Теміртаулық Наргиза Болатова мен Эдуард Кимнің Қатар астанасы Доха қаласында өткен су спорты сайысында чемпион атанғанын әлем көрді. 25 елдің спортшылары бақ сынаған сайыста спортшылар алтыннан алқа тағып, елімізге тарихи жеңіс сыйлаған еді.
Елге олжалы оралған спортшы мен оның жаттықтырушысы Елена Котованы облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын қарсы алып, сәтті өнер көрсетуімен құттықтады.
– Бұл – тәуелсіз Қазақстанның су спортынан әлем чемпионатындағы алғашқы алтыны. Жақында Наргизаның Қытайдағы Азия ойындарының қола жүлдегері болғаны да ерекше қуантады. Қол жеткізген жетістіктермен және жаңа жеңістеріңіз жалғаса беруін тілеймін, – деді Ерлан Бейсембайұлы.
Наргиза Болатова 6 жасынан бастап синхронды жүзумен айналысады. Ол – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, су спорты түрлері бойынша ел құрамасының капитаны, республикалық және әлемдік чемпионаттардың бірнеше дүркін жүлдегері.
– Жеңімпаз атану үшін ұзақ және ауыр жаттығу қажет. Қарсыластарым мықты болды. Мен эмоцияларды, судағы театрды көрсетуге тырыстым. Бірақ сонымен бірге бағдарламаның күрделілігін көрсету қажет еді. Эдуардпен жұмыс істеу оңай болды. Ол талантты спортшы, біз бір-бірімізге көмектестік. Енді әлем кубогінің келесі кезеңдеріне дайындаламын. 2028 жылы Олимпия ойындарының бағдарламасына аралас дуэттер енгізіледі деп үміттенемін, – дейді жеңімпаз Наргиза.
Бүгінде әртістік жүзуден ұлттық құрамаға Қарағанды облысының жеті өкілі кіреді. Олардың барлығы – Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Елена Котованың тәрбиеленушілері.
– Наргизаның алған алтыны еңбегіне лайық. Ол өте табанды және еңбекқор. Оның мақсаты айқын және оған жетуде табандылықпен қадам басып келеді. Ұлттық құрамада барлығы Наргиза сияқты болғанын қалаймын. Теміртауда синхронды жүзу спорт түрі танымал. Көп қыздар келеді, біз бәрін қабылдаймыз. Ең бастысы, баланың өзі бір нәрсеге қол жеткізгісі келуі керек, ал біз оны қолдаймыз және бағыттаймыз, – дейді Қарағанды облысының көркемдік жүзуден аға жаттықтырушысы Елена Котова.
Облыс әкімінің орынбасары спортшы мен оның жаттықтырушысына ықылас гүлі мен 1,5 млн теңгелік сертификат табыс етті.
Қарағанды облысы