• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 29 Ақпан, 2024

Әуелбек Зәуірбек: Су саласының шаруасы шашетектен

332 рет
көрсетілді

Қоғамның әл-ауқатына әсер ететін бастапқы ортаның сарқылуы мен лас­тануына байланысты гидрологиялық қатер қоюланып барады. Халық пен экономиканың өсу үдерісін ескергенде, 2040 жылға қарай Қазақстанда су тапшылығы 12-15 млрд текше метрге жетуі мүмкін. Қазіргі уақытта трансшекаралық өзендердің су қорын пайдалануда да өткір проблемаларға тап болдық. Сондықтан Мемлекет басшысы су тапшылығы тақырыбын халықаралық мінберлерде, жұртшылыққа үндеуінде үнемі көтеріп келеді. Күрмеуі қиын сала төңірегінде Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Су ресурстары және мелиорация кафедрасының профессоры, техника ғылымдарының докторы Әуелбек Зәуірбек ой тарқатты.

– Көрші мемлекеттер су саласында нақты мақсат қойып, белсенді жұмыс істеп жатқанда, біздің оңтүстік аймақтар құрғақшылық қаупінен әлі арыла алмай отыр. Жаңадан құрылған Су ресурс­тары және ирригация министрлігінің де жұмысы әзірге ойдағыдай нәтиже бермеді. Бұрын бұл саламен әртүрлі мекеме айналысып, әрқайсысы өз білгенімен әрекет етті десек, енді жаңа ведомствоның бірыңғай стратегия құрып, су жағдайын жете түсінетін маман-кадрларды топтастыра жұмыс істеуге шамасы жетпей жатыр. Бұл түйткілдің шешімі қандай?

– Рас, су шаруашылығында проблемалар жылдар бойы қордаланған. Ал тиісті министрліктің құрылғанына көп болған жоқ. Осы күнге дейін шешімін таппаған проблемаларды бірден реттей қою әсте күрделі. Кәсіби мамандарды табу, оларды әр бағыт бойынша бекіту шешуші шарт екеніне қарамастан, министрліктің штаттық кестесі мен құрамы әлі толық қалыптаспаған. Су шаруашылығы саласында қызмет еткен кәсіби мамандардың көпшілігі басқа саланың мамандарымен алмастырылғаны белгілі. Мысалы, Су ресурстары комитеті Ауыл шаруашылығы министрлігі құрамында болғанда суды реттеу және басқару кәсіпорындарында ветеринарлар, агрономдар, тіпті педагогтар жұмыс істеді. Бұған қоса мамандардың біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу жөнді жүзеге аспады.

Су ресурстарын басқару мәселесі агроөнеркәсіп кешенінің өркендеуіне байланысты шешілетін болып, сәйкес бағдарламаның бір бөлігіне айналған кезде бар. Шын мәнінде, су ресурстарын басқару мәселесі агроөнеркәсіп кешенінің құрамында емес, керісінше болуы керек қой. Одан кейін бұл сала «жасыл экономика» құрамына енгендей болды. Қысқасын айтқанда, су шаруашылығы саласының мәселелері бір мекеме құзырына енді ғана жиналып жатыр. Дегенмен судың зиянды әсерлерімен күресу әлі де басқа ведомствоның – Төтенше жағдайлар минис­тр­­лігінің құзырында қалып қойды. Су ресурстары және ирригация министрлігінің осыған дейін не ғылыми зерттеу, жобалау институттары, не құрылысты жүргізу мен су нысандарын пайдалану сұрақтарымен айналысатын арнайы мекемелері болған емес. Су ресурстары комитетінің түрлі министрлік құзырында болуына байланысты су шаруашылығы жеке-дара шешілетіндей көрініп, жүріп жатты. Қазақ Су шаруашылығы ғылыми зерттеу инс­титуты арнайы мекеме болса да су ресурстарын зерттеу мәселелерімен айналыспайды. Мекеме негізінен мелиорация саласына ден қойған. Себебі тікелей тапсырма жоқ, өз бастамасымен бұған бет бұрмайды. Шын мәнінде, мекеме судың құралуы мен өзгеру үдерістеріне және ол туралы зерттеулерді экономика сала­ларына пайдалану, су ресурстарын басқарудың әлеуметтік, экологиялық және экономикалық мәселелерін шешуге атсалысуы қажет. Осы бағыт үшін арнайы мамандандырылған зертханалар мен кадрларға, заманауи материалдық-техникалық база қалыптастыру ісіне көңіл бөлінгені және мемлекеттік тапсырыстар берілгені абзал.

Су көздерінде құралатын су мөл­ше­рінің саны мен сапасын есепке алу министрлікпен және «Қазгидрометпен» жүргізіледі. Қазір «Қазгидрометтің» де жағдайы мәз емес. Нарық жағдайына өту оларды да тұралатып кетті. Су ресурстарының саны мен сапасын өлшейтін гидрологиялық бекеттер саны кеміді. Оларды қалпына келтіру енді ғана қолға алынатын сияқты. Сонау соғыс жылдарының өзінде көрші Тәжікстанда мықты су бекеттері салынған еді. Ал біздің қазіргі жағдайымыз соғыс кезіндегіден де нашар. Су кадастры мәселесіне де біртіндеп мойын бұра бастадық. Бірақ кадастрлардың сапасын тексеретін тиісті мекеме де жоқ секілді. Қазір жербеті сулары мәселесімен Алматы қаласындағы География және су қауіпсіздігі институты және біраз жоғары оқу орындары айналысады. Ал жерасты су ресурстары мәселелері Гидрогеология инс­ти­тутына қарасты.

Қазақстанның өз аумағында құра­ла­тын су ресурстары орташа есеппен 56,5 текше км болса, трансшекаралық өзендермен іргелес көрші елдерден келетін су ресурстарының көпжылдық орташа мөлшері – 44 текше км. Суды экономиканың барлық саласы пайдаланады. 2020 жылғы деректерге қарағанда, салалар бөлінісі бойынша тұрмыстық-коммуналдық қызмет – 1 276, өнеркәсіп – 5 675, ауыл шаруашылығын сумен қамту – 441, суару – 12 377, көлдетіп суару – 5 001, жайылымды сумен қамту 2 001 млн текше метр тұтынған. Суды алу көлемі мен режімін есепке алу ойдағыдай жүргізілсе де пайдаланған суды – ағынды суларды есепке алу, оларды тазарту, нақты мөлшері мен режімдері көп жағдайда назардан тыс қалып жатады. Ал суару саласында олар тіпті жөнді өлшенбейді және есепке алынбайды десе де болады. Су шаруашылығы дегеніміздің өзі – есепке алу, зерттеу, пайдалану, қорғау және судың зиянды әсерлерімен күресу мәселелерімен айналысатын ғылым мен техниканың маңызды саласы.

– Мемлекет басшысы елді сумен қам­тамасыз ету ұлттық қауіпсіздік мәсе­­ле­сімен бірдей екенін айтты. Яғни суды тиімді пайдалану барлық сала­ға қатысты. Суды үнемдеп тұтыну мәде­ние­тін қалай қалыптастырамыз? Бұл тұр­ғыда қай елдің тәжірибесіне сүйен­ген жөн? Қандай озық технология­лар суар­малы су тапшылығын төмен­де­туге сеп­тігін тигізе алады?

– Республикамызды сумен толық қамтудың екі жолын айтуға болады. Біріншісі – су ресурстарын ұлғайту, яғни жербеті және жерасты су ресурстарының мөлшерін жоғарылату. Біз әлемдік су теңдестігінің құрамдас бөліктеріне әсер ете алмаймыз. Әлемдік деңгейде мұндай іс-шараларды іске асыру жолдары әзірге жоқ. Дегенмен өңірлік тұрғыдан мұндай жағдай қарастырылуы мүмкін. Көрші елдердің су ресурстарын саралап көрсек, суға бай мемлекет – Ресей. Мысалы, суды сату жөніндегі Ресейдің Су ресурстары ғылыми зерттеу институты директорының көзқарасын келтіруге болады. Оның пікірі Ресей суды сатқан, сатып жатыр, келешекте де сата береді дегенге саяды. Ал судан түсетін пайда мұнай өнімдеріне қарағанда бір саты жоғары табыс әкеледі. Сібірден әкелінетін судың өзіндік құны (өткен ғасырдағы Сібір суларын Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне тарту жобасы) 1 доллар болған. Енді бір сатыға жоға­ры­ла­са, ең кемі 10 доллар болатын түрі бар.

Сумен қамтудың екінші жолы – оны пайдалану мөлшерін қысқарту арқылы деңгейіне әсер ету. Яғни су ресурстарының трансшекаралық өзендермен келетін су мөлшерлерінің төмендейтінін ескере отырып, жергілікті өзен ағындыларын тиімді әрі оңтайлы пайдалану. Бұл жерде әңгіме жаппай суды үнемдейтін заманауи озық технологияларды пайдалану мен келешекте суды пайдалану мөлшеріне шек қою жөнінде болып отыр. Жалпы алғанда, қазіргі кезеңдегі экономика салаларының суды пайдалану көлемі әрі қарай өспеуі керек. Нақтырақ айтқанда, экономиканың әр саласының өркендеуі өздеріне белгіленген шекті мөлшер деңгейінде болуы шарт. Сонда ғана елімізді сумен қамтамасыз ету проблемасы шешілмек. Ескеретін жайт, жайылымды сумен қамту, дәстүрсіз энергия көздері, сауықтыру (оның ішінде суды су көздерінен тікелей алатын курорттар мен санаторийлер, демалыс орындары және басқалар, сонымен қатар су денелерінің өзін тікелей пайдаланатын спорт пен туризм және басқа да нысандар), балық шаруашылығы (оның ішінде суды су көздерінен тікелей алатын тоғандық балық шаруа­шылығы), табиғи кешендер (оның ішінде дүниежүзілік және мемлекеттік маңызы бар қорықтар мен ерекше су нысандары, батпақтар мен өзен атыраптары, ішкі су көздері – теңіздер мен көлдер), басқа да суды пайдаланатын кішігірім кәсіп­­орындар, іргелес мемлекеттердің суға деген сұраныстары мен талаптары, өзендер бойындағы жағалық жерлер мен пішендіктер және басқа да су жібері­­лімдеріне қатысты нысандардың қажет­тілігі әлі толық қамтамасыз етілмей отыр. Сондықтан олардың су пайдалану дең­гей­лері едәуір артады. Осы жөнін­де Ресей Гидро­логиялық институты дүниежүзі елде­рінің су ресурстарының қолжетімді мөл­шер­лері мен су пайдалану деңгейлерін зерт­тей отырып сценарийлер жасаған. Сөйтіп, келешекте дамыған елдерде су пай­далану қысқарса, даму жолындағы елдер­де су пайдалану деңгейі арта түсетіні анық­т­алған.

Суару саласы да осы шарттарды іске асыруы қажет. Суды пайдалану көлемі 12 текше км-ден әрі қарай өспеуін қадағалау керек. Яғни ең бірінші кезекте суды пайдалану тиімділігі кем дегенде екі есе өсуге тиіс. Сонда қазір 1,5 млн гектарға жуық жерден алынатын өнім мөлшері 3 млн гектар жерден алынатын өнімдердей болар еді. Ол үшін ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіріп баптау технологиясын дәл іске асыру талап етіледі. Мұның бір жолы – фермерлерді озық технологияларды пайдалана алатын дәрежеге жеткізу. Және әрбір облыста үлгі тұтарлық агрофирма таңдалса, оның базасында озық технологияны іске асыру көзделсе және солай болуына әдістемелік көмек көрсете алатын, жұмыстарға тікелей қатыса алатын ғалымдар бригадасы жасақталса, олардың еңбекақысы белгіленсе, құба-құп. Суды пайдаланудың, дақылдарды баптаудың озық технологиялары қолданылса, дақылдардың өнімділігі де өседі. Сонымен қатар әр өңірге қазір ұсынылған ауыспалы егіс шарттары да қалпына келтірілгені жөн. Суармалы егіншілікте қолданылатын заманауи озық технология­лар бойынша жаңбырлатып, тамшылатып және аэрозольді бүркіп суару жөнінде ғылыми зерттеу институттарының белгілі ұсыныстары бар. Сондай-ақ тұздылығы жоғары суларды пайдалана алатын дақылдар да кездеседі. Ең қажеттісі – әрбір климаттық-аумақтық, рельефтік ерекшеліктері мен топырақ түрлеріне және басқа факторларға байланысты өсімдік (оның ішінде бау-бақша мен жүзім, тағы басқалары) пен мал шаруашылығының лайықты және жерсіндірілген, маман­дандырылған бағыттарының ұсынылуы. Мұндай шараларға суды қажет етпейтін немесе аз қажет ететін дақылдарды таңдау, ондай дақылдардың өнімділігі жоғары жаңа сорттарын шығару жатады. Суару саласының дамуына мүмкіндік бар. Бірінші кезекте суды пайдаланудың пайдалы әсер коэффициентін 0,51-ден (шын мәнінде 0,40-дан аспайды) ең болмағанда 0,75 дейін, ал келешекте 0,85-0,90-ға дейін жеткізу қажет. Содан кейін ғана сол үнемделген су көлеміне сәйкес жаңадан суармалы жерлерді игеру, озық үлгілерді пайдалану тиімді. Сонымен қатар субсидияны егер фермер не болмаса басқа су тұтынушы дақылдардың өнімділігін арттырған немесе суды үнемдеген және өзінің белгілі жер бөлігінің мелиора­тивтік-экологиялық ахуа­лын жақсартқан жағдайда берген дұрыс.

– Ұзақ талқыдан соң жуырда әупі­рім­­­­мен Су ресурстарын басқару жүйе­сін дамыту тұжырымдамасы қабыл­дан­ды. Бұл су саласында жылдар бойы жиналған проблемаларды жоюға қан­ша­лықты ықпал ете алады?

– Қойылған міндеттің пайымына терең бойламай, тек жоспарды орындау үшін жалаң, атүсті әрекет ету – қашанғы әдетіміз. Мәселен, елімізді қант өнімдерімен қамтамасыз етіп, сыртқа тәуелділіктен арылу үшін Президент Жетісу облысында қант қызылшасы алқаптары қажеттігін айтты. Яғни суды пайдалану жоғарылайды деп тұжырымдаймыз. Бұл ретте Қ.Тоқаев Балқаш көлінің ахуалының нашарлауын да атап көрсетті. Ауыл шаруашылығы министрлігі болса, дереу қант өнімін ұлғайтудың жоспарын жасап үлгерді. Былайша айтқанда, қант өндіру жобасы су ресурстарының бүгінгі жағдайы мен келешегі қандай болатыны және қоршаған ортаның ахуалы қалай өзгеретіні ескерілмей, біржақты жасала салды. Осы секілді Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы да шикі, жартыкеш болып шықты. Мәселен, келешекте су ресурстарына тәуелді болмау үшін 20 шақты су қоймасын салу көзделген. Ал олардың жобасы әлі жоқ. Сондай-ақ су қоймаларының экономикалық тұрғыдан тиімділігі, әлеуметтік, экологиялық аспектілері, методологиялық негіздері белгісіз. Тұжырымдамадағы тағы бір орынсыз көрініс – қазір еліміздің үш жылдық мерзімге Халықаралық Аралды құтқару қорын басқару құқығына ие болып отырғандығын пайдаланып, Солтүстік Арал теңізінің деңгейін әрі қарай көтереміз деген ұстаным. Сонда бұл басқару мерзімі өткеннен кейін теңіз деңгейі төмендей береді, ал мемлекет қаржысы босқа шығын болады дегенді білдіре ме? Ал су ресурстарын қайдан іздейміз? Сырдария өзенінде суды пайдалану дең­­гейі 100 пайыз­дан асып кетті емес пе? Су ре­сурс­­­тары комитетінің бұрынғы төрағасы Қырғызстанмен келіскенін, бұл ел бізге қосымша су беретінін айтты. Бірақ еліміз сол кездері өзіне тиесілі су мөлшерін де ала алмай қалды.

Саланы дамыту бағдарламасы да сан мәрте өзгерді. Әлі де толыққанды емес. 2014 жылы Су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бағдарламасы жасалды. Одан соң қаржысы дұрыс есептелмеген деген сылтаумен ол бағдарлама істен шықты. Ал сол құжатты Су ресурстары комитеті қазақстандықтардың шамасы жетпейді деген көзқараспен шетелдік мекемеге жүктеген еді. Шетелдік фирманың Қазақстанның су шаруашылығы саласын, оның жағдайын қалай топшылағанын кім білсін. Соңында мемлекет қаржысы текке шығын болды.

– Орталық Қазақстан мен елорда­ның басты су артериясы – Қаныш Сәт­баев атындағы каналда сорғы стан­­са­лары жұмысының тиімділігі 30 пайыз ғана. Үлкен Алматы каналы пай­да­­лануға берілгеннен бері 40 жыл жөн­деу көрмеген. Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыс­тарында магис­тралды және шаруа­шы­лықаралық каналдардың тозығы жетіп, нәтижесінде, судың 40 пайызы далаға кетіп жатыр. Су шаруашылығы инфрақұрылымының құрылысы мен реконструкциясын тиімді жүрізудің жолы қандай?

– Кеңес одағы кезіндегі теңдесі жоқ ірі кешенді гидротехникалық құрылғылар қазір өлместің күйін кешуде. Сәтбаев каналы суды Ертіс өзенінен 450 метр биіктікке көтеретін 22 сорғы стансалары мен су бөлгіштері және су қоймалары бар тұтас шаруашылық жүйесін құрайды. №5 сорғы стансасының арынды құбырларының диаметрі 3 м, үш сызықты жүйенің біреуі ауыстырмалы қызмет атқарады. Бүгінге дейін су шаруашылығы басшылары мұндай керемет жүйенің қадірін түсіне алмай жүр. Орталық Қазақстан мен трасса бойындағы су тұтынушыларды және Астана қаласын қосымша түрде сумен жабдықтап отырған бірден-бір су шаруашылық жүйесінің ахуалы ауыр. Құрығанда құлып сатып алуға шамасы келмейді. Егер күрделі бір ақау шыға қалса, Қарағанды қаласы мен сол маңда орналасқан кешенді өндіріс орындары сусыз қалатынын басшылықтар сезбейтін сияқты. Әйтпесе Орталық Қазақстанның бүкіл алып нысандарын сумен қамтамасыз етіп отырған жүйені осындай төзгісіз жағдайға душар етер ме еді? Бұл жер қаншама инженер-гидротехниктің қалыптасып, шыңдалуына, су саласы кадрларының түзілуі мен өркендеуіне, ұжымдарды басқару мен құрылыстарды жүргізу технологияларын игеруіне тікелей ықпал етті. Су шаруашылығы саласындағы ірі, орта және кіші құрылыс мекемелерін, сонымен қатар сол құрылыстарды пайдалану сұрақтарын шешіп, жобаларды жасайтын, ізденіс жұмыстарын жүргізетін тәжірибелі мекемелерді ұстап қала алмадық. Енді бәрін қайта жасақтау қажеттілігі туындап отыр.

– Су шаруашылығы инженерлік кадрларының дайындық сапасы 90-жыл­­­­­дардағы мамандарға қарағанда төмен. Бұрын елімізде су саласының мамандары негізінен Жамбыл гидро­мелиоративтік-құрылыс институтында және оның Қызылорда филиалында шығарылды. Бүгінде институт университетке, орта буынды даярлайтын техникумдар колледждерге айналды. Түрлі бағыт бойынша кадрлар жетіспей жатқанда жоғары оқу орындарында оқыту «су ресурстары және суды пайда­лану» секілді жалпылама тұрпатта жүргізілетіні қалай?

– Су ресурстары және суды қолдану мамандығының қазіргі заман талабына сай емес екені белгілі. Су ресурстары комитетінің бұрынғы төраға орынбасары Ә.Кешімовтің бас болуымен бір топ су шаруашылығы саласының ардагерлері бұл проблеманы жан-жақты зерттеп жатыр. Көрсетілген мамандық бізде 7 жоғары оқу орындарында дайындалады. Ерекшелігі, бір жоғары оқу орнынан екінші оқу орнына тура осы мамандық бойынша ауысуға мүмкіндік жоқ. Өйткені оқу бағдармаларында айырмашылық көп. Әр жоғары оқу орны өз жолымен жүріп, өз оқу бағдарламасын бекітеді. Бір-бірімен келісіп, ортақ мәмілеге келе алмайды. Су бағыты саласында даярлау әрқилы, бәрін бір жүйеге келтіретін оқу әдістемелік орган жоқ. Болашақ жоғары дәрежелі мамандар даярлау ісі заман талабына сай емес, елеулі өзгерістер енгізуді талап етеді. Жоғары оқу орындары бакалавр дәрежесінде мамандар даярлайды. Ал экономиканың қай саласы болсын, штаттарында бакалавр деген лауазым кездеспейді. Сонда жоғары оқу орындарының кімге, не үшін бакалавр­ларды дайындап жатқаны белгісіз. Су шаруашылығы саласындағы жұмыс орындарына инженер-гидротехник керек, ал біз бакалавр дайындап, қалай тығырықтан шықпақпыз? Сондай-ақ оқу бағдар­ламаларында курстық жұмыс немесе жоба, ең болмағанда кішігірім оқу-графикалық жұмыстар енгізілмеген. Тестілеу болашақ маманның ойлау қабілетін жояды. Ғылыми тұрғыда жазу мен пікірталас жүргізу аспектілері шет қалып бара жатыр.

– Бүгінгі таңда су саласының жағда­йын реттейтін негізгі құжат – 20 жыл бұрын қабылданған Су кодексі. Суды үнем­деуден гөрі экономикалық сипаты басым құжатты да тиісті бағытқа бұра­тын кез келген жоқ па?

– Су кодексінің жобасын реттеу­ мәсе­­лелері қарқынды жүріп жатыр. Қазір­гі таңда Су кодексінің қаңқасы құрас­ты­рыл­ғандай. Онда суды басқару мен су ресурстарын үнемді пайдалану шаралары басты нысанаға алынған. Сонымен қатар табиғатты қорғау су мөлшерлері, олардың жыл ішінде өзгеруі су режіміне сәйкес болуы көрсетілген. Суды пайдаланудың әрбір су шаруашылығы алқаптарына шегі белгіленіп, экономика салаларын сумен қамтудың реттілігі айқындалған. Мұндай талаптар жербеті өзен ағындылары мен жерасты су мөлшерлеріне де тиісті шешілді. Енді жаңа кодекс жобасында суды үнемдеу, суды қайта пайдалану жүйесін енгізу мәселесіне көңіл бөлініп отыр. Қазірдің өзінде кей өңірлерде (мысалы, Түркістан) нақты шешімдер қабылданды.

– Солтүстік Кіші Аралды қалпына келтірудегі жетістіктер Оңтүстік Үлкен Арал­дың су қоймаларын жандандыруға біраз үміт беретін сияқты. Қандай шара­лар кешені бұл үмітті шындыққа айнал­дыра алады? Сол секілді Каспий эколо­гия­сының нашарлауы проблемасына байланысты Каспий теңізі ғылыми зерттеу институты құрылып жатыр. Оның жұмысы туралы айтып берсеңіз.

Солтүстік Кіші Аралды қалпына келтіру мәселесі күмәнді. Сондықтан Оңтүстік Үлкен Аралды жандандыру шындыққа жанаспайды. Себебі Ауғанстан Әмудария өзенінен су алатын үлкен канал салып жатыр. Ол іске асқан кезде Орталық Азия мемлекеттеріне, әсіресе Өзбекстанға көп шығын келтіреді.

Каспий теңізінің ғылыми зерттеу инс­титуты сол аймақтағы және сол маңдағы су шаруашылығы мен экологиялық ахуал­ды зерттейтін болады. Теңіз суынан буланудың орташа көпжылдық мәндері өзгеріп, су ресурстарының ластануы артады. Қоғамның даму қарқынымен Каспий теңізінің су балансының құрамдас бөліктеріне әсері артады. Осылайша, уақыт өте келе болжамды перспективалық кезеңдердегі тепе-теңдік деңгейі (теңіздің орташа көпжылдық деңгейі) төмендейді. Суы ағынсыз көлдердің (теңіздердің) су теңдестігінен аттап өте алмаймыз. Яғни теңізге келіп құйылатын су мөлшерлері мен оған түсетін жауын мөлшерлері булануға жұмсалады. Біз булану мөлшерін тоқтата алмаймыз. Жауын-шашын мөлшері тұрақты десе де болады дегенмен, келешекте төмендеуі мүмкін. Сонда келіп құйылатын су мөлшерлері кеміген сайын, теңіз суының деңгейі де төмендей береді. Бұл гидрологиялық заңдылық.

Жалпы, келешекте суды үнемді пайдалану қағидасын ұстанған жөн. Кері жағдайда еліміздің су ресурстарын басқару жағдайы бұдан бетер күрделене түседі. Сол кезде Арал теңізі мен Арал­маңы проб­­лемасына Балқаш көлі, басқа да ірілі-орталы-кішілі көлдер мен құнды қорықтар қосылады. Жер бетіндегі су көздерінің ластануы артып, жерасты су көздерін де ластанудан қорғай алмауымыз мүмкін. Оған қоса халықты таза сумен жабдықтау мәселесі де ушығып кетуі әбден ықтимал.

– Ой-пікіріңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»