• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Наурыз, 2024

Үнем шығыннан сақтайды

93 рет
көрсетілді

Қызылордада Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ауыл шаруашылығы құрылымдары өкілдерімен кездесіп, вегетация кезеңіндегі болжамды су көлеміне сәйкес егін егу мәселесін талқылады. Кездесуге су үнемдеу технологияларын қолдануда тәжірибесі бар кәсіпорын өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың, су шаруашылығы ұйымдарының, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары қатысты.

Аграрлық сала облыс эконо­ми­ка­сының негізгі бағыттарының бірі екенін атап өткен облыс басшысы кейінгі жылдары Сыр диқандары су тапшылығының зардабын тартып келе жатқанын айтып өтті. Был­тырғы егіс науқанын да шаруа­лар қиын жағдайда өткізді. Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауымен қабылданған су тапшылығының алдын алу шаралары арқылы ғана диқанның үміті ақталды.

«Өткен жылы егіс көлемі 4 800 гек­тарға ұлғайып, 193 400 гектар жерге егін егілді. Осының ішінде 89 мың гектар күріштің әр гектарынан 56,5 центнерден өнім алынды. Саланы субсидиялауға 14 млрд теңге қаржы бөлінсе, 224 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Ауыл ша­руа­шылығының негізгі қорына са­лынған инвестиция 20 пайызға өсіп, 12 млрд теңгеге жетті. Биыл да қол­дау шаралары жалғасады. Бірақ дария деңгейі вегетация кезеңінің оңай болмайтынын көрсетіп тұр», деді аймақ басшысы.

Министрдің айтуынша, 6 ай ішін­де жаңа «Су кодексі» жобасы әзір­лен­ді. Су тапшылығына қара­мастан, ел эко­номикасына пайда әке­лу, тұрғын­дардың күнделікті жағ­дайын жасау және экологиялық мәсе­лелерді шешу се­кілді 3 бағытты қамтыған құжат қазір Пар­ламент қарауында жатыр.

«Үкімет су үнемдеу техноло­гия­ла­рын енгізетін шаруа қожа­лық­­тарын қол­дау арқылы тығы­рық­тан шығуды жөн көреді. Там­шы­латып және жаңбырлатып суару технологиясын енгізген шаруа­шылықтарға субсидия 50%-ға, ал ұңғыма қазғандарға 80%-ға дейін ұлғайтылды», деді Н.Нұржігітов.

Кейінгі 60 жыл ішінде еліміздегі су көлемі 12,5 шаршы шақырымға азай­ған. 2040 жылға дейін де 12-15 шаршы шақырымға кемитіні болжанып отыр. Сондықтан 2 жыл ішінде 3,5 мың шақырым ирригация жүйесіне есеп құралдары қойылуы керек. Осы арқылы 500-600 млн шаршы метр су үнемдеуге болады. Кездесуде еліміздегі 15 шаршы шақырымнан аса жерасты суларының 2 пайызы ғана пайдаланылып отырғаны айтылды. Министрлік осындай мол суды ауызсу ретінде пайдалану бағытындағы шараларды қолға алады.

Облыс әкімі шаруашылықтар тарапынан өндіріске жаңа технологияларды енгізу өте баяу жүріп жатқанын еске салды. Есесіне ма­гистралдық каналдардағы суды қала­ғанынша пайдаланып, артық күріш егетіндер азаймай отыр. Сон­дықтан да жауапты мекемелер бөлі­нетін су көлемін қатаң бақылап, ысы­рапқа жол бергендер заң аясында жауап беруі керек. Бұл талап Қызылорда қаласы мен аудан әкімдеріне де қатысты. Жоспардан тыс дақыл еккендерге су беріп, талапты сақтағандарды тапшылыққа ұрындыруға болмайды.

Жиында «Арал-Сырдария» бас­сейндік инспекциясының басшысы Қай­рат­бек Сәрсенбаев, облыстық ауыл шаруа­шылығы және жер қатынаста­ры басқармасының бас­шысы Талғат Дүй­себаев, «Қаз­сушар» кәсіпорны Қы­зыл­орда фи­лиалының директоры Рол­лан Ахметов, Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерт­­теу институтының басқарма төр­ағасы Сұлтанбек Тәуіпбаев, Қа­зақ су шаруа­шылығы ғылыми зерт­теу институты бас­қарма төр­ағасының орынбасары Нұрлан Бал­ғабаев, Қазақстанның Еңбек ері, «Таң ЛТД» серіктестігінің бас­шысы Имамзада Шағыртаев, «Soil Solution» ЖШС директоры Рау­шан Нұралы, «OMAD Start» ком­па­ниясының құрылтайшысы Шахо­биддин Каромов, «BNK Group» ком­­паниясының құрылтайшысы Нияз­әли Бейсенбаев баяндама жасап, су ресурстарын тиімді пайдалану бағытында ұсыныс-пікірлер айтты.

 

Қызылорда