Жақында жетісулық бір топ қаламгердің баспадан жаңа шыққан кітаптары Алматыдағы Ұлттық кітапханаға тарту етілді. «Жетісу: кітап керуені» жобасы аясында ұйымдасқан кешке біз де куә болдық.
Игілікті іс-шарада 2006 жылдан бастап Алматы облысы әкімінің қолдауымен шыққан, кейінгі жылдары Жетісу облысының әкімінің бастамасымен жарық көрген қаламгерлер мен сазгер, суретшілердің 300 дана кітабы Ұлттық кітапханаға сыйға тарту рәсімі атқарылды. Халықаралық кітап сыйлау күні аясында өткен маңызды іс-шара жерлес ақын-жазушыларымыздың шығармаларын әдеби өмірі қайнап жатқан Алматы қаласының оқырмандарына таныстыруды, насихаттауды мақсат етті. Оқырман қызығушылығын оятқан бұл басқосуға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен аталған басқармаға қарасты С.Сейфуллин атындағы облыстық кітапхана ұжымы ұйытқы болды.
Жиналғандар жетісулық ақын-жазушылардың кітаптары қойылған көрмемен танысқаннан кейін, басқарма басшысы Қуаныш Сүлейменов сөз алды.
«Таралымы 500 дана, ең көп болғанда 1000 данадан аспайтын бұл кітаптар негізінен облыс аумағымен ғана шектеліп, аудан-ауылдарға ғана таратылатын. Яки шығармашылықтары біртіндеп шарықтап келе жатқан ақын-жазушылар өзге өңірлерге танылмай көп ретте өз қазандарында өздері қайнап жататын. Әуелі Астана қаласына жол бастап, артынан Алматыға ат басын тіреген «Жетісу: кітап керуені» жобасының мақсаты да осындай олқылықтың орнын толтыру. Сондай-ақ жетісулық таланттарды басқа өңірлердің оқырмандарына таныстыру. Бұл мақсат белгілі бір мөлшерде орындалды деп айтуға болады. Соған орай осы бағыттағы іс-шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады», деген Қ.Сүлейменов көркем әдебиет және өнер саласы бойынша жарық көрген кітаптарды Ұлттық кітапхана қорына сыйға тартты.
Шынында өңірде ақын-жазушылар мен басқа да өнер адамдарының шығармашылығына қолдау көрсету бағытында жүзеге асып жатқан нәтижелі жұмыстар жетерлік. Жетісуда облыс әкімінің қолдауымен жүздеген кітап жарыққа шығып, бәрінің тұсаукесер рәсімдері өткізілді. Ақын-жазушылардың, әнші-сазгерлердің ұйымдасқан шығармашылық кештері қаншама!?
Алматы қаласына кітап керуенімен бірге талдықорғандық ақын-жазушылары мен өнер адамдарының бір шоғыры келген еді. Оларды алматылық қаламдастары қарсы алып, басқосу барысында кітап жайлы өрелі әңгіме өрбітті.
Жиналғандар алдында ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әміре Әрін мен Халықаралық Түрксой Жазушылар одағының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ұлықбек Есдәулет, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әли Ысқабай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мәдениет саласының ардагері Елеусіз Жанпейісұлы, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бақыт Беделхан, ақын Нүсіпбай Әбдірахым сөз алып, жиналған оқырманға ізгі тілектерін арнады. Сөз орайы келгенде ақын Қуат Қайранбаев жерлестерімен жолығысу қуанышына орайластырып «Талдықорғанды аңсау» деген өлеңін оқып берді.
Кітап мерекесінде жетісулық жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бақыт Мерекенованың «Алтын бесік», көрнекті сазгер Әли Алпысбайдың «Сағым», ақын Жангелді Немеребайдың «Арман аялдамасы» кітаптарының тұсауы кесілді. Одан кейін Ұлттық кітапхана директоры Бақытжамал Оспанова өздерінің айырбас-резервтік қорынан 2000 дана кітапты Жетісу кітапханаларына сыйға тартты. Қомақты сыйлықты облыстық кітапхана директоры Самал Шаяхметова қабылдап алды.
Әсерлі басқосуда Қазақстанның халық әртісі Рамазан Стамғазиев пен белгілі дәстүрлі әнші Нұржан Жанпейісов әннен шашу шашса, Д.Рақышев атындағы Жетісу облыстық филармониясының «Күреңбел» триосы өнерімен тәнті етті.
Жетісу облысы