• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Ақпан, 2024

ЖКО индексі пайда болды

105 рет
көрсетілді

Биыл іске қосылған «Index Dtp.kz» қосымшасы арқылы еліміздің әр қаласындағы жазатайым оқиғалардың және жол-көлік оқиғаларының (ЖКО) ықтималдық деңгейін тексеруге болады. Белгілі бір қалада әртүрлі жағдайларға байланысты жол-көлік апаттары көп тіркелсе, индекс жоғарылайды. Бір жыл бұрын жасалған қосымша сақтандыру мамандары мен қарапайым жүргізушілерге арналған.

Оны әзірлеуге сақтандыру сарапшысы, «Freedom Insurance» СК» АҚ бас­қарма төрағасы Азамат Керімбаев бас­тамашы болған. Нақты мысал келтірсек, Алматыда 13 ақпан күні үш автобус пен бір жеңіл көлік соқтығысып, ірі жол-көлік апатынан 17 адам зардап шекті. Салдарынан қаладағы «Index Dtp.kz» жол-көлік апатының көрсеткішін арттырып, басқа да жазатайым оқиғалармен бірге көрсеткішті 9 баллға дейін көтерді. Осы деңгей алты сағат бойы сақталып тұрды. Көрсеткіш түнгі сағат 23:00-ден кейін ғана төмендеді.

Ал оның алдында 8 ақпан күні Ас­танада қарлы боран мен көктайғақ салдарынан 250-ден аса жол-көлік оқиғасы тіркелген. Қосымша 1-7 ақпан аралығында елордадағы жазатайым оқиғалардың индексін 10 балл деп көрсетіп тұрған еді. Ал ақпан айының басынан бері «Index Dtp.kz» орташа индексі Алматыда 7,8 балл деңгейінде болды. Астанада ақпан айындағы алғашқы екі аптада апаттың орташа көрсеткіші 8,8 балды құрады. Еліміздің үшінші ірі мегаполисі Шымкентте ақпан айындағы жол апаты­ның орташа көрсеткіші – 4,2 балл.

Азамат Керімбаевтың айтуынша, индекс елдегі 40 қалада бақыланып, 1-ден 10 ұпайға дейін көрсетеді. Бұл сан неғұрлым жоғары болса, белгілі бір қалада жол-көлік оқиғасының тіркелу ықтималдығы соғұрлым жоғары. Ауа райы деректері де әрбір индекс көрсеткішінің жанында беріледі. Индекс жаңбыр, жел жылдамдығы, жауын-шашын түрі секілді табиғи критерийлерді де ескереді. Сондай-ақ қазіргі таңда қалада болып жатқан апаттар саны да есепке алынған.

«Қосымшаның көмегімен көлік иелері елдің басқа қалаларына сапарлағанда бағыт-бағдарын жоспарлай алады. «Dtp.kz» индексі еліміздегі жазатайым оқиғалардың жалпы көрінісін түсінуге және бақылауға көмектеседі. Ол жылдың, тәуліктің белгілі бір уақытында оқыс оқиғаларға әсер ететін факторларды анықтауға, олардың санын қалай азайтуға болатынын және жазатайым оқиға кезінде адамдар мен мүлікке келтірілген шығынның салмағын сараптауға сеп­теседі. Жол-көлік оқиғасы деңгейінің индексі қауіпсіз жүргізу ережелерін ұстанатын қарапайым көлік иелерін де қы­зықтыруы мүмкін. Индекс оларға өз бағыттарын нақтырақ құрып, жоспарлауға көмектеседі», дейді қосымшаны жасаушы.

Бас прокуратураның мәліметінше, өткен жылы елде 14 867 жол-көлік оқиға­сы тіркелген. Ең көп оқиға Алматы­да тіркелген, саны – 3 685. Бұл көрсет­кіш Астанадағы апаттардан 5 есе жо­ғары (745 оқиға). Ал Ішкі істер ми­нис­трі­нің бірінші орынбасары Марат Қожаев­тың айтуынша, елдегі жол-көлік оқиға­ларының негізгі себептерінің бірі – жол мен инфрақұрылымның жағдайы. Ста­тистикалық мәліметтерге сүйенсек, бар­лық жол-көлік оқиғасының 73 пайызы елді мекендерде тіркеледі. Жол апатының екінші себебі – көлік иелерінің ереже сақтамауы. 2023 жылдың басынан бері полиция қызметкерлері жол ережесін бұзған 8,2 миллионнан астам адамды ұстаған.

Ауа райы жағдайы да жолдағы апат­тардың бір себебі. Күзден көктемге дейін ауа райының қолайсыздығы жолдарда, әсіресе қалааралық бағыттарда жүруді қиындатады. Сондықтан жолдағы қауіпсіздік деңгейін бағалап алып сапарға шыққан дұрыс. Бұл тұрғыда жүр­гізу­шілерге «Index Dtp.kz» қосымшасы көмек­ке келеді.