерациясының жергілікті ке­ңе­сінің үшінші отырысын өткізді. Кездесу барысында қала маңы аймағындағы құрылысты жоспарлаудың кешенді сызбасын өзектендіру, шаһар аума­ғы­нан өнеркәсіп нысандарын шығару және «Солтүстік» кө­лік­ке ауысып отыру торабын (КАТ) салу мәселелері қаралды. Ерболат Досаевтың айтуынша, халық санының қарқынды түрде көбеюі жағдайында Алматының айналасындағы аумақтарда қала құ­ры­лысын жоспарлаудың ке­шен­ді сызбасы басты құжат бол­­мақ.

«Алматы агломерация орта­лы­ғы болып қала береді және маятниктік көші-қонды қаперде ұс­тасақ, қаланың күнделікті хал­қы шамамен 3 млн адамдай болады. Сондықтан біз қала маңындағы аймақпен көлік байланысы, су бұру, энергиямен жабдықтау, жұмыс орындарымен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды үйлестіруіміз керек», деді.

Алматының қала маңы ай­ма­ғы аумақтарының қала құ­ры­лысын жоспарлаудың кешенді сызбасын Алматы облысының мәслихаты өткен жылдың 26 желтоқсанында бекіткен еді. Жергілікті кеңестің отырысын­да осы құжатты Үкі­мет­ке бекі­ту­ге жіберу туралы шешім қа­был­данды.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Президент тапсырмасын орындау мақса­тын­да Алматы агломерациясын дамыту жоспарында 130 іс-шара өткізу көзделгенін, оның 77-сін Алматы облысы жүзеге асыруға тиіс екенін атап өтті.

Отырыс барысында бірқатар өнеркәсіп кәсіпорындарын Ал­ма­тыдан тыс жерлерге кө­шіру мәселесі қаралды. Бұл шара Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарында және егжей-тегжейлі жос­пар­лау­дың (ЕТЖ) жаңа жобаларында көзделген экологиялық талаптарға негізделген. Бүгін­де Алматы және облыс әкім­дік­тері кәсіпорын басшыларымен келіссөз жүргізіп жатыр. Осылайша, 16 ұйымның 4-еуі қайта орналастыруға дайын екендігін білдірді. Мысалы, «Темірбетон-1» ЖШС Алматы облысындағы «Қайрат» индустриалды аймағында жаңа өндіріс салуды жоспарлап отыр.

Алматы және Алматы облы­­сы­ның әкімдері өнеркәсіп нысандарын көшіру жоспарын құруды және келісілген жағдайда кәсіпкерлердің облыс аумағына көшуі үшін барынша қолайлы жағдай жасауды тапсырды.

Отырыстың күн тәртібінде көтерілген маңызды мәселенің бірі – Мемлекет басшысының биыл 25 қаңтарда Алматыдағы сапарында мақұлдаған Алматы қаласы көлік қаңқасының шебер-жоспарының маңызды бөлшегі – «Солтүстік» көлікке ауысып отыру торабы орналасатын жерді анықтау болды. Бұл учас­кеде сыйымдылығы әртүрлі сы­нып­­тағы 400 автобусқа дейін­гі бірегей автобус паркін салу жос­парланып отыр. Парк жо­ба­сының Қазақстанда көлік құрал­дарын қуаттау және толты­ру үшін жоспарланған инфра­құ­ры­лым бөлігінде баламасы жоқ.

Отырыс барысында ком­му­нал­­дық қызмет көрсету және энергетика жүйесін жаң­ғырту, шағын өнеркәсіптік парктер мен қосымша индустриалды аймақтар салу үшін Алматы және Алматы облысының әкімдіктері өткізулерге тиіс бірінші кезектегі іс-шаралар талқыланды.

«Алматы агломерация­сын­да өңдеуші өнеркәсіпті да­мы­ту аясында Алматы облы­сын­­­­да жаңа индустриалды ай­мақ­­­тарды құруға басты назар ау­да­рылды. Қазір қала экономикасы құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 4,8%-ды құ­райды. 2023 жылдың қоры­тын­дысы бойынша машина жасау саласында – 46%, тамақ өнер­кәсібінде – 24,1%, құрылыс ма­териалдары өндірісінде – 6,4%, ең жоғары көрсеткіштерге қол­жеткізілді. Өңдеуші өнер­кәсіптің одан кейінгі келешегі Алматы индустриалды аймағын, «Алатау» АЭА ИТП дамуының екінші кезеңімен және Алматы облысында жаңа индустриалды аймақтарды, сондай-ақ шағын өнеркәсіп парктерін құруға тікелей тәуелді», деді Алматы әкі­мінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров.

Айта кетейік, Алматы агломерациясын дамытудың 2029 жылға дейінгі кешенді жоспары Президент тапсырмасы аясында әзірленді. Оны 2023 жылдың желтоқсанында Үкімет бекітті.

Агломерация – бір немесе бірнеше ірі қаланың айна­ла­сын­дағы елді мекендердің бой көтеруі болса, өзегі – Алматы болып отырған мегаполис агломерациясына аудандық маңызы бар қалалар, 31 ауылдық округ және шамамен 3 млн адам тұ­ратын 98-ге жуық елді мекен кіреді. Агломерация аумағы өзі­нің өңірлік даму жоспарлары мен мемлекеттік жоспарлаудың басқа да бағдарламалары бар 2 әкім­шілік-аумақтық бірлікті (Алматы қаласы мен Алматы облысы) қамтиды.

 

АЛМАТЫ