• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 22 Ақпан, 2024

Жігіттер жанталасып жатыр

73 рет
көрсетілді

Оңтүстік Кореяның Пу­сан қаласындағы үстел теннисінен өтіп жатқан командалық әлем чемпио­натында Қазақстанның ерлер құрамасы ТОП-24 команданың қатары­на қосылды. Яғни жерлес­теріміздің жүлделі орындар үшін таласуға мүмкіндігі бар. Сол жоспарды жүзеге асыру үшін біздің жігіттер алдағы бәсекелерде азулы қарсыластармен аянбай айқасып, жеңіске жетуге барынша күш салуы керек.

Аталған жарысты Қазақ­стан­ның ойыншылары жеңіспен бастағаны жайында біз бұған дейін жаздық. Топтық турнирдің бірінші турында ерлер командасы Сауд Арабиясына (3:0) сан соқ­тырса, әйелдер құрамасы Аус­тралиядан (3:2) айласын асырды. Келесі күні жерлестеріміз 2016 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Англияға қарсы ой­нағанда Қазақстанның Корея Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Нұрғали Арыс­танов бастаған бір топ лауазым иелері спортшыларды қолдау мақсатында аренаға арнайы келді. Алайда азулы ағылшындарға әлі­міз жетпеді. Кирилл Гера­сименко Пол Дринхолл мен Лиам Питчфордты ұтқанымен, Алан Құр­манғалиев пен Айдос Кен­жеғұлов қарсыластарына есе жіберді. Есеп – 2:3.

Үшінші күні жігіттер Олимпия ойындары (3 қола) мен әлем чемпионаттарында (7 күміс, 2 қола) атой салып жүрген Германиямен күш сынасты. Бұл кездесу біздің жігіттер үшін сәтті басталды. Ге­ра­­сименко Олимпиаданың алты (2 күміс, 4 қола), әлем чемпио­натының бес (4 күміс, 1 қола) дүр­кін жүлдегері, Еуропа ойындары (3 алтын), құрлық чемпионаты (10 алтын,3 күміс, 2 қола ) және Әлем кубогінде (1 алтын, 4 қола) сан мәрте атой салған даңқты Дми­­трий Овчаровтан 3:1 есебімен басым түсті. Барша мамандар бұл нәтижені сенсацияға балады.

Көп кешікпей Герасименко командалық сайыста әлем чем­пио­натының күміс жүл­де­гері, жекелеген бәсекеде Еу­ро­паның үш дүркін чемпионы, Еуропа ойындарының екі мәрте жеңімпазы Цю Даннан 0:2 есебімен ұтылып жатса да, салы суға кеткен жоқ. Керісінше, шешуші ойындарға ол ширығып шықты. Соңғы үш партияда қар­қынын күрт күшейткен еліміз­дің бірінші ракеткасы жеңісті қарсыласының уысынан жұлып алды – 3:2. Бірақ Кириллдің жеңісті жолын командалық әріптестері жалғастыра алмады. Нәтижесінде, немістердің асығы алшысынан түсті. Қорытынды есеп – 2:3.

Төртінші турда кілең легио­нерлерден жасақталған АҚШ құрамасымен айқастық. Бұл жолы да асқан шеберлік танытқан Герасименко Сид Нареш пен Ник­хил Кумарды қапы қалдырды. Кен­жеғұлов Лишан Лианнан басым түсті. Құрманғалиев Ку­мардан ұтылды. Осылайша, жер­лестеріміз бұл бәсекені 3:1 есебімен өз пайдасына шешті. Нәтижесінде, Қазақстанның үстел теннисшілері 2 топта екінші орынды иеленіп, жарысты одан әрі жалғастыру құқығына ие ТОП-24 команданың қатарына қо­сылды. Біз тек Германиядан ғана қалып қойдық. Енді отандас­тарымыз 1/8 финалға шығу үшін Үндістанмен кездеседі.

Ал еліміздің әйелдер құра­масының жағдайы мәз емес. Чем­пионаттың тұсаукесер кездесуін­де Аус­тралиядан (3:2) айласын асырған олар екінші турда Аус­­трияға есе жіберді. Бұл ойында Зәуреш Ақашева София Пол­кановаға (Еуропаның екі дүр­кін чемпионы), Сарвиноз Мір­қа­дырова Лю Цзяге (Европа чем­пионы, алты Олимпиадаға қа­тысушы) және Анастасия Лаврова Каролина Мишекке жарытып қарсылық көрсете алмады – 0:3. Гонконгқа қарсы кездесуде дәл сондай есеппен аяқталды – 0:3. Олимпия ойындары мен әлем және құрлық біріншіліктерінде талай рет жеңіс тұғырына көтерілген Чжу Чэнчжу, Ли Хо Чин және Ду Хойкем сынды мықтыларға Сарвиноз Мірқадырова, Ангелина Романовская және Әнел Бақыттың әлі жетпеді. Топтық турнирдегі соңғы ойынды Португалияға қар­сы өткізіп, Пиреней түбегінің өкілдерінен таза жеңілдік – 0:3. Сөйтіп, бұрымдыларымыз өз тобында төртінші орында қалып қойды.