Алматыға жақын маңдағы елді мекендерден нәпақа тауып, білім іздеп келетіндер саны толастаған емес. Соңғы он жылдан бергі қала агломерациясының кеңеюіне жүйесіз көш-қон бірден-бір себеп болып отыр. Соның салдарынан қала тұрғындарының саны жыл сайын 70 мың адамға артып, әлеуметтік саладағы сапалы қызметке сұраныс күшейді.
Әсіресе мектеп пен балабақшаның жетіспеушілігі өткір мәселеге айналды. Ата-аналар балаларына сапалы білім беру үшін қолайлы орта іздеп, әбігерде жүр. Қала әкімдігінің дерегінше, биылғы оқу жылында 30 мың орын тапшылығы байқалған. Ал мектептерге жыл сайын 12-14 мың бала оқуға келеді.
Жақында №41 мектепте орын алған жағдайдың себебін қалалық білім басқармасының мамандары оқушы орнының жетіспеушілігімен байланыстырды. Басқарма басшысы Ләззат Жылқыбаеваның айтуынша, қазіргі кезде 870 бала оқитын мектепте екі ауысымда 1 426 оқушы білім алып жатыр. Аталған білім ошағындағы орын тапшылығын шешу үшін биыл Самғау-2 шағын ауданда 2 000 орындық жайлы мектептің құрылысы басталған-ды.
Мәселенің мәніне үңілсек, әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаға қарағанда, гардеробтан киімдерін алуға барған оқушылар тар жерде қысылып, бір-бірін басып кете жаздаған. Осының салдарынан оқу үрдісін дұрыс ұйымдастыра алмаған мектеп директоры қызметінен кетті. Мектепте мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған, абырой болғанда, оқиға салдарынан оқушылар зардап шеккен жоқ. Бұған дейін осыған ұқсас жағдай қаладағы №5 мектепте орын алған еді. Мектепте киім алуға таласып қалған балалардың әрекетінен оқушы жарақат алған болатын. Аталған мектеп 860 орынға арналған болса, қазір онда 2 257 бала оқиды.
Мектептер жетіспеушілігі мәселесі Алматы агломерациясын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарында қамтылды. Осы орайда қала маңындағы елді мекендерге 2028 жылға дейін 36 мектеп салу көзделген. Бұл қалаға жақын аумақта орналасқан мектептердегі үш ауысымда білім беру мәселесін толықтай шешуге ықпал етеді. Мұнымен қоса күрделі жөндеумен қамтылатын мектептер саны 6 пайызға ұлғайып, оқушылар мен мұғалімдер үшін неғұрлым қолайлы әрі қауіпсіз жағдай қарастырылмақшы.
Қалалық әкімдіктің мәліметінше, мектептердегі орын тапшылығы мәселесін шешу үшін қазіргі кезде білім ошақтарының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы екі жылда 37,1 мың орындық 22 мектеп ашу көзделіп отыр. Бүгінгі таңда 23,1 мың орындық 13 мектептің құрылысы басталған. Жеке инвесторлармен 12 мың орынға арналған 8 мектеп салу және сатып алу бойынша меморандумға қол қойылып, мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында 2 мың оқушыға лайықталған 1 мектеп салынатын болады.
Қазіргі кезде қалада 200-ден астам мемлекеттік, 100-ге жуық жекеменшік мектеп бар. Онда 320 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр. Мамандар Алматыда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы нәтижелі іске асатын болса, мектептердегі орын тапшылығы 6 мыңға дейін төмендеуі мүмкін деген болжам жасайды. Ұлттық жоба аясында мектептердің жаңа технологиялармен жабдықталуы, оқушылардың жеке шкафтармен қамтамасыз етілуі көптеген түйткілді мәселенің шешімін тарқатпақ. Бүгінде Алматыда мемлекеттік орта және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында «Кешенді қауіпсіздік жүйесі» жобасы іске асып отыр. Қазіргі уақытта Алматы қаласында 400-ден аса мемлекеттік ұйымдарда және мемлекеттік білім беру ұйымдарында мамандандырылған күзет және бейнебақылау жүйесі бар. Былтырғы жылдың соңынан бастап қала мектептерінде бейнебақылау камераларын, дабыл түймелерін жаңарту жұмыстары басталғаны белгілі. Қазіргі уақытта 200-ден астам мектеп пен 10 интернат қауіпсіздік жүйесімен, 215 ұйым 11 831 бейнебақылау камерасы, 215 дабыл түймесі, оқушыны тану мүмкіндігі бар 400-ден аса турникетпен қамтылған. Мамандар алдағы жылдарда ұлттық жоба аясындағы мектептерде IT шешімдер мен заманауи жабдықтар оқушылар қауіпсіздігін толыққанды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп сендіреді.
АЛМАТЫ