Алматыда «Бизнестегі әйелдер» іскерлік форумы өтіп, бір алаңда еліміздің әр шалғайынан келген табысты қыз-келіншектер жиналды. Биылғы форумда бірінші рет әлеуметтік кәсіпкерлік пен қайырымдылық шаралары жеке тақырып ретінде талқыланды.
Алматы қаласы Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Ақеркін Ералиева әлеуметтік кәсіпкерліктің артында өз бизнесін дамытумен қатар, ауылдың да дамуына елеулі үлес қосуға ұмтылған, ер-азаматтардан қалыспай тер төгіп жүрген жандар тұрғанын алға тартты.
Айтқандай, арулардың алқалы жиынында Қазақстан үшін өткен жыл экономикалық тұрғыдан табысты болғаны, биыл да бұл үрдіс жалғасын табатыны айтылды. Өйткені елде экономикалық өсім артып, инфляция мен базалық мөлшерлеме төмендегендіктен, несиенің пайызы біршама болса да азая түспек. Сондықтан кәсіпкерлікпен айналысу үшін жаңа кредит алатындар саны күрт артуы мүмкін. Мұндай болжамды Алматыда өткен Халық банкінің басқарма төрағасы жасап отыр.
«Даму» қорының мәліметінше, еліміздегі кәсіпкер әйелдер қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібі саласында басым екен. Ал Dasco Consulting Group деректеріне сүйенсек, Қазақстанда жұмыс істейтін әрбір бесінші әйел сауда-саттық саласында қызмет етеді. Олардың 15%-дан астамы Алматыда тұрады.
Алматы қалалық Іскер әйелдер кеңесі, «Halyk Bank» пен «Masterсard» ұйымдастырған форумға 300-ден аса әйел кәсіпкер, қоғам қайраткері, даму институттары мен ірі компаниялардың, банктердің басшылары қатысты.
«Біз іскер және кәсібін жаңадан бастаған әйел кәсіпкерлер үшін мазмұнды әрі пайдалы бағдарлама ұсындық. Дәстүрлі форум биыл бесінші рет өтті. Әр сессия – көшбасшылардың көзқарастарын ортаға салып, өз тәжірибесі туралы баяндайтын, белгілі бір тақырыпқа арналған жеке блок. Бізді форумның аясы ұлғайып, оған еліміздің түкпір-түкпірінен, жақын және алыс шетелден әріптестеріміздің қатысатыны қуантады», дейді форумды ұйымдастыруға ұйытқы болған Алматы қалалық Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы А.Ералиева.
Форумда сөз алған ҚХР Бас консулы Цзян Вэй бұл форумды қазіргідей күрделі жаһандық ахуал жағдайында өткізудің маңызы зор екенін айтып, әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту сияқты тақырыптар жөнінде пікір алмасуға ерекше екпін салды.
Өз кезегінде «Даму» қорының басқарма төрағасы Гауһар Бөрібаева әйелдер кәсіпкерлігіне көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдауға тоқталды.
«Үкімет Қазақстандағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға үлкен көңіл бөліп отырса, соның ішінде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бар. «Даму» қоры қолдаған жобалардың жалпы санының 47%-ын әйел кәсіпкерлердің жобалары құрайды. Қор өз қызметіне кіріскелі бері әйел кәсіпкерлердің құны 2 893 млрд теңге болатын 96 мың жобасына қолдау көрсетті. Қазіргі таңда кәсіпкер әйелдер өз бизнес-идеяларын іске асыруда, компанияларды дамыту мен жаңа жұмыс орындарын құруда мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланатыны қуантады», дейді ол.
АҚШ-тың Бас консулы Мишель Еркин әйелдердің қоғам мен экономиканың өркендеуіндегі айрықша рөлін атап өтті.
«Әйелдердің экономикалық құқығы мен мүмкіндіктерін ұлғайту – қоғамның алға жылжуында шешуші мәнге ие. Сондықтан біз әйелдерге лайықты жалақы төлей отырып, сапалы жұмыс орындарын құру арқылы экономикалық бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында Қазақстанмен ынтымақтасуға ниеттіміз», деді М.Еркин.
«Dasco Consulting Group» басқарушы директоры Дәрмен Сәдуақасов сауда саласындағы әйелдердің рөлі туралы сөз қозғады.
«Алматы қаласы сауда-саттықпен айналысатын әйелдер саны жағынан көш бастап тұрғанымен, олардың үлесі небәрі 52%-ды құрайды. Ұлытау және Қостанай облыстарында сауда секторында жұмыспен қамтылғандардың 67%-ы әйелдерге тиесілі. Дегенмен саудадағы әйелдердің ең аз үлесі Түркістан облысында, бұл өңірдегі көрсеткіш 47%-ға жетеғабыл», дейді Д.Сәдуақасов.
Сондай-ақ ол жалпы экономикаға қарағанда сауда секторында жоғары білімді әйелдердің үлесі әлдеқайда жоғары екенін атап өтті. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар жұмыспен қамтылған әйелдердің үлесі экономикада 38% болса, сауда секторында 49%-ға жетеді. Керісінше, саудада арнаулы техникалық және кәсіптік білімі бар, жұмыспен қамтылған әйелдердің үлесі 45% болса, бұл көрсеткіш Қазақстанда 56%-ды құрайды».
Мысалы, «Halyk» қоры отандастарымыздың тұрмысын түзеуге хал-қадерінше атсалысып, жыл сайын өңірлердегі әлеуметтік жобаларға миллиардтаған теңге бөліп келеді. Aл «Ayala» қоры 2010 жылдан бастап елдегі балалар өлім-жітімі көрсеткішін екі есеге төмендетуге қолұшын соза отырып, БҰҰ-ның тұрақты дамуының 17 мақсатының біріне («денсаулық пен әл-ауқат») қол жеткізу үдерісіне қатысты.
«Дәл қазір Қазақстанда қайырымдылықпен айналысатын 23 мыңнан аса ҮЕҰ тіркелген. Біз басқа қорлармен бірлесіп, қайырымдылық саласын жақсартуға бағытталған ұсыныстар беруге дайынбыз. Содан кейін осы ұсыныстарды әрі қарай жетілдіру мақсатында құзырлы мемлекеттік мекемелерге жолдаймыз», деді «Halyk» қорының басқарушы директоры Нариман Әбілшайықов.
«Әйелдер көшбасшылығының жасампаздық қағидаты жылдар бойы ел экономикасы мен қоғамдағы түрлі көзқарасты белсенді түрде өзгертіп келеді. Әйелдер әлеуетті отандық қайырымдылық ұйымдарын жылдар бойы басқара отырып, өз бизнестерін де қатар дамытып, мемлекеттің көкейкесті әлеуметтік мәселелерін шешуге көмектесіп келеді», деді «Ayala» қайырымдылық қорының негізін қалаушы әрі президенті Айдан Сүлейменова.
Сөз кезегі тигенде «Coca-Cola» Орталық Азия мен Кавказдағы өкілдігінің коммуникациялар және тұрақты даму жөніндегі директоры Александра Акирман шалғай ауылдарда тұратын әйелдердің іскерлігін қолдауға бағытталған жобалар мен оның нәтижелерін баяндады.
«The Coca-Cola Foundation» қайырымдылық қорының қолдауымен Қазақстанда 12 жыл қатарынан жүзеге асырылып келе жатқан «Өсу қадамдары» жобасы ауылдағы әйелдер бизнесі тақырыбын кеңінен насихаттауға және Ауыл шаруашылығы министрлігінің ауыл кәсіпкерлеріне арналған несиелер бойынша жеңілдік мөлшерлемелерін енгізуге ықпал етті. 11 жыл ішінде 75 мыңнан аса әйел бизнес негіздеріне тегін оқытылды. Ұйымдастырушылардың бағалауы бойынша, пандемиядан бері ғана – 5 мың жұмыс орны бар 3 мыңнан аса шағын бизнес құрылды», дейді компания өкілі.
Сонымен Алматыда өткен жыл сайынғы «Womеn in Business» іскерлік форумы жаһандық пандемиядан кейінгі ең ірі басқосуға айналды десек, әсіресөз болмайды. Қонақтарға тиімді нетворк, сапалы контент, бірегей кейстер мен іскерлік ортаның ең өзекті ақпараттары ұсынылды.
АЛМАТЫ