Бүгін – 29 ақпан. Төрт жылда бір келеді. Бұл жыл – 366 күнге созылып, «кібісе» деп аталады. Біз аса мән бермеуіміз мүмкін. Бірақ дәп осы күні дүние есігін ашқан жандар «нағыз» туған күнін тағатсыздана күтеді. Бүгін – қарағандылық озат оқушы, өнерлі өрен Айару Жандосқызының да туған күні.
М.Жұмабаев атындағы мектептің 6-сыныбында оқитын Айару Серік – оқуда озат, өнерге де жақын. Бала кезінен биге қатысқан. Бірнеше халықаралық жарыстардың жеңімпазы – «Шолпан» би-ансамблінің ең үлгілі бишісі. Теннис ойнауға тез бейімделген балдырған бос уақытында волейболды да ойнайды. Әнді де әуелете шырқайды.
– Айару ақпанның 28-інен 29-ына қараған түні сағат 00:20-да дүниеге келді. Отбасымызбен көп ойланып, 28 ақпан деп жаздыруды өтініп сұрадық. Себебі туған күнінің төрт жылда бір келетінін түсінбей, көңіліне ала ма деп ойладық. Барлық бала туған күнін асыға күтеді. Айару да ай санап, туған күнін алдын-ала жоспарлап жүреді. Қандай сыйлық күтетінін айтады. Сол себепті, біз төрт жылда бір рет қана атап өтпей, жылда түнгі 12-ден соң құттықтауды дәстүрге айналдырдық. Басында толғатқанда іштей тілеген едім, дәп осы күні дүниеге келмесе екен деп. Бірақ Алланың дегені болды. Сосын өзім де аман-есен босанған соң, қуандым. Ерекше күні дүниеге келді ғой, оның үстіне тұла бойы тұңғышымыз. Қызымыздың тағы бір ерекшелігі солақай. Ән де айтады, би де билейді. Жұлдызы жарқырайтынына сенеміз, – дейді Айарудың анасы.
«Қазір волейбол мен теннисті доғара тұруға тура келіп тұр. Өйткені мен Назарбаев мектебінің емтиханына дайындалудамын. Оған қоса, үйдің үлкені болғандықтан, екі бауырым мен сіңіліме қарап, анашыма көмектесемін. Әкем мені мақтан тұтатынын жиі айтып, болашағыма үлкен сенім артады», дейді туған күн иесі.
Астрологтер 29 ақпанда дүниеге келген адамдар таңдаулы, талантты әрі ерекше қабілетке ие екенін айтады. Егер жан-жағыңызда бүгін дүниеге келген Айару секілді жақыныңыз болса, құттықтауды ұмытпаңыз!
Қарағанды облысы